Жаңалықтар

Алматы облысында 7 индустриялық аймақ құрылып жатыр

ortcom.kz

Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ОКҚ алаңында мәлімдеді.

Алматы облысы экономикасының үштен бір бөлігінен астамын  өнеркәсіп өндірісі мен агроөнеркәсіп кешені құрайды. Көлемі 1,5 трлн теңгеден астам өнеркәсіптік өндірістің шамамен 90%-ы өңдеу секторына жатады. Олардың ішінде көлемнің үштен екісі тамақ өнімдерін, сусындарды  және темекі өнімдерін өндіруге тиесілі. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ОКҚ алаңында мәлімдеді.

Оның хабарлауынша, Алматы облысы көкөніс шырындарын өндіруде республикалық көлемнің – 80%, балмұздақ пен алкогольсіз сусындар өндірісінің – 61%, сүзбенің – 49%-ын ала отырып, жетекші орынды иеленеді.

«Өндіріс көлемін ұлғайту үшін жетекші әлемдік компаниялар тартылуда. «Pepsi Co» компаниясы 300 жұмыс орынын құра отырып, құны 175 млн доллар болатын Lays чипстер шығаратын зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Облысымыз құрылыс материалдарын өндіруде де негізгі орынды алады: гипсокартонның республикалық көлемнің 80%-ы, сэндвич-панельдердердің 43%, болат құбырлар мен профильдердердің 25%-ы бізде шығарылады», – деді облыс басшысы.

Биыл «Технониколь» компаниясы құны 44 млрд теңгені құрайтын еліміздегі жылу оқшаулағыш материалдарының ең ірі өндірісін іске қосып, 220 жұмыс орны ашылды. Бұл ішкі нарықтағы сұраныстың 20%-н жауып, импортқа тәуелділікті азайтады.

Еңбекшіқазақ ауданында вольфрам өңдеу бойынша Қазақстандағы алғашқы зауыттың ашылуы отандық тау-кен өнеркәсібі үшін тарихи оқиға болды. 300 млн долларды құрайтын жоба 1 мың жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 3,3 млн тонна руданы өңдеп, 65% вольфрам концентраты алынады. Бұл еліміздің әлемнің сирек кездесетін металдар нарығындағы орнын нығайтады.

Сонымен қатар, қазан айында «Baoxin Metall», «Datang», «Dayu Irrigation» компанияларымен металлургия, инфрақұрылым, ирригация салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы келісімдерге қол қойылды. «Орталық Азия – Қытай» 11-ші ынтымақтастық форумына қатысу жасыл даму мен тұрақты инфрақұрылым үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.

«Өндірістік күштер мен еңбек ресурстарын үйлесімді орналастыру үшін жалпы ауданы 2 296 га болатын 7 индустриялық аймақ құру жұмыстары жалғасуда. Олар экспорттық өндірісті дамытуға және инвестиция тартуға бағытталған. Мысалы, «Береке» индустриялық аймағында жылына 25 мың тонна қайта өңдеу қуаты бар «Fruit Art» жеміс-көкөніс өнімдерін мұздататын сублимациялық зауыт салынды. «Қайрат» аймағында инвестиция сомасы 150 млрд теңгені құрайтын 26 компания орналастырылды, 3560 жұмыс орны құрылмақ. «Қазыбек бек» және «Шелек» индустриялық аймақтарының жобалық жұмыстары аяқталуда. Қалған үш индустриялық аймақтың  негізгі бағыты агроөнеркәсіптік кешенді дамыту болып табылады», – деді спикер.