Жаңалықтар

Алматы облысындағы мал бордақылау алаңы шетелге ет экспорттамақ

ашық дереккөзі

Алматы облысындағы мал бордақылау алаңы шетелге ет экспорттамақ

Алматы облысындағы мал бордақылау алаңдары шетелге ет экспорттауға дайын, – деп хабарлайды 24.kz арнасы. Арнаның хабарлауынша, Алматы облысы шаруаларының көздегені – ТМД елдері мен Қытай нарығына шығу. Бүгінде бір ғана Балқаш ауданының өзінде  5 мың бас ірі қара бордақылауға арналған екі бірдей кешен жұмыс істеп тұр. Балқаш ауданы еліміздегі ең ірі мегаполистің іргесінде орналасқандықтан мұнда өндірілген ет өнімдері негізінен Алматы қаласына жөнелтіледі. Балқаш ауданының Ақдала ауылындағы мал бордақылау алаңы 2013 жылы пайдалануға берілді. Бір мезетте 5 мың бас ірі қара бордақылайтын бұл кешен өткен жылы толық қуатына көшті. Олар бір жылдың ішінде 7 мың бас мал бордақылап, Алматы мен Қапшағай қаласындағы ірі сауда орталықтарына 1,5 мың тонна ет жөнелткен. «Енді біздің кешеннің мүмкіншілігі өзіміздің республиканың ішіндегі ет өнімдеріне деген сұранысты ғана қанағаттандырып қоймай, болашақта осылай жұмыс істей беретін болсақ, ет экспорттау мүмкіншілігін қарастыратындай қуаттылығымыз бар», – дейді кешеннің атқарушы директоры Шахан Ауғанбаев. Бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің мал сою цехында тәулігіне 40-50 бастай ірі қара бауыздалады. Ет сақтайтын тоңазытқышы 120 басқа арналған. Қалдықсыз өндіріс халал стандарттарына сай жұмыс істейді. Мұнда мал негізінен Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан әкелінеді. Кешендегілер қазақтың ақ бас сиыры мен ангус, санта гертруда тұқымын бордақылағанды жөн көреді. Өйткені олар күніне 1-1,5 келіге дейін ет жинайды. Алаң толығымен автоматтандырылған. Орталықтандырылған су жүйесі бар. Науалар жылытылады. Берілетін жем-шөбі таза. Сондықтан мұнда жоғары сапалы, табиғи таза ет өндіріледі. Шаруашылық көршілес Қытай мен ТМД елдеріне өз өнімдерін экспорттауға дайын. Бақбақтыдағы ауыл шаруашылығы кооперативін құрған азаматтар 40 млн теңге несие алды. Алматы облысы бойынша алдағы уақытта 500 мыңнан астам ұсақ шаруашылық біріктіріледі. 600-дей отбасылық ферма мен мал бордақылау алаңы ашылады. Балқаш ауданында «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары да сәтті жүзеге асуда. Өңірдегі мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар өткен жылы 600 млн теңге көлемінде субсидия алған. Соның арқасында мал басы өсіп, аудандағы ірі қара саны 83 мыңға жетті. 22 мыңдай жылқы бар. Ал қой-ешкі саны 100 мыңнан асты.