Бокстан Азия чемпионатында әйелдер арасында 5 қазақстандық алтынға таласады
Сәрсенбік күні Қазақстан ерлер құрамасынан 9 боксшы финалдық кездесулерін өткізеді
Таиландтың Чиангмай қаласында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатында сейсенбі күні әйелдер арасында финалдық жекпе-жектер өтеді.
Қазақстаннан бес боксшы алтын медаль үшін рингке шығады.
Виктория Графеева 60 келіге дейінгі салмақта қытайлық Цян Лимен бас жүлдені сарапқа салады.
Аида Әбікеева 63 келіге дейінгі салмақта Вьетнам өкілі Лин Хамен жұдырықтасады.
Наталья Богданова 70 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңның иесі Байсон Маниконмен шеберлік байқасады.
Гүлсая Ержан 81 келіге дейінгі салмақта украиналық Карине Айрапетянмен қолғап түйістіреді.
Аса ауыр салмақта жеребе бойынша бірден финалға өткен Елдана Талипованың қарсыласы – өзбекстандық Олтиной Сотимбоева.
Қазақстаннан Әйгерім Сәттібаева (48 кг), Жазира Орақбаева (52 кг), Ұлжан Сәрсенбек (57 кг), Милана Сафронова (66 кг) және Диана Мағауяева (75 кг) қоланы қанағат тұтты.
Алуа Балқыбекова (50 кг) сырқаттанып қалуына байланысты жарыстан бас тартса, Сымбат Әлиасқар (54 кг) ¼ финалда жеңіліп қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында Айбек Оралбайдың өзбек боксшысын қапы қалдырғанын жазған болатынбыз.