Спорт

Ақтауда жарыс кезінде кикілжің шықты (ВИДЕО)

видеодан алынған скрин

Бокстан жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында шу шықты.

5 желтоқсан күні Ақтау қаласында өтіп жатқан бокстан жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты кезіндегі оқыс жағдай болды, деп хабарлады turkystan.kz.

"Аталған жекпе-жек күні Ақмола облысының өкілі Дамир Ибрагимов пен Астана қаласының спортшысы Кенесарыәмір Маржықпаев кездесуінен соң, Астана қаласының жаттықтырушысы (К. Маржықпаевтың әкесі) Ерік Маржықпаев төрешілер шешіміне наразылық білдіріп, даудың соңы кикілжіңге ұласты. Алайда эмоциясы басылғаннан кейін Ерік Маржықпаев бірден төрешілерден кешірім сұраған. Осы оқиғадан соң Қазақстан бокс федерациясы Атқарушы Комитеттің отырысын өткізді. Отырыс нәтижесінде Маржықпаев Е. бапкерлерді, төрешілерді, жарыс ұйымдастырушыларын құрметтемегені үшін және ҚР спорттық этикасын бұзғаны үшін бокстан жергілікті, республикалық және халықаралық жарыстардан 2 жылға шеттетілді. Спорт – бұл тек жарыс алаңы ғана емес, эмоцияның ортасы екенін де ұмытпаған абзал. Дегенмен, алдағы уақытта Министрлік мұндай жағдайлардың қайталанбауы және оқыс оқиғалардың алдын алу үшін нақты шараларды қолға алып, профилактикалық жұмыстарды күшейтеді", - делінген Туризм және спорт министрлігі таратқан хабарламада.

Айта кетейік, Ерік Маржықпаев – бокс саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, тәжірибесін ел игілігіне жұмсап жүрген бапкер.