T-Newspaper

«Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсы

29, 30 қараша мен 1 желтоқсанда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасында «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының таныстырылымы өтті. Операның дайындық жұмысы кезінде Ұлы даланың орта ғасырлық дәуірін зерттеуші тарихшы мамандарынан кеңес алған. Алтын Орда хандық дәуірі тари­хы бойынша зерттеуші отандық және шетел­дік ғалымдар Нұрлан Атығаев, Ильнур Мир­галиев және Ілияс Кемалоглуның ескерт­пе­лері назарда болған. Н.Атығаевтың «Хан Сұл­­тан – Хорезмшах-Ануштегиндер мемле­ке­­тінің билеушісі Мұхаммедтің қызы және Шың­ғысханның әйгілі қарсыласы Жәлелет­дин­нің қарындасы. Ол 1219 жылы моңғол әс­керлері Хорезмді талқандағаннан кейін Шың­ғысханның қолына түскен. Ұлы моңғол им­периясының билеушісі бұл текті әйелді өзінің тұңғышы Жошы ханға соғысқа қосқан үлесін мойындау белгісі ретінде бер­ген. Хан Сұлтан Жошы ханның көп то­қа­лының бірі болып қалмады. Ол өзінің тек­тілігінің, ақылдылығының және көркі мен сымбатының арқасында оның әйелі атан­ды», – деп тарихи түсінік берген. Өзінің шық­қан тегін, Жошы сарайындағы орнын жақсы білген және оны жоғары қойған Хан Сұлтанның Алтын Орда тарихынан алатын орны, әрі қарай дамуына тигізген ықпалы сөзсіз назар аударуға тұрарлық және көрер­менді сарғайған тарих қатпарына қайтадан тереңірек үңілуге жетелейді.

Опера шығарманың басты кейіпкері Хан Сұл­танның атымен аталған жаңа туын­ды­ның авторлық құрамы бірнешеу. Олар – пье­са авторы жас қаламгер Алмас Нүсіп болса, сол пьеса негізінде либретто мәтінін поэти­ка­­лық тілмен өрнектеген белгілі ақын Ма­рал­­тай Ыбыраев. Композиторы Хамит Шаң­ғалиев, музыкасын өңдеуші Әлібек Әл­пиев, опера музыкасын оркестрге өңдеуші Асхат Хасенов. Бұрыннан қалыптасқан бір автордың аты көрсетілетін композитор не­месе либретто авторы жаңа операда бірнеше есім­дерден құрам табуы бұл авторлар тобы­ның шығармашылық ұжым болып жұмыс іс­тегенін көрсетеді. Бас-аяғы 3 айда жаңа опе­­­­раны дүниеге алып келу, оны сахналау шы­ғармашылық ұжымға оңай шаруа бол­мағаны анық. Десек те, жаңа басшының ұжым­ды жігерлендіруі, шығармашылық жо­баның сәтті болатынына сенімділігі маңыз­ды рөл атқарған.  Академиялық музыка мамандарының ортасына есімі аса таныс емес nouneym ком­по­­­зитор Хамит Шаңғалиев жайлы дерек бе­ре кетсек, ол Орал қаласында педагогика уни­верситетін музыка пәнінің мұғалімі де­ген мамандықпен бітірген, 2003 жылдан бас­тап Астана қаласында композиторлық, про­дюссерлік қызметпен айналысып келеді. Оның композитор ретінде салмақты жұмыс­тары қатарына Түркістен музыкалық драма театрының сахнасына жазушы-драматург Дулат Исабековтың «Бөрте» драмасының, Ермек Аманшаевтың либреттосы бойынша қойыл­ған «Қорқыт» пластикалық спек­так­лі­нің музыкасын жазғандығы құлағы түрік кө­рер­мендер есінде. Бұдан басқа компо­зи­тордың шығармашылығы «Сұлтан Бейбарыс» балеті, эстрадалық хит әндердің авторы ретінде танылған. 

«Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсында 20-ға жуық ірілі-ұсақты вокалдық партиялар бар. Әр кейіпкердің бойындағы мінез-құлқы мен іс-әрекеті және жинақталған образы му­­зыка тілінде, музыкамен сипатталар ха­рак­тері арқылы ашылады. Автор негізгі кейіп­керлердің музыкалық образы мен дра­матургиялық желісін ашуға барынша күш салған. Операның, барылық кейіпкерлерінің жан дүниесін ақтатар музыкалық тілі – рече­та­тивке құрылған. Либретто мәтінінің үйле­сім­ді ұйқасын композитор декламация жа­сауға қолайлы ырғақта беруге тырысқан. Басты кейіпкер Хан Сұлтанның музыкалық обра­зын сомдауда біраз еңбектенгені көрі­неді.  Хан Сұлтан мен Жошының арасында­ғы қарым-қатынасты сипаттайтын сахналар тым жұпыны шыққан. Екеуінің ара­сындағы түсіністікті бейнелейтін лири­ка­лық сахна, дуэт жоққа тән. Есесіне бірінші бө­лім­нің үштен бір бөлігін құрайтын жара­лы Жошының өлетін сахнасы созылыңқы, музыка арқылы аша түсуі керек екенін опе­ра­да анық көрінеді. Жошы мен Шағатайдың ана­сы Бөртенің, Хан Сұлтанның әжесі Түр­кен қатынның, Тайшы шебер мен оның әйе­лі, кейін Хан Сұлтанның қызметшісі бо­ла­тын Қайшаның музыкалық образдарын көре­міз. Операның ерлер орындайтын пар­тияларындағы дауыс ерекшеліктері бөлінуі­не дауымыз болмаса да (бас дауысты да қо­су­ға болар еді), әйелдер құрамындағы дауыс­­тардың кейіпкерлер мінез-құлқы мен сах­надағы іс-әрекетіне байланысты тиімді бө­лінуі назарда болуы керек еді. Операда бар­лық әйелдер партиясы сопрано дауысқа жа­зылғандай жоғары регистрде естіледі. Ком­позитор әр алуан статустағы кейіп­кер­лер­дің аражігін ашып, сол дауыс табиғатына сай бөліп беруде олардың мол мүмкіндігін то­лық пайдалана алмаған секілді. Болмаса бас немесе меццо сопрано дауысына да жақ­сы жататын түрлі кейіпкерлердің образын сомдауға болар еді. Ал қазақ операсының сахналық нұсқа­сын жасауға белгілі италиялық режиссер Да­виде Ливермордың шығармашылық тобы шақырылыпты. Бұл режиссерді қазақ көрер­ме­ні белгілі драматург Дулат Исабековтың «Бөрте» драмасын Түркістан облыстық му­зы­­­­калық драма театрының сахнасында қоюы­­мен жақсы біледі. Әлемге танымал Ла Ска­­ла, Сан-Карло, Испания Корольдік опера­сы, Сеул, Сидней опера театрларымен шы­ғар­­машылық жобалар жасаған, Лучано Па­ва­ротти, Пласидо Доминго секілді әлемге та­нымал опера жұлдыздарымен жұмыс істеген режиссердің есім-сойы белгілі.  Театрдың жетекші әртістерінің, сим­фо­ниялық оркестр мен хордың қатысуымен та­рихи дәуір шынайы сахналанды. Халық­ара­лық деңгейдегі танымал өнерпаздардың кол­лаборациясымен жасалған опера өні­мі­нің негізгі тақырыбы отандық тарихтан сыр шертеді және барлық орындаушылар құрамы Ұлттық опера театрының ұжымы. Бұл бағыт­тағы театрдың жұмысы құптарлық.  Заманауи үлгідегі сахналық технол­о­гия­­лармен спектакльді әрлеуі қойы­лым­ның ажарын ашып тұр. Бұл – заңдылық. Кәсіби мамандар жиналып жасаған спек­такль­дің визуалдық сырт келбетінен кез кел­ген көрермен таңданарлықтай көріністер мо­лынан кездеседі. Операның қоюшы сурет­шілері: Элеонора Перонетти, Паоло Джеп Кукко, Давиде Ливермор, жарық жөніндегі сурет­шісі Гаэтано Ла Мэла, бейнеконтент D-WOK спектакльге қосқан үлесі зор. Деко­ра­цияның орнына қолданылатын бейне­кон­тент материалдарының тізбегі оқиға өтетін ор­нына байланысты суреттерге жасанды ин­теллектінің жетістіктерін ұтымды пайда­лан­ған. Декорациялық шешімдер техника жетістігімен, арнайы эффектілер беретін (дыбыстық, флексбок, жарық, видеоарт) жол­мен шешім тапқан. Операның костюм жө­ніндегі бас суретші Айнұр Ерiмбетова өз­дерінің бар шеберліктерін сала еңбектен­генін, арнайы операға деп тігілген әр алуан, қарағанда көз тоятындай костюмдердің үл­гі­сін көрдік. Қоюшы құрамның жұмы­сы­нан осы салада еңбектеніп жүрген өзіміздің жас кәсіби мамандардың оқып үйренетін тұстары да жеткілікті.  Жарық партитурасында отырған маман­дар­дан біздің осы бағытта жұмыс істейтін ре­жиссер, жарық беруші мамандар үйре­нер­лік үлгі бар. Әсіресе, операның кіріспесінде орта ғасырлық құжаттардың сүгіреттері, со­ғыс­тан кейін күлге айналған қала мен өр­тенген дала көріністері өте әсерлі.  Жаңа ұлттық операда Алтын Орданың өр­кен­деп өсуіне негіз болған, алып Ұлысты Ислам дініне ресми түрде қабылдауына се­беп­кер болған Беркедей ханның анасы – Хан Сұлтанның басынан кешкен жайын баян­дайды.  Ұлттық опера және балет театрының қа­зақ опера кеңістігіне бұрын белгісіз есім­дерді (композитор, либреттист) танытқанын бұл қойылымның жетістігіне балаймыз. Заман талабына сай жастардың арасынан шық­қан музыканттар мен ақындардың қазақ операсын жасауға белсенді араласуы бұл салаға жаңа серпін береді. Опера либреттосы тілінің көркемдігі, поэ­тикалық нәрлілігі бөлек әңгіме тақырыбы бола алады деген ойдамыз. Бұрын опера түгі­лі драма сахнасында пьесасын көрмеген ақын Маралтайдың кезінде ақын ағасы Ха­мит Ерғалиевше либретто мәтінін жазуға тар­тылуын хош көрдік.  Жаңа қойылымның кемшін тұстары да бар­шылық.  Операның драматургиясында, кейіп­керлерінің жүйелі даму жо­лын­да олқылықтар көрініс берген. Автордың опе­ра­дағы Жошы мен Шағатай арасындағы тар­тыстың негізі етіп көше баласының ше­кіс­кені секілді болмашы өкпелеу төңірегінде (мә кәмпит, кәмпитімді қайтар!) жеңіл қақ­­­­­тығысқа құрған. Спектакльдің алғашқы сах­наларында көрініс беретін Шыңғыс қаһан Хан Сұлтан жайын естіген сәттен іздеу са­лады. Жорықта түскен олжаны ұлдарына бө­ліп беретін де бас қолбасшы. Осы бағыт­тағы деректердің драматургиялық желісін автор оңтайлы тарқатып бере алмаған.  Опера либреттосындағы оқиға фабула­сы­ның өрбуі мен кейіпкерлер желісінің кей тұс­тарының аяқсыз қалатыны, үзілетіні на­зар аудартады. Біздіңше операның бірінші бөлігі Жошы мен Хан Сұлтанның үйленуімен аяқ­талып, Жошының аңға шығуы, жарақат алуы, өлуі, одан кейінгі оқиғалар желісі екін­ші бөлікке ауыстырылса, оқиға жүйелі да­мыған болар еді. Осы сахнада композитор му­зыкалық материал етіп барша қазаққа танымал халық күйі (Кетбұқа жыраудың күйі) «Ақсақ құланнан» жарты такті болса да цитата келтірмеуі тіпті көңілге сыймайды. Негізі, бұл күй бүкіл операның лейтмотиві болуға әбден жарайтын мәңгілік туынды. 20 минутқа жуық жүретін осы сахна, одан кейінгі Жошы ханды еске салатын басқа кейіпкерлердің партияларын біріктіретін ортақ лейтмотив тақырып, музыкалы-драматургиялық әуен жоқ, бір сарындас тер­мелеген речитацияны тыңдауға мәж­бүрміз. Бұл енді автордың композициядан жіберген кемшін тұстары. Оның қасында Шыңғыс қаһан сахнада екі мәрте көрінсе де салмақты, ірі, оқиғаның алдыңғы легінде тұрғандай әсер береді. Хан Сұлтанды алғаш көргендегі сар­баздардың кекетуі, Жошы мен Шағатайдың қақтығыс сахнасындағы екі жақ сарбаздарының әрекетінің жүйелі ойластырылмауы, қақтығысты Бөртенің шешуі – режиссердің асығыс жасаған жұмы­сын көрсетеді.  Композитордың басты назар аударған мәселесі речитацияны барлық кейіпкерлерге қол­дануы, арияларға жекелеген партияларда ғана басымдық беруі ойлантады. Бұл заман үде­рісі, заманауи операның тілі десек те, клас­сикалық үлгідегі есте қаларлықтай бас кейіп­кердің музыкалық портретін бейне­лей­тін, вокалист-әншінің кең тыныспен тұщына айтатын орталық арияларының болмауы таңыр­қатты. Жібекті – Жібек, Абайды – Абай, Біржанды – Біржан етіп тұрған да олар­дың кез келген сахнада жеке-дара орын­дала беретін танымал ариялары мен әндері. Бұл қай кездің операсы болмасын, қай дәуір­дің композиторына болмасын қойылатын басты шарт. Жаңа операда тарихи кейіпкер­лердің ән-ариялары да халықтың құлағынан кіріп бойға тез тарайтын әдемі, сүйікті әуен­ болғаны дұрыс еді. Опера театры өзінің табиғаты, тарихи дамуы барысында синтетикалық өнер ретін­де көптеген өнердің басын біріктіруімен қа­лыптасты, күні бүгінге дейін даму үдерісі барысында заман тудырған барлық техни­ка­лық жетістіктерінің бәрін бойына сіңіріп, дәстүр жалғастығын әрі қарай дамытуды қа­жет етеді. Дәстүр сабақтастығы болуы ке­рек, жаңа үлгі, соны вокалдық интонация, за­ма­науи оркестрлеу, т.б. заман тудырған ком­позиция техникалары да кеңінен көрініс табуы тиіс. Музыка, әдебиет, театр өнерінің басын бір арнаға біріктіретін опера өнері бір жақты, бір адамның қажеттілігі, бір компо­зитордың бастамасы болмауы керек. Кері­сін­ше, мемлекеттік деңгейдегі арнайы бағ­дар­ламамен жүйелі жұмыс істеуді қажет ете­ді. Ұлт опера театрының дамуын жолға қою, опера туындыларын дүниеге алып келу, оларды сахналау, халықаралық кеңістікке на­сихаттау мемлекеттік деңгейде жүйелі, жос­парлы жолға қойылыуы керек. Бізде қа­лып­тасқан кәсіби композиторлық мектеп бар, талантты композиторларымыз жеткі­лікті.  Ұлттық, мемлекеттік, қалалық статусы бар 3 опера және балет театрының азы­ғы болатын репертуар жасау, оның елдің ру­хани қазынасына олжа салар тақырып­тар­ды көтеретіндей етіп, репертуарының мақ­танышы болатындай етіп сахналау күн тәр­тібінде тұр. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры сахнасында ком­по­зитор Хамит Шаңғалиевтің туындысы – «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының тұ­сауы­ның кесілуі бүгінгі қазақ операсын дамытудың жаңа белесі деп білеміз. 

Аманкелді МҰҚАН, театртанушы