Мектепке қару алып барған оқушылар ұсталды
Мектепке қару алып барған оқушылар ұсталды
Шымкентте сөмкесіне қару салып жүретін жасөспірімдер көбейіп барады. Ай басында қалада қару асынған колледж студенттері ұсталса, енді тапаншаны оқушылар да серік ете бастапты. Шымкент қалалық ішкі істер басқарамасының инспекторлары №39 мектептің 9 сынып оқушысын тапанша алып жүрген жерінен ұстап алды. Қазіргі таңда жасөспірімнен тәркіленген тапаншаға сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Тергеушілер қарудың қайдан шыққанын анықтауға кірісті. Тәртіп сақшылары жүргізген рейд барысында №2 мектептің оқушысы да қолға түсті. Ол пышақ алып, сабаққа баруды әдетке айналдырған. Бұдан былай балаларының суық қару алып жүргені үшін, ата-аналары жауапқа тартылмақ. Өйткені бұл әрекет жазасыз қалар болса, қаруға үйір жасөспірімдер қатары көбеймесе, азаймайтын сияқты. Естеріңізде болса, 2 сәуірде Шымкент қаласында «Жасөспірім» атты жедел-алдын алу іс-шарасы барысында тапанша алып жүрген екі жеткіншек ұсталған болатын. 17-дегі бозбалалардың бірінің сөмкесінен маркасы «Perestam 66» газды-травматикалық тапанша оғымен, ал екіншісінің қалтасынан «ПМ» маркалы тапанша және травматикалық қарудың оғы табылды.