T-Newspaper

Доллар неге долданды?

www.istockphoto.com

Өткен айдың аяғында кенеттен, күрт құбылған теңге бағамы әлі де ең өзекті мәселенің бірі болып тұр. Қарашаның қорытындысы бойынша теңге бағамы 5 пайызға әлсіреп, 1 АҚШ доллары 512,52 теңгеге дейін барды. Ұлттық Банк жағдайды реттеу үшін 1,047 миллиард доллар каражатты интервенцияға жұмсады. Осы айда тағы 800-900 миллион доллар бөлінетіні белгілі болды. Үкімет пен Ұлттық Банк валюта нарығындағы жағдайды, оның себебі мен салдарын, қандай шара қабылданғанын тү­сіндіруге тырысып жатыр. Дегенмен ел ішінде жиған-тергеніміз құнсызданып, тағы да қымбатшылық қыса ма деген үрей сейілген жоқ. Сарапшылар да жалпы жүргізіліп жатқан сая­сатты сынға алып, өз болжамдары мен бастамаларын ұсынып жатыр. 

Доллар, мұнай, рубль...

Ұлттық Банк пен Үкімет жасаған рес­ми мәлімдемелерге қара­сақ, тең­генің күрт әлсіреуіне нарықтағы сырт­­қы және ішкі фак­торлардың бір уа­­қытта нашарлағаны себеп болып отыр. Рет­теуші бұл өзгеріс тек біздің ел­­де ғана емес, басқа да дамушы ел­дерде байқалып отырғанын жеткізді.

– АҚШ долларының әлем бойынша нығаюы, шикізат құнының өзгеруі және әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуі сияқты бірқатар сыртқы іргелі фак­тор­дың өзгеруіне байланысты дамушы на­рықтардағы валюталардың теріс ди­на­ми­касы барлық жерде байқалады. Не­гізгі әлемдік валюталарға шаққандағы АҚШ долларының бағамын бақылайтын DXY индексі ай басынан шамамен 2,2 пайыз­ға нығайып, 106,2 пунктке дейін өсті (2024 жылғы 28 қарашада). ЕМ валю­таларының индексі ай басынан 3 пайыз­ға төмендеді, – деп айтылған Ұлт­тық Банктің 28 желтоқсандағы валюта нарығы туралы ақпараттық хабарлама­сында.  Сондай-ақ әлем бойынша шикізат бағасының өзгеруі, соның ішінде До­нальд Трамп қайтадан президент бол­­­ған жағдайда, АҚШ мұнай жет­кі­зі­лі­мін көбейтетіні, бұл дүние жүзі бойын­­ша мұнайдың арзандауына әсер ете­тіні туралы сарапшылардың песси­мис­тік болжамы тағы бір фактор ре­тін­де айтылады. Дүйсенбіде Brent маркалы мұ­най бағасы әлемдік мұнай нарығын­да­ғы сұраныс пен ұсынысқа қатысты бел­гісіздік аясында аздап төмендеп, бар­­реліне 71,9 долларға түсті. Бір жағы­нан, Қытайдың қайта өңдеу өнер­кәсі­бін­дегі PMI индексі қарашада 50,1 пункт­тен 50,3 пунктке дейін өскенін көрсетіп, елдегі іскерлік белсенділіктің қал­пына келгенін көрсетеді. Екінші жа­ғынан, Таяу Шығыстағы жағдай әлі де белгісіз күйде қалуда: Пентагон Израиль мен «Хезболла» арасындағы атысты тоқ­тату режимі сақталғанын хабар­ла­ға­нымен, Израиль әскері Ливандағы «тер­рорлық нысандарға» соққы жаса­ға­нын мәлімдеді. Мұнай трейдерлерінің на­зары 5 желтоқсанда өтетін ОПЕК+ кез­десуіне ауды, онда қаңтарға жос­парланған мұнай өндірісін арт­тыру­ды кейінге қалдыру туралы шешім қабыл­дануы ықтимал. Бұл қадам мұнай баға­сы­ның одан әрі төмендеуіне жол бермеу мақсатында жасалуы мүмкін. Тағы бір себеп – Ресей рублінің құл­дырауы. Биржада юань/рубль бағамы юань үшін 15,1 рубльге жетіп, қараша­ның басынан бері 11,2 пайызға әлсіре­ген. Ішкі фактор – шетел валютасына де­ген сұраныстың артуы, ұсыныстың шек­­теулілігі. Яғни, дүрбелеңге бой ал­дыр­ған халық пен бизнестің айырбас пункт­теріне қарай ағылуы да теңгенің әл­сіреуіне әсер еткені айтылады. Рет­теу­шінің статистикасына сүйенсек, биыл­ғы қарашадағы бір тәуліктегі орташа сауда-саттық көлемі – 238 млн АҚШ дол­лары, бұл өткен жылғы қарашадағы­мен салыстырғанда (193 млн АҚШ дол­лары) 1,5 есеге жуық артық және та­мыз-қыр­күйек­тегі көрсеткіштен едәуір жоғары. – Осы факторлардың барлығы теңге бағамына қысым түсіріп, алып-сатарлық қысымға жағдай жасай отырып, валюта нары­ғындағы теңгерімді бұзғаны және өтім­діліктің төмендігі байқалады,– деп қоры­тындылады Ұлттық Банк. Ал 2 желтоқсанда Үкімет пен Ұлт­тық Банк бірлесіп брифинг өткізді. Бри­­­­­фингте Ұлттық экономика министрі Нұр­лан Байбазаров та ахуалдың ушығуы­на доллар, мұнай, рубль кінәлі еке­нін айт­ты. Сондай-ақ реттеуші мен Үкімет қан­дай шара қабылдап жатқанын тү­сін­діріп, есеп беріп, ары қарай жағдай қа­лай өрбитініне де тоқталды.

«Айфондар» мен «Дайсондар» қымбаттауы мүмкін, бірақ дефолт болмайды»

Ұлттық Банк валюта нарығындағы ахуалға тұрақты түрде мони­то­ринг жүргізіп отырғанын мәлімдеді. Рет­­­теуші бағамды бақылай алады, бірақ ара­ласа алмайды. Яғни, бағамды бекіт­пей­ді, белгілемейді, жалпы үрдістерге ара­ласпайды, оны нарық өзі қалыптас­тырады. Дегенмен реттеуші нарыққа жанама ара­ласа алады. Ұлттық Банк жүгіне ала­тын басты құралдың бірі – интервенция. Рет­теуші қаржы тұрақтылығына қауіп төн­се, іргелі негізі жоқ шамадан тыс құ­был­малылық байқалған жағдайда та­ғы да валюта интервенцияларын жүр­гізуді жалғастыруға дайын екенін жет­кізді. Сондай-ақ валюта нарығындағы тепе-теңдікті сақтау үшін 2024 жылғы 19 қарашада Қазақстан Республикасы Үкі­метінің қаулысына сәйкес квази­мем­лекеттік сектор субъектілеріне валюта тү­сімнің 50 пайызын сатуға міндеттеу ту­ра­лы норма қайта күшіне енген бола­тын. – Қысқамерзімді перспективада тең­­генің динамикасы нарыққа қатысу­шы­лардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуал­ға және геосаяси жағдайдың өз­геруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын бол­дырмайтын және алтын-валюта ре­зервтерінің сақталуын қамтамасыз ете­тін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді, – деп мәлімдеді Ұлттық Банк. Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров та валюта нарығын­дағы жағ­дай мемлекеттің бақылауында екенін жет­кізді. Сонымен қатар ол Үкіметтің, Ұлттық Банктің және жергілікті атқару­шы органдардың инфляцияны тежеу үшін атқаратын жүйелі жұмысы жалға­сын табатынын мәлімдеді. Бұл шаралар­ға ішкі нарықты тауарлармен толық­ты­ру, бәсекелестікті қорғау, сыртқы сауда реттеуі мен тарифтерді реттеу кіреді.  Министр мемлекет әлеуметтік мін­деттемелерін орындауға ерекше назар ау­даратынын жеткізді. Барлық әлеумет­тік төлем толық, уақытылы төленіп ж­а­тыр және бұл саясат жалғасын табады. – Үкіметтің басты міндеті – халық­тың тұрмысы төмендеуіне жол бермеу жә­не кәсіпкерлерді зиян шегуден қор- ғау, – деп мәлімдеді Байбазаров. Министрдің сөзінше, бәрі жақсы, «Айфондар» мен «Дайсондар» қымбат­тауы мүмкін, бірақ дефолт туралы сөз қозғаудың өзі артық. Себебі мемлекетте бәрі бар, қаржылық жағдай да тұрақты. – Алдыңғы жылдардағы тәжірибені ескерсек, уақытша ауытқулар тұрақтана­ды. Қазақстанда сыртқы факторлардың кері әсерін барынша азайту үшін қажет құрал мен ресурстың бәрі бар, – деді ол. Министрдің оптимистік көз­қара­сы «жақсы сөз – жарым ырыс» деген сенімнен бе, белгісіз. Жал­пы, жауаптылар жағдай оңалады деп сендіріп отыр. Жақсыдан үміттенген жақ­сы, әрине. Дегенмен күдік – қауіп­сіз­діктің алғышарты екенін ескерсек, ха­лықтың үрейленуі негізсіз емес. Доллар өседі деген қауесеттің өзі елдегі қым­батшылықтың қозғаушы күшіне айна­латыны белгілі. Ұлттық Банк Төра­ғасы сұхбаттарының бірінде өзі айтқан­дай, инфляция, ең алдымен, қарапайым халыққа ауыр тиеді.

Сарапшылардың өз жауабы бар

Ал тәуелсіз сарапшылардың біразы Үкімет пен Ұлттық Банктің жүргізіп отыр­ған саясатына қатысты сын айтты. Олардың теңге не үшін әлсіреді деген сұраққа берер өз жауабы бар. Halyk Finance басқарма төрағасының кеңес­шісі Мұрат Темірханов теңгенің әлсіреуі Ұлттық Банктің саясатының тиім­сіздігін тағы бір рет көрсетті деп есептейді. Ол 2023 жылғы қыркүйекте жа­рияланған Halyk Finance зерттеуін алға тартып, онда 2016-2023 жылдары тең­ге көбінесе АҚШ доллары мен Ресей рублі бағамына тәуелді болғаны, ал басқа факторлардың әсері аз болғаны анық­талған. Зерттеудегі графикте мұ­най бағасының өзгеруі теңгеге аса бір әсер етпейтіні байқалады. Ресей импор­ты – Қазақстандағы жалпы импорттың 29 пайызы, сондықтан рубль бағамын­дағы күрт өзгерістер теңгеге жылдам әсер етеді. Дегенмен сарапшы рубльмен есеп айырысудың барлық сыртқы сауда операциясының ішінде салыстырмалы түрде үлесі аз екені, сондықтан теңгенің рубль бағамына деген реакциясы да ша­мадан тыс болмауы қажет екенін ай­тады. Ол мемлекеттің бюджет саяса­ты­ның процикликалық сипатта болуын негізгі фактор деп санайды және теңге ба­ғамын Ұлттық қордан валюта сату про­­цесін біркелкі ұйымдастыру арқылы реттеуге болатынын айтады. Мысалы, шіл­денің аяғына дейін жоспарланған трансферттің барлығы дерлік жұмсал­ған, нәтижесінде теңге бірінші жар­ты­жыл­дықта негізсіз нығайған.  – Сол кезде реттеуші нарықта бел­сен­дірек валюта сатып алып, оны қазан-қараша айларында валюта тапшылығы туындағанда сатуға пайдалануы керек еді, – дейді сарапшы.  Оның сөзінше, нарықтың теңгеге деген сенімінің төмендігі баға­мы­ның қалай қалыптасатынын түсін­беуіне байланысты. Жалпы, сарапшы рет­теуші әлдеқайда тиімді әрекет ете алар еді деген пікір айтады. Сондай-ақ дұ­рыс жүргізілген контрциклдік бюд­жет саясаты теңге бағамын тұрақтырақ етер еді деп есептейді ол.  Қазақстан қаржыгерлер қауымдас­тығы (ҚҚҚ) желтоқсанда теңгеге түскен қы­сым сақталуы мүмкін деген қоры­тын­дыға келді. Қауымдастық сарап­шы­лары­ның пікірінше, Ұлттық банктің ше­­т­ел валютасын сатуды азайтуы теңге ба­ғамын тұрақтандыру үшін қосымша қа­дамдарды талап етеді.  Валюта нарығындағы ахуал мен ал­дағы үрдістердің бағытын бағамдау үшін сарапшылардың пікірн білген едік. 

Рашид Жақсылықов,  экономист,  Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы:

Кінәні Ресейдің рублі, Трамптың саясатынан іздемеу керек...

Ең алдымен, мұнай бағасы қатты құлдырап кеткен жоқ. Егер ол 70 доллардан 40 долларға түссе, міндетті түрде әсер етер еді. Ал бірақ біз биылдың өзінде мұнай бағасы 69-67 долларға түскенін көрдік. Бір­­ақ ол теңгеге еш әсер еткен жоқ. Былтырдан бері мұнай бағасы 70 дол­лардың айналасында құбылып тұр. Үкімет те бюджетті жос­пар­лаған кезде мұнай бағасы 60 доллардан төмен болған жағ­дайда деген болжам бар.  Яғни, бұдан жоғары болса, теңгенің құнсыздануына және бюджеттің орын­дал­мауына ешқандай әсерін тигізбейтін болады. Тек мұнай бағасының құлдырауы теңгеге әсер етті деп айта алмаймыз. Валюта нарығындағы жағдайдың бұлайша қалыптасуының басты себебі – біздің эко­номи­ка­ның әлсіздігі. Экономикамыздың әртараптанбағаны. Бұл ахуал экономикамыз  негізі екі-ақ мем­лекетке – Ресей мен Қытайға тәуелді екенін көрсетіп отыр. Теңгенің құнсыздануына Ресей эко­номикасының күн сайын әлсіреуі қатты әсер етіп отыр. Экономиканың айтарлықтай үлесі бір мемлекетке байланған болуы жалпы осы бағыттағы саясаттың аса бір дұрыс бағытта емес еке­нін көрсетеді. Трамптың қайтадан АҚШ президенті болуы да дүние жүзі экономикасында үлкен толқын тудырғаны рас. Инвестициялық сын-қатер, басқа да сыртқы факторлар бар, дегенмен ең алдымен мә­селенің тамыры біздің өзіміздің нақты, жүйелі, нәтиже беретін экономикалық бағдар­ламамыздың жоқтығында жатыр. Үкімет өзіне жүктелген міндеттемелерді дұрыс атқармай отырғанын көрсетеді. Үкімет міндетті түрде экономикалық тұрақтылыққа жауап беруі керек.  Үкімет экономиканың қозғаушы күші бола аларлықтай экспорт өнімдерін өндіруді күшейтіп, тек шикізаттық мемлекет ретінде емес, оны терең өңдей алатын мемлекет ретінде қалыптасу үшін түрлі бастама әзірлеуі керек. Бірақ өкінішке қарай, Үкіметтің нақты экономикалық бағ­дар­ламасы жоқ. Бұл жерде кінәні өзімізден іздеп, кем-кетігімізді толықтырып, толтыруға амал жа­сау қажет. Біз тек дағдарыстардан шығудың жолдарын іздеумен, сол бағытта жұмыс істеумен ға­на келеміз. Экономикалық тұрғыдан алғанда, кризис – сынақ әрі мүмкіндік. Бізде болжам жасау инс­титуттары әлсіз екені осындайда байқалып қалып жатады. Болашақта Премьер-Министр тағайын­да­ғанда, оның атақ-абыройы, бұған дейін атқарған қызметтері емес, оның халықтың әл-ауқатын жақсартуға, мемлекетті дамытуға экономикалық өз бағдарламасымен келуі керек деп есептеймін.  Кри­зистен кризиске жұмыс істеу мемлекетті дамытпайды. Кінәні Ресейдің рублі, Трамптың сая­сатынан іздемеу керек...

Мұрат Қастаев, экономист:

500 теңгеден түсуі екіталай, бірақ 1 000 теңгеге жетеді деуге негіз жоқ

– Теңгенің қазіргі ахуалы – жағымсыз, бірақ заң­ды­лық. Бұл тосыннан болған ауытқу емес, сондықтан әлемдегі үрдістер мен Қазақстандағы оқиғаларды ба­қ­ылап жүргендерге бағамның әлсіреуі күтпеген жағ­дай болған жоқ. Қарашада теңгеге бірнеше теріс фак­тор әсер етті. Әр факторды жеке алғанда айтарлық­тай әсер етпес те еді, бірақ олардың барлығы бір уа­қыт­та жинақталып, теңге әлсірей бастады.  Алдымен, АҚШ-тағы президент сайлауында Дональд Трамп жеңіске жетті. Ол тек АҚШ мүддесіне негізделген қатаң экономикалық және сыртқы саясат жүргізуді көздейді, бұл АҚШ валютасының күшеюіне әкеледі. Сайлаудан кейін бірден әлемдік валютаның барлығына шаққандағы доллар бағасы қымбаттай бастады. Бұл – доллар мен теңге арасындағы теңгерімге әсер еткен алғашқы фактор болды.  Екінші фактор – мұнай бағасының түсуі. Бұл Таяу Шығыстағы геосаяси шие­леністің сейілуіне байланысты болды: Израильдің әскери әрекеттері аймақтық соғыс­қа ұласпады, Газа секторындағы әскери қақтығыстар түгел дерлік тоқтады, ал айдың аяғына қарай Ливанда бейбітшілік туралы келісім жасала бастады. Со­ны­мен қатар Трамптың Қытайға, Еуропа Одағына, Канадаға және Мексикаға қатысты сауда тарифтерін енгізу уәдесі әлем бойынша сауда мен экономика өсімін баяулатты. Бұл шикізатқа деген сұранысты азайтады және мұнай бағасының одан ары түсіреді.  Үшінші фактор – Ресейге салынған батыс санкциялардың күшеюі. Әсіресе, Газ­промбанкті санкция тізіміне енгізу Ресей үшін ауыр соққы болды, өйткені ол бас­қа елдермен есеп айырысуда негізгі арна болып қалды. Бұл банкке салынған санк­циялар рубльдің еуро мен долларға шаққанда 10 пайыздан астам әлсіреуіне алып келді. Ресейде еркін сатылымдағы валюта тапшылығы жағдайында Қазақстанға рубль ағыны күшейді, ол теңгеге айырбасталып, кейін сол теңгемен АҚШ долларын сатып алуға жұмсалды. Біздің бағалауымыз бойынша, қараша айындағы валюта саты­лымының жартысына жуығын Ресейден келген сұраныс қамтамасыз етті. Соны­мен қатар рубльдің әлсіреуі Ресейден импорттың өсуіне әкеледі, бұл теңгені одан әрі әлсіретіп, бағаның өсуін тездетеді. Ресейдегі инфляция тез өсуде, ал ресейлік тауарларды импорттау арқылы біз олардың инфляциясын да импорттап отырмыз, бұл теңгенің әлсіреуіне қосымша қысым түсіреді.  Төртінші фактор – ел ішіндегі экономикалық көрсеткіштер. Мемлекеттік бюд­жеттің кіріс бөлігі салық түрлеріне байланысты жоспардан 10-40 пайызға артта қа­лып отыр, ал шығыс бөлігі өсіп жатыр, нәтижесінде мемлекеттік бюджет тап­шылығы ұлғайып, Ұлттық қордан бөлінген трансферттер биыл 6 трлн теңгеге жетті. Мемлекет қаржысының тепе-теңдігі бұзылды, ал Үкімет бұл тапшылықты қысқарту үшін нақты әрекетке бармай отырған сияқты.  Келесі жылы Қазақстан мұнай өндіруді 15 пайызға арттыруды (Теңіз жобасын кеңейту арқылы) жоспарлап отыр және Үкімет осыдан түсетін кіріс барлық мәселені шешеді денге сенетін сияқты.  Болжам жасап, бірдеңе деу қиын, бірақ теңге бағамы қандай сыртқы және ішкі се­бептерге байланысты қалыптасып отырғаны түсінікті. Осы факторлардың өз­геруін болжау мүмкін болмаса да, оларды бақылап, теңгеге қалай әсер ететінін баға­лауға болады. Егер бұған дейін тоқталған сыртқы және ішкі факторлар өзгер­месе, теңгенің әлсіреуі қараша айындағыдай қарқынмен емес, бірақ тұрақты түрде жылына 5-10 пайызға жалғаса беретін болады. Қазіргі доллар бағамын ескерсек, 2025 жылы ол 550 теңге деңгейінен асып кету ықтималдығы жоғары. Үкімет келесі жыл­ғы бюджетте 1 долларды 470 теңге деп есептеп қойған, бірақ бұл болжамды қайта қарау қажет.  Егер теңгеге түсіп отырған сыртқы қысым азайса немесе тоқтаса, ал ел билігі мем­лекеттік бюджет тапшылығын қысқарту мен инфляциямен күресуде нақты шара­лар қабылдаса, доллар бағамы қазіргі деңгейде немесе сәл төмен тұрақтауы мүм­кін. Алайда доллар бағамының 500 теңгеден төмен түсуі екіталай. Бұл деңгейді пси­хологиялық меже деп айтуға болады, одан өткен соң қайтадан төмендеу ықти­малдығы аз. Бірақ доллар 600 немесе 1 000 теңгеге дейін қымбаттайды деген бол­жам­дардың әлі де салмақты негізі жоқ.

P.S. Қорыта айтқанда, тосыннан түрлі фактордың бір уақытта соққы беруі теңгені күрт әлсіретті. Болжам айту қиын, дегенмен, кері әсерін тигізіп отырған факторлар өзгермесе, теңге әлсірей беруі мүмкін. Жақсарса да, 500-ден түсу ықтималдығы өте аз. Ал Үкіметтен позитивті риторика байқалады.  Ал сарапшылар теңгенің құбылуы тек мәселенің салдары ғана екенін айтып, жүргізіліп отырған экономикалық саясатқа нәтиже берерлік бастамалар мен шұғыл шешімдер жетіспейтінін алға тартады. Олар қазірдің өзінде жағдайды реттеуге мүмкіндік беретін жақсырақ шешімдер қабылдауға болар еді деген пікірде. Халықтың көңілі күпті. Доллар өседі деген сөз барлығы қымбаттайды деген сөзбен қатар жүретіні белгілі. Бұл инфляцияны күтуге кері әсер ететіні түсінікті, дегенмен қымбатшылық та қысып тұрғаны жасырын емес. «Айфондар» мен «Дайсондар» қымбаттаса, қара нан мен қара су да қатар қымбаттайтыны да – нарық заңдылығы.