Жаңалықтар

Астана әкімдігінің қызметкеріне 15 млн теңге айыппұл салынды

pixabay.com

Айыппұл оған пара алғаны және есірткі сақтағаны үшін салынған.

Апелляциялық сот Астана әкімдігінің қызметкеріне қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс материалдары бойынша, ол қаладағы қоршаған орта сапасын бақылау басқармасында бас маман – мемлекеттік инспектор болып жұмыс істеген кезінде ЖШС директорынан сол компанияға тексеріс жүргізбеу үшін 250 мың теңге алған. Сондай-ақ компания басшысы бұрынғы қызметкерінің шағымына қатысты өзін жауапкершілікке тартпауды сұраған. Ақшаны алғаннан кейін мемлекеттік қызметкер шағым түсірген адамның арызы бойынша тексеріс жүргізуден бас тартқан.

Одан бөлек инспектор 0,08 грамм мөлшеріндегі психотроптық затты сатып алып, оны заңсыз сақтаған.

Астананың ауданаралық соты оны кінәлі деп танып, 15 млн теңге, ЖШС директорына 6,6 млн теңге айыппұл салды. Сондай-ақ олар өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Үкіммен келіспеген инспектордың адвокаты апелляциялық шағым түсіріп, айыппұл сомасын азайтуды сұраған. Алайда сот алқасы бірінші инстанция сотының үкімін өзгеріссіз қалдырды. Үкім заңды күшіне енді.