T-Newspaper

Астанадағы Мәскеу күндері : Қос қаланың достығы жаңа деңгейге көтерілді

Астанада Мәскеу күндері өтіп жатыр. 2 желтоқсанда басталған іс-шара 7 желтоқсанға дейін жалғасын табады. Бұл ерекше бастама Мәскеу мен Астана арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және шығармашылық, экономикалық және мәдени байланыстарды тереңдетуге бағытталған. 

Бағдарлама аясында түрлі концерттер, шеберлік сабақтары, дөң­гелек үстелдер, сарапшылар кездесулері, көрмелер және өзге де іс-шаралар жоспарланған. Сонымен қатар «Креативті қалалар Астана – Мәскеу» атты іскерлік форумы Мәскеу күндері ая­сын­дағы маңызды шараның бірі болмақ.   Мәдени күндер өткізудегі басты мақсат – халықтар ара­сын­дағы өзара түсіністікті арттырып, достықты нығайту. Мұндай іс-ша­ралар екі ел халқына бір-бірінің бай мәдени мұрасын жа­қыны­рақ танып, оның ерекшеліктерін түсінуге мүмкіндік береді. Мәскеу күндерінің ашылуы кәсіби музыканттарға арналған ше­берлік сабағымен басталды. Бұл ерекше іс-шара Астананың му­зыкалық колледждерінде білім алатын болашақ өнерпаздар үшін ұйымдастырылды.   Өнер – кез келген елдің мәдени болмысы мен рухани құн­ды­лықтарын бейнелейтін құрал. Бірқатар кездесулер мұражай ісі, шығармашылық индустриялар, сәулет және қала құрылысы салаларындағы тәжірибе алмасуға арналды.  Көркемсурет көр­месі мен кинофестиваль өнердің сан алуандығын көрсету ар­қы­лы мәдениетке деген қызығушылықты арттырып, елдер ара­сын­дағы шығармашылық байланыстарды нығайтады. Мәдениеттен бөлек, іскерлік аспекті де назардан тыс қалған жоқ. Қазақстандық және ресейлік кәсіпкерлер арасындағы ын­тымақтастықты күшейтуге, екі елдің экономикасына жаңа серпін беруге бағытталған іс-шаралар легі екі ел байланысының жаңа бағыттарын тануға ықпал ететіні сөзсіз.  Басты оқиғаның бірі – «Креативті қалалар Астана – Мәскеу» іс­­­керлік форумы болды. Мұнда қалалардың шығармашылық әлеуе­тін дамыту, мәдени жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ қа­лалық кеңістікті тиімді басқару мәселелері талқыланды. Со­нымен қатар Мәскеу қалалық думасы мен Астана мәслихаты де­пу­таттарының кездесуі және Мәскеу үкіметінің атынан ұйым­дастырылған салтанатты қабылдау да күннің маңызды ша­ра­ларының бірі болды.   Бұдан бөлек, Қазақстанның спорт федерацияларына «Достық ойын­дары» жобасы таныстырылды. Бұл бастама елдер арасын­да­ғы спорттық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Үстел ойындары да назардан тыс қалған жоқ. Қалалық мәс­ли­хат депутаттары мен Мәскеу мемлекеттік думасының өкілдері осы күндер аясында ұйымдастырылған шахмат турниріне қа­тыс­ты. Турнир елорданың Sana Sport спорт және шығармашылық ор­талығында өтті. Шахмат тақтасында қос қаланың депутаттары жас шахматшылармен, қалалық жарыстардың жүлдегерлерімен және 12 жасқа дейінгі Астана құрамасының өкілдерімен ойын өткізді. Бұдан бөлек, Мәскеу күндері аясында жастардың өміріндегі кітаптың маңызы мен рөлі туралы талқыланды. Әдебиет жеке құн­дылықтарды қалыптастыратыны, сыни ойлау қабілетін дамытуға және өзін-өзі жетілдіруге ынталандыратыны, жаңа мүм­кіндіктер аша отырып, әрекет етуге деген ықыласты оята­тыны туралы Астана қаласындағы Қызмет көрсету және туризм колледжінің студенттерімен өткен Aqyl Life жобасының үшінші кездесуінде орамды ойталқы өтті. «Астана жастары» Жастар ре­сурс­тық орталығы мен қала әкімдігінің Жастар саясаты басқар­ма­сының ұйымдастыруымен өткен бұл іс-шара шақырылған спи­керлердің дүниетанымына әсер еткен және оларды терең ой­ландырған үш шығармаға арналған пікірталас алаңына айнал­ды. Кітап оқырмандары авторлардың ұсынған идеяларын тал­қы­лап, өздеріне қажетті бағыттарды тапты. Осылайша, Астана тұрғындары мен қонақтары мәдениет жә­не өнер саласындағы жаңа жобаларды танып, көрші елдің өнер әлемімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ елор­далықтар Мәскеу делегациясын жоғары деңгейде қабылдап, қа­лалық шаралар мен кездесулерде ерекше достық қарым-қа­тынас орнатты. Бұл іс-шара екі қала арасындағы мәдени және эко­номикалық байланыстарды тереңдетуге септігін тигізіп, бо­лашақтағы серіктестіктің негізін қалауға бағытталған маңызды қадам болмақ.