Жаңалықтар

Шымкентте көшеде іш киіммен жарнамаға түскен тұрғын жауапқа тартылды

istockphoto.com

Сотта тұрғын кінәсін мойындап, өкінетінін, өзіне қатаң жаза қолданбауын сұрады

Шымкентте көшеде іш киіммен жарнамаға түскен тұрғын жауапқа тартылды. Бұл туралы Шымкент соттарының Telegram-дағы арнасында хабарланды. 

Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала тұрғынына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі (қоғамдық орындарда айналасындағыларға құрметпен қарамауды бiлдiретiн, қоғамдық тәртiп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын әрекеттер ) бойынша әкімшілік іс қаралған.

"Е. 2024 жылдың қараша айында Шымкент қаласындағы Әл-Фараби алаңында орналасқан Shymkent Plaza сауда үйінің алдында жартылай жалаңаш күйде іш киіммен жарнамаға түскен", - делінген хабарламада.

Сотта тұрғын кінәсін мойындап, өкінетінін, өзіне қатаң жаза қолданбауын сұрады.

"Е.-нің әкімшілік құқықбұзушылық әрекеті әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама, түсініктеме және іске тіркелген бейнежазба арқылы бекітілген", - делінген сот хабарламасында.

Сот тұрғын өз әрекетінің құқыққа қарсы сипатын сезініп, саналы түрде жол бергендіктен әкімшілік құқықбұзушылықтарды қасақана жасаған деп танып, оған 5 (бес) тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындады.