Алматы облысында дәретхана шұңқырына құлап кеткен балалар құтқарылды
Оқыс оқиға Шонжы ауылында болған.
Алматы облысында 1 жастағы ұл мен 8 жастағы қыз дәретхана шұңқырына құлап кетті, деп хабарлады turkystan.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Бір жастағы ұл бала үйдің ауласында ойнап жүрген. Ата-анасының қарауынсыз қалған бала тереңдігі екі метр кәріз құдығына түсіп кетеді. Сәбиді шығарып алуға асыққан 8 жастағы әпкесі құдыққа түскенімен, ол да шыға алмай қалған.
Құтқарушыларды балалардың ата-анасы шақырыпты. Оқиға орнына төрт минутта жеткен құтқарушылар балаларды арқанның көмегімен шығарып алған.
“Құтқарушылар шақырту орнына жедел жетіп, құтқару арқанымен құдықтан балаларды шығарды. Балалар зардап шеккен жоқ. Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды. Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне қоңырау шалыңыз”, – дейді Ұйғыр ауданы ТЖБ бастығы Рамиль Махпиров.