T-Newspaper

«Бір-бірімізден күнде кешірім сұраймыз...» – Нұрлан Өнербаев

Халық арасында Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы «Анашым» әнін білмейтін адам кемде-кем шығар. Әншінің қоңыр үнін әр қазақ таниды. Биыл Нұрлан Әлтайұлы «Түркістан облысының құрметті азаматы» атанды. Өнер жолында 46 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Өнербаев ағамыздың осы еңбегі бағаланып, Республика күні қарсаңында 1-дәрежелі «Барыс» ордені берілді.  Жақында 63 жасқа толды. Қазақтың дүниетанымында да, мұсылмандығымыз бойынша да айтулы белес саналатын мерейлі мерекесімен құттықтап, әншімен сұхбаттасып қайтқан едік. 

– «Дәл осы табиғат, дәл осы асқар тау ме­ні бала күнімнен сұлулыққа тәрбие­ле­ді. Бәлкім, менің өнерге келуіме де дәл осы табиғаттың әсемдігі жетелеген бо­лар. Әлі есімде, бала күнімде әжеме ілі­сіп тау бөктеріндегі ауылына талай ке­ліп, тау жоталарына өрмелеп, тау пияз Рауғашты шайнап, тау бүлдірген­де­рін теріп жеген кездерім. Туған же­рім­нің заңғар тауын да, гүрілдеп ағатын өзен суларын да, аршалы жоталарын да жақ­сы көрем», – деп естелік жазған екен­сіз әлеуметтік желідегі парақ­шаңыз­ға. Ауылға жиі барып тұратын секіл­дісіз?  – Иә, ауылға өте жиі барамын. Қара шаңы­рақта анам отыр. Әкей өзін 20 жыл ай­налдырған аурудан бақилық болды. Оған да біраз жыл өтті. Кейінгі кезде анамның ден­саулығы сыр беріп жүр, соған қатты алаң­даулымын. Ертең тағы ауылға кетіп бара жатырмын. Бұрын Алматыда тұрған кезде де қолым қалт етсе болды туған жерге тұра ша­батынмын. Ол кезде әкемнің көзі тірі. Ол кісі зейнетке шыққаннан кейін ақсақал­дар­дың қатарына қосылып, ауыл арасында ше­шілмей жатқан мәселелер болса, бірден маған хабарласатын. Түнделетіп көлікке оты­рып алып, ауыл қайдасың деп жолға шығатынмын. Ертеңіне тиісті адамдармен кездесіп, сөз жәрдемімді беріп, шаруаларын ше­шіп, кері қайтатынмын. Кейін Астанаға кө­шетінімді әкеме айтқанымда маған қарап оты­рып: «Е, балам, алысқа ұзап кететін бол­дың ғой» деді. Сөйтсем, жолдың алыстығын біліп, ауылға келуді сирете ме деген уайымы екен ғой.  – Сіз Астанаға алғаш қоныс аударған өнер адамдарының бірісіз. Алайда біраз жыл­дан бері Қосшыда тұрасыз, қалада­ғы жайлы пәтерді жер үйге, ауылға айыр­­бастауыңыздың сыры неде?  – Айтқаныңыздай мен Астанаға 1998 жылы алғашқы лекпен келгенмін. Ол кезде Президент оркестрінің бас әншісімін.  Содан 1999 жылы елордаға алғашқы келгендерге банк арқылы жеңілдікпен үй беріле бастады. Біз де тізімге іліктік. Сол жылы Астанадан пәтер алдық. Бірақ ауылда өскендіктен, мені жер үйге қарай тарта берді. Төрт бөлмелі үйге сыймайтынмын, қапаста отырғандай ты­нысым тарыла беретін. Мен Алматыда да жер үйде тұрғанмын, қазір онда балаларым тұра­ды. Әрине, алғашында жас маман ретін­де біз де жатақханада, пәтерде тұрдық, құр­құлтайдың ұясындай бір жарым бөлмелі үйге  қолымыз 1984 жылы жеткен болатын. Сол үйде балаларым дүниеге келді. Кейін кеңей­тіп, соңыра біржола жер үйге көштік. Ал Астанаға келгенде пәтерде тұра алмадым. Несін жасырам, Парламентте депутат болып жүрген кезімде осы Қосшының әкіміне кіріп, әйтеуір сөзім өтіп, жерге қолым жетті. Заң бойынша маған тиесілі сондай бір мүм­кін­дігім бар екен. Содан бәріне өзім кірісіп, еш­қандай құрылыс компаниясына жүгінбей, 2011 жылы үйдің іргетасын қаладық. Бес жыл­да салып бітіріп, көшіп алдық.  –Сонау 1998 жылы сіз жерден, ал Талғат Мұсабаев ғарыштан қосылып, гитарамен ән шырқадыңыздар. Сол сәтте таңдау неге «Көзімнің қарасы» әніне түсті? Осы әнмен қатар ұсынылған басқа әндер де болды ма? – Әлі есімде, 1998 жылы 10 маусымда Ас­та­­наның бір жылдық тұсаукесерін халық­ара­лық деңгейде өткізуге қызу дайындық жүріп жатқан болатын. Ол кезде Талғат Мұ­са­баев ғарышта болатын. Сценарий бойын­ша ғарышкердің құттықтау сөзін үл­кен экраннан беру керек. Бұл кезде «Ха­бар» арнасында қосымша жұмыс істей­тінмін. Маған: «Тікелей эфирде Талғат ағаға ән арнауға мүмкіндігіңіз бар, гитараңыз бар ма?» деп сұрады. Ол жылдары менің гитарам үнемі көлігімде жүретін, жұмысқа немесе студияға қалдырмайтынмын, ылғи өзіммен бірге.  Өйткені аяқ асты кездесу, шақырулар  бо­лып қалады. Содан студияда журналистер сұрақтарын қойып, ғарышкермен сұхбат жүргізіп жатыр. Негізі, мен бұған дейін Тал­ғат ағаны да, Тоқтар ағаны да танитын­мын. Қа­зақстанға ең алғаш оралғанда күтіп алған­дардың қатарында болғанмын. «Бір ән арнап жіберсеңіз» деп қолқалағанда аузыма «Көзім­нің қарасы» түсті. Бастарын бастап алдым да Талғат аға қосыла ала ма, сөзін біле ме, жоқ па деп ойлап тұрмын. Құдай оңдап, үшінші жо­лынан Талғат ағам қосылып кетті ғой. Сол сәтте қуанышымызда шек болған жоқ, мұндай трансляция сол жылдары әлемдік тәжірибеде болған да шығар, бірақ біз үшін алғашқы тәжірибе еді. Эфирден «Көзімнің қарасын» айтқан сәтті ғана көрсеткен. Бірақ мен сол күні ғарышкерге тағы екі ән арна­дым. Бірі «Қарағым-ай», екіншісі «Ауылым» әні. «Ауылымды» айтқан себебім Талғат аға тура сол кезде: «Біз Ыстықкөл мен Қапшағай­дың ортасынан Алматының үстінен ұшып бара жатырмыз» деп иллюминатордан көріп отыр­ғанын айтты. Ол кезде ғарышкердің Жерді айналып ұшып жүргеніне 7 айдың шамасы болған екен. «Ауылыңызды сағынған шы­ғарсыз, туған ауылдан сізге бір сәлем бол­сын» деп әнімді айттым. Бірақ «Ауылым­ды» айтқанымыз әлі күнге еш жерде эфирге шыққан жоқ. Арнаның архивінде бар шығар мүмкін. Ал Youtube-тен ел көріп жүрген «Қарағым-ай» әні Қытай телеарнасынан көрсетілгенде сондағы бауырларымыз интернетке салып қойған екен.

 

– Сіздің негізгі мамандығыңыз ак­тер екенін, көп жыл театрда еңбек етке­ніңіз­ді көпшілік біле бермейді. Сіз орын­дайтын «Бір бала» әні бойынша ке­зінде балаларға арналған жаңа жыл­дық фильм де түсірілді. Осы орайда фильм­дерге түсуге шақырту болып жат­қан жоқ па? – Ол кезде мен Ұлттық арнада бас дирек­тор­дың орынбасары қызметіндемін. Жаңа жыл­дың алдында «Бір бала» әніне байла­ныс­ты сценарий 2-3-ақ күнде жазылды. Қыс­қа­метражды фильмге біз отбасындағы өзекті мәселелердің бірі – әкелердің жауап­сыздығы, анасының отбасы мен жұмыс арасында екіге бөлінуі, баланың назардан тыс қалуы мәсе­лесін көтердік. Фильмді тү­сіру­дегі және бір мақсатымыз – көрермен жаңа жылда «Тағдыр тәлкегі немесе жеңіл буыңызбен!» фильмінен басқа қазақша фильм көруі керек деген ой болатын. Өз күшімізбен түсіріп шық­қан дүние елге ұнады. Біақ біз жұмыстан кет­кеннен кейін тоқтап қалды. Арада қан­ша­ма жыл өтсе де, жұрт менен осы киноны сұрай­ды. Бұл маған емес, Ұлттық арнаға қойы­латын сұрақ деп жауап беремін. Өйтке­ні ол фильм корпорацияның меншігі. Деген­мен «Бір баланы» көрсетеміз десе, ешқандай кедергі жоқ деп ойлаймын.  Ал актерлікке келсем, 1978-1980 жыл­дары Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемле­кет­тік академиялық драма театры жанын­дағы актерлер студиясын бітірген кезден бас­тап сол театрда 1991 жылға дейін еңбек ет­тім. Театрдағы жұмысыммен қатар он жыл­дай үзіліссіз дубляжда отырдым. Сөйтіп, 700-ге жуық аударма фильмдерге қатыстым. Біз дубляжға қатысып жүрген жылдары «Қа­зақфильм» киностудиясы дубляж бөлімінің ре­жиссерлігіне байқау жариялады. Сол байқауға жиырмадан астам адам қатысты. Со­ның ішінде мен екінші болып жеңіп шық­тым. «Қазақфильм» киностудиясы «Біз сізді жұ­мысқа аламыз» деп бұйрық шығарды.  Бірақ мен ол кезде театрдан кеткім келмеді. Өйткені бала күнімнен өнерге ғашық бол­ғаннан кейін театрдан басқа салаға кетуді кө­­зімізге елестете де алмайтын едік.  Тұң­ғыш­бай көкемнің тілімен айтсақ, қияли, ро­мантик болдық. Кейін театрда істеп жүріп мен негізінен музыкалық спектакльдерге бө­­­­ліндім. Осындай рөлдерімде ән айтамын. Гастрольдік сапарға шыққанда да бір-екі «әу» деп жүргенде байқағаным орындаған әнде­рім елге тарала бастапты. Содан жұрт ұнат­қан соң ана жер, мына жерге шақырады. Ән­­­­­дерім теледидардан көрсетіліп, ел мені ән­ші ретінде тани бастады. Ал театрда ер­теңгі күніміз бұлыңғыр еді. 1986 жылғы Жел­тоқсан көтерілісінен кейін жұрттың «Бұл елдің болашағы қалай болады?» деп екі­ой­лы, дүдәмал болып жүрген кезі. Театр­дың бүкіл репертуарының саясатын Мәскеу шешіп береді. Қойылатын спектакльдердің бәрі баяғы КОКП, өндіріс, әлеуметтік реа­лизм. Ал мен қияли, романтик актер ретінде тарихи тұлғаларды ойнағым келеді. Ол кезде драматургтер енді-енді жаңа дүниелер жаза бастаған кезі. Алайда театр ондай пьесаларды қабылдамайды. Үйден қалай киініп келеміз, солай сахнаға шығамыз, тіпті грим жаса­май­тын бізге. Сахнада өзіміз болып екі сағат жү­ре­міз де, қайтамыз. Ешқандай шығарма­шы­лық өсу, өрлеу, өзгеріс жоқ. Содан бір күні бізге Көр­кем­дік кеңеске Естайдың «Қорлан» әні тура­лы бір пьеса түсті. Ол кезде  театр труп­па­сы­ның жетекшісі болғандықтан бәрін мен ұйым­дастырамын. Сол пьеса қабылданса екен деп ішімнен қатты тіледім.  Үшінші құ­­рам­да болса да Естайды ойнасам деп ар­ман­дадым. Өкінішке қарай көркемдік кеңес «Қорланның әнін айтатын әртіс жоқ» деп ше­шім қабылдады. Сонда елдің алдына кон­церт қою керек кезде біз «бар» екенбіз де, пье­сада ән айтатын кезде «жоқ» екенбіз. Осы­дан кейін мен өз жолымды табайын де­дім. Тура сол кезде «Қазақ» радиосында дик­торлыққа байқау жарияланып жатқан бо­ла­тын, сонда ауысып кеттім. Бір күн істеп, үш күн демаламын. Сол үш күннің ішінде шы­ғармашылығыммен айналыса бастадым.    Театр дегенде еске түседі, маған «Қозы Көр­пеш-Баян сұлу» спектакліндегі Жантық­тың рөлі керемет ұнайтын. Қодар мен Қозы­ның арасына жік салған кереғар, зұлым кейіп­кер ғой. Актердің шеберлігін шыңдау үшін керемет образ. Шекспирдің Гамлеті сияқ­ты ғой. Қазақ драматургиясында осы кейіп­керді ойнауды армандап жүретінмін. Бірақ арман арман күйінде қалды. Алайда сол кезде театрда жүріп жатқан 14 спектак­ль­дің бәрінде кәдімгідей ортақол рөлдерім бол­ды. Оған себеп қойылымға дайындық бары­сын труппа жетекшісі ретінде бақылап, ак­терлердің ойынын қарап тұратынмын. «Мен қалай ойнайтын едім?» деп өзімнің оң жам­басыма келеді-ау деген рөлдерді жаттап, іш­тей дайындалып жүретінмін. Мені ойната ма, жоқ па, ондай ой жоқ сонда. Бірақ аяқ ас­тынан біреу ауырып қалады, енді бірі от­басылық жағдайына байланысты келе алмай қа­лады. Сондайда «Кім дайын?» дегенде шыға қоямын. Мұны театрда ввод дейді. Сөйтіп, барлық қойылымда ойнап шықтым. Осыны да қанағат тұтып, театрдан кетпесем болар еді, бірақ маған бұл аз болды. Тарихи тұл­ға­ларды ойнауды армандап жүрген кезімде он­дай мүмкіндік болған жоқ. Ал кино сала­сы­на келсек, мені түсірілімге шақырмайды. Жамбыл Жабаевтың жастық шағы туралы фильмде эпизодта ойнағаным бар. Бізде өзі былай ғой, адам бір салада елге танылса, екін­ші салада мойындай қоймайды, ха­лық­тың қабылдауы өте қиын. «Тамашаның» тар­ланы Құдайберген Сұлтанбаев жарықтық: «Ме­нің «Тамашадағы» күлкілі образым театр­да ойнайтын спектакльдеріме үлкен кедергі жа­сады» дейтін. Ол кісі драмалық пье­­саларда сахнаға шыға келсе, жұрт ду кү­леді екен. Тұң­ғышбай ағамыздың «Тама­ша­дан» ертерек аяғын тартып кетіп қалғаны да сол себепті ғой.  – Астанада театрға жиі барып тұра­сыз ба? Жас актерлерге қандай баға бе­ре­сіз? – Маған Жастар театрындағы актер­лер­дің ойындары ұнайды. Қазір театрлар өзінің ре­пертуарлық саясатын өздері шешеді. Қан­дай қойылым сұраныста, көрерменге не ке­ре­гін біледі. Жалпы, Астанада талантты жас актерлер өте көп.  – Сіз «Қазақ» радиосында бас директор, «Хабар» агенттігінде аудармашы, дубляж бөлімінің жетекшісі, кейін Қазақстан Президентттік оркесторының әншісі, Қазақстан теле-радио корпорациясы төрағасының орынбасары, Алматы қаласының Мәдениет басқармасының басшысы қызметтерін абыроймен атқарып, соңыра Парламент Мәжілісінің 4-шақырылым депутаты болдыңыз. 2011 жылдан бері шығармашылықпен айналысып келесіз. Осы уақыт аралығында қызмет ұсынғандар болған шығар?   – Менің соңғы қызметім Парламентте бол­ды. Депутаттыққа мен мемлекеттік қыз­мет­тен келдім. Парламент тараған жағдайда заң бойынша депутат қызметінен босағанда оған министр тарапынан қызмет ұсыну керек. Барасың ба, бармайсың ба, өз шаруаң, бірақ ұсыныс солай болуы керек. Біз тараған соң араға бір ай салып Қаржы министрлігінен ха­барласты. «Бізге келген тізімге қарасақ, сіз­дің екінші мамандығыңыз заңгер екен. Заң бөлімінде бос орын бар. Келесіз бе?» деді. Мен рахмет айтып, тәжірибелі заңгер емес­пін деп бас тарттым. Енді мына қызықты қа­раңыз, Парламентте бір шақырылымда бол­ған екі кәсіби заңгер білдей бір арнаға ре­дактор болып орналасты. Парадокс, иә? Ал өзі­міздің Мәдениет министрлігінен ұсыныс түс­кен жоқ. Кейін комитеттер, департамент­тер­ден ұсыныстар болды, бірақ мен ол са­лаға қайта бас сұққым келмеді. Өйткені Ал­ма­тыда әкімшілік қызметте жүргенімде өз шығармашылығым тоқтап қалды. Бұл қыз­метке келердің алдында жоспарлап қой­ған үш концертімді тоқтатуға тура келді. Ал­дымен әкімшіліктің шаруасын өткізіп алайық, мына концертті ұйымдастырып алайық деп сабылып жүргенде, шығарма­шы­лығым тоқырап қалды. Парламентте отыр­ғанда да солай болды. Әрине, мемлекет­тік қызметкердің шығармашылықпен айна­лысуына кедергі жоқ деп заңда жазылған, бірақ мемлекеттік қызметкердің этикасы деген тағы бір тармақ бар. Сол этикаға сүйе­ніп қоғамдық жерлерде, концерттерде көп көріне бермеңіз деп ескертіп қояды екен. Сол кез­де байқадым, халық мені жоғалтып алға­нын. Екіншіден, мен гаджеттің құдіретін көп­ке дейін мойындамай жүрдім. Осылай ха­лықтан алшақтап қалдым. Қазір әлеумет­тік желіде халықпен жаңалықтарымды бөлісіп отырамын.  – Әлі де сізді халық теледидардан жиі көрмейтін секілді. Түсірілімдерге шақырмай ма, әлде өзіңіз бармайсыз ба?  – Сізге дәл осы сұхбатқа келіскенімде, мені үш жерден телеарна шақырған, олардан бас тарттым. Құмар емеспін. Негізі, шақырған жерден қалмауға тырысамын. Халықпен бетпе-бет кездесудің бір жолы – жеке концерт. Алматыда жеке концертті арнайы бағдарламамен өткізу дәстүрі бар.  Мен концерттерімді араға 3 жыл салып өткізетінмін. Бұл уақыт аралығында ән қор­жы­ныңа жаңа әндер түседі. Одан бөлек, өткен кон­цертіңде орындаған әніңді тағы қай­та­ла­саң, тыңдарман қалай қабылдайды деген де ой тұрады. Оның үстіне, жыл өткен сайын адам жасармайды. Өз жасыңа лайық ән ай­туың керек. Мен 80-жылдары жастық, ал­бырт­тықпен орындаған әндерімді бүгін айта бермеймін, сұраса ғана айтамын. Бүгінде мен айтқан әндерді жас әншілер орындап жүр. Алдымнан өткендеріне рахметімді айтып, «Менен де асырып айтыңдар» деп ба­там­ды беремін. Ал рұқсат сұрамайтын­дар­дың ұяты өзінде. Осы уақытқа дейін 300-дей ән орын­даппын. Ешбір әнде менің авторлық құ­қы­ғым жоқ, өйткені мен тек орындаушымын.  Менің 60 жасым карантинмен тұспа-тұс келді. «Хабар» арнасы мерейтойға бай­ла­ныс­ты концерт болса эфирден өткіземіз деп сұ­ра­ды, әкімшілікпен келісіп, екі орын­дық­тан кейін үшінші орындыққа бір адам­нан отырғызып концерт бердім. Бірақ сах­на­да ән айтып тұрып өзім жаман қиналдым. Құд­ды біреуден жасырынып, ұрлық жасап тұр­ған сияқты сезіндім. Оның үстіне зал толы көрерменге үйреніп қалға­ны­мыз бар. «Әй, шір­кін, осыдан аман шық­сақ, 60 концерт қоя­мын» деген едім сонда. Бұл  біреудің алдын­дағы міндетім емес,  өзіме берген сер­тім еді. 2022 жылы бірден ел аралап кон­церт бе­ре бастадым. Қазақстан­ның барлық айма­ғын аралап шықтым десем де болады. Өске­мен жаққа қорқақтап бар­ған­мын, іштей қа­лай қарсы алады екен деп. Сөйтсем, өте жақ­сы өтті, халық көп жинал­ды. Семейде, Аты­рауда, Ақтауда бір күнде екі концерт өт­кіз­дім. Сөйтіп, ән кешімді Астана мен Ал­матыда қорытындыладым. Ұлытау, Көкшетау мен Қызылжар ғана қалды. Жақын жерлерге жете алмай жатырмын. Жалпы, Солтүстікке концерт беру қиындау, дегенмен көктемде Көкшетауда ән кешімді өткіземін деп жос­парлап отырмын.   – Жас әншілердің қадамын бақылап отырасыз ба? Қазіргі қазақ эстрадасы туралы пікіріңіз қандай? – Жақында патриоттық әндер байқауына  қазы ретінде қатыстым. Үш кәсіби ма­ман отырып ән тыңдадық. Іліп алар ән болмады. Сөйтсек, біз «Атамекеннің» дең­гейіндегі әнді іздеп отыр екенбіз ғой. Осыны түсінгенде барып дұрыс таңдау жасадық. Бар­лық әннің ішінен рэп қосылған, сөзінде ру­хы бар, орындау стилі ерекше ән жарқ ете қал­ды. Біз патриоттық әнді жастар үшін таң­дап жа­тырмыз. Сондықтан ән жастарға «өтетіндей», жаңашыл болуы керек.  Бүгінгі жастардың ән таңдаудағы бағыт­тары ұнайды. Жаңа толқын өсіп келе жатыр. Өзім­нің өнерде жүргеніме биыл 46 жыл бол­ды. Әр салада жұмыс істедім, сонда бай­қағаным, аға буын жастарға келгенде өзінің түсінігі мен қабылдауына сай дүниені көргісі келеді. Алайда уақыт бұрынғыны қабылдай алмайды. Сұраныс басқа. Болат Атабаев ке­зінде «Қыз Жібекті» мүлдем басқаша қойды. Біз оқыған, көрген, қабылдаған Жібек басқа еді. Бүгінде Жастар театрына барсаңыз, олар­дың қойып жатқан ойындары, пьесасы, дра­матургия сол бұрынғы. Бірақ бүгінгі стиль басқа. Өйткені пьеса көрерменге лайық­талған болуы керек.   Ал әншілік жолда бір әнің бір көрермен­нің жүрегіне жетпесе, ол бекер. Ал егер әнші­нің әр концерт сайын тыңдарманы көбейіп отырса, демек, оның бағыты дұрыс, оған сұра­ныс бар, айтып жүрген әндері жүрекке жетеді деген сөз.  – Енді әңгімемізді отбасыңызға қа­рай бұрсақ. Әр отбасында ерлі-зайыпты­лар­дың келіскен «заңдары», «дәстүрлері» болады. Сіздің жарыңыз Жанна апай екеуіңіз­дің ұйықтар алдында бір-бі­ріңіз­ден кешірім сұрайтын дәстүр­ле­ріңіз бар екен. Мұндай дәстүрді енгізуге не түрткі болды?  – Қазір елімізде ажырасу мәселесі күйіп тұр. Бұл – қоғамның үлкен жарасы. Жараның жазылуы ұзақ әрі қиын болады-ау. Жас кезде біз де шалқып-тасып, қызды-қыздымен жүз грам­датып, темекі де тартып жүрдік. Біздің үйден қонақ арылмайтын, екі күннің бірінде сың­ғыр-сыңғыр бокал соғыстыру. Тіпті, бір бөлмедегі үлкен шкафтың іші толған аузы ашыл­ған шөлмектер болатын. Әр қонақ кел­ген сайын жаңа бөтелке ашып, екі рюмка құй­ған соң қала берген. Солай жинала бер­ген ғой, әлгі бөлмеде бөтелкеден аяқ алып жү­ре алмайсың.  Құдай өзі кешірсін, осының бәрінен өттік. Қылтың-сылтыңның бәрін 2009 жылы Парламентте депутат болып оты­рғанымда тыйдым, намазға жығылдым. Бір­ден қажылыққа барғым келді. Қазіргі тілмен айтсақ, үлкен бір трансформациядан өттім. Өйтпеске амал жоқ, үлкен ұлым үй­лен­ген, кіші ұлым мектеп бітіргелі жатыр. Балаларымның күнделікті тамағын, киімін, жүріс-тұрысын қамтамасыз етіп отырға­ным­мен оларды 24 сағат қадағалап отыра алмай­сың. Қайда жүр? Ортасы қандай? Достары кімдер? Не істеп жүр? Оларды шылбырмен ұстап отыра алмайсың. «Не істеу керек?» де­ген­де әке балаға ісімен өнеге көрсетуі керек деген тоқтамға келдім. Бала әкенің айтқанын емес, көргенін жасайды. Демек, менің өзгеруім керек. Әйелім екеуміз де бір мезгілде намазға жығылдық, бізден көріп үлкен ұлым, одан көріп кіші ұлым намазға келді. Қазір, шүкір, балаларым қайда жүрсе де алаң­дамаймын, жүрегім тыныш. Өйткені олардың ортасын білемін.  Бала кезімізде біздің үйде бала көп бо­ла­тын. Әсіресе, демалыстарда әкемнің іні­ле­рі­нің балалары, әпкемнің балалары қосылып он шақтымыз шұбырып жүреміз. Үлкен әжеміз бар, ше­шеміз үйдің шаруасында. Әкем шопыр. Сон­да бір үйде жұмыс істейтін жалғыз әкем ақ­ша­ны қалай жеткізді? Сон­шама бала-ша­ғаны қалай асырады? Анамыз ерте тұра­ды, кеш жатады. Күні бойы тан­дыр­ға нан жа­бады, ошаққа тамақ пісіреді, кір жуады, есік алдына еккен егінді қарайды. Бәрі­не үл­гереді.  Таң атқанда жұмысқа кеткен әкей кеш қараңғысында бір-ақ келеді. Сонда шешеміз «Маған көйлек әпермедің», «Мына жаққа қыдырмадым» деп те бетіне басқан емес. Мұндай ойлар біздің де миымызға кіріп шықпайтын. Жыл сайын 1 мамырда қалаға барып қыдырып келетінбіз. Парадқа қаты­сып, киоскіден балмұздақ, лимонад сатып алып, пирожки жеп, қалған 20 тиынға кино кө­ріп қайтушы едік. Сол жетеді бір жылға. Ал қазір әйелің мен балаңды аптасына бір рет сауда орталығына апарсаң, азсынады, 3 күн сайын апарсаң, мәз болады.  Саналы әйел отағасының тапқанын қа­на­ғат тұтады. Жалпы, әйелдің өмірдегі басты мис­сиясы – өмірге бала әкелу, оны тәрбиелеу. Одан артық әйелде ешқандай міндет те, па­рыз да жоқ. Біз қыздарымызды өз қолы­мыз­бен бүлдіріп алып отырмыз. Бір емес, екі-үш оқу орнын бітіреді, ұзатар кезде дипломы бар, қызметі бар деп аяғын алтын, басын жақұт, қолын гауһар қыламыз. Осыны кей қыздарымыз көтере алмай, отбасында кикілжің шықса, қайтып келеді. Әке-шешесі де «Қызымызды бағалай алмадыңдар» деп ажыратып алады. Сосын неге бұлай болды деп бас қатырып отырады. Қазақ «Баланы жастан, әйелді бастан» деп бекер айтпаған. Ба­сынан әйел өз орнын білсе, күйеуінің тап­қанын қанағат қылса, жоқтан бар жасаса, ол отбасы берік бола түседі. Ата-баба жолын қай­тарсақ, отбасы институтын сақтауға бо­ла­ды. Мал таппайтын еркек болмайды. Со­ны құрау, жеткізу, ұқсату – әйелдің ақыл-пара­сатына байланысты.  Енді басты сұрағыңа оралсақ, иә, әйелім екеуміз ұйқыға жатар алдында бір-бірімізден кешірім сұрап, ұйқыдан тұрғанда амандаса­мыз. Бұл дәстүрді бастаған әйелім. Алғашын­да естіген достарым күлді, бір төсекте ұйық­тап қалай ертеңіне амандасуға болады деп. Жас келген сайын таңертеңгі сұрағымыз да сал­мақтанып келе жатыр. «Қалай ұйық­та­дың?», «Бала-шаға аман ба?» дейді әйелім. Өйткені мен бұрыннан ерте тұрамын. Таңғы 5-6-да оянып, балаларға хабарласып, жағдай­ларын білемін. Алматыдағы немерелерім таңертең балабақшаға бара жатып, келе жа­тып видеомен менімен сөйлесуі керек. Бұл – бұзылмайтын қағида. Содан сұрайтыны ғой «Балалар қалай?» деп.   Ғұламалар да айтады ғой кешір деу адам­ға қиын соғады деп. Жалпы,  кешірім сұрау деген адамның кішіпейілдігі, өзін жеңуі, тә­кап­парлығын басуы, қазіргі тілмен айтсақ өзі­мен жұмыс істеуі ғой. Адам кешірім сұра­ғаннан кішірейіп қалмайды, ең абзалы өкпе-ренішті, ашуды жүрекке жеткізбеген.  – Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ