Тайқазан

«Терезе жуушы емес, альпинист»: Өнеркәсіптік альпинизм туралы не білеміз?

Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Адам биікке шыққан кезде, биіктен төмен қарай құлдилағанда ерекше бір күй кешеді.

Көпшілігіңіз аспанмен таласқан ғимараттардың терезесін жуып, қабырғасын әктеп жатқан жандарды көрген боларсыздар. Мұндай батыл азаматтарды көрген кезде аһ десіп, «Сонша биікте арқан бойымен өрлеп, қалай жұмыс істеуге болады?» деп таңданатынымыз рас. Енді біріміз оларды «терезе жуушылар» деп түсініп, қиын да күрделі жұмысының байыбына жетіп түсіне бермейміз. Ал шын мәнінде ол жұмыстың өнеркәсіптік альпинизм деп аталатынын әрі бұл университет қабырғасында мамандық ретінде оқытылатынын біреу білсе, біреу біле бермейді.

Өнеркәсіптік альпинизм – үлкен қалалар дамып, көк тіреген ғимараттар бой көтергеннен кейін пайда болған мамандық. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқан Қазақстанда бұл салаға сұраныс жоғары екені айтпаса да түсінікті. Сүлеймен Сейітұлы – 2017 жылы елімізде өткен ЭКСПО көрмесі кезінде сұранысты дөп басып, өз компаниясын ашқан альпинист. Таныс та бейтаныс салада өз кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерге хабарласып, аз-кем әңгімелескен едік.

«Нарықта сұраныс жоғары, бірақ мықты альпинистер аз»

«Мен 1984 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының Бұлғын сұмыны деген жерінде дүниеге келдім. Сонда орта мектепті бітіріп, Түркияға оқуға түстім. 2008 жылы Анкара университетінің Дінтану факультетін тәмамдадым. 2010 жылдан бастап кәсіппен айналыстым. Жиһаз, перде саттық. ЭКСПО кезінде өнеркәсіптік альпинизмге сұраныс артты. Дубайдан, Ресейден альпинистер келе бастады. Жергілікті мамандар жеткіліксіз болды. Сол кезде осы салаға сұраныс жоғары екенін көріп, өз кәсібімді бастадым», – дейді ол.

Сүлеймен Сейітұлының серіктесі жоқ. «Ai-sanam» компаниясын жеке өзі ашқан. Бастапқыда шағын жеке кәсіпкерлік болса, кейін ауқымын кеңейтіп, жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналдырған.

«Бұл бизнесті 1 млн теңгемен бастадым. Оған қызметкерлердің қажетті құрал-жабдығын сатып алдым. Білікті мамандар керек болды. Алғашында 9 адам келді. Арасынан тәжірибесі мол, ең білікті маманды қасыма көмекші етіп алып, көбірек қаражат төледім. Бұл салада қандай қателікке жол бермеу керек, алдын-ала нені ескерген дұрыс, басқа да мәселелер бойынша сол маманның кеңесін алып отырдым. Кәсіпті жүргізе отырып, жұмыстың қыр-сырын үйрендім. Нарықта мықты мамандар аз болғандықтан, басқа компаниялардан көбірек жалақы төлеп, барынша жағдай жасап, сапалы құрал-сайман әперіп, өз компанияма қосымша жұмыс күшін тарттым. Бесаспап маман бірден табыла қоймайды. Біреуі жақсы бояса, біреуі жақсы жуады. Енді бірі қақтан тазалау ісіне машықтанған. Негізі бұл мамандықты еліміздің бірнеше оқу орнында оқытады. Бірақ онда көбіне теорияны оқытып, практикада көп дүние үйретілмейді. Бізге оларға жол көрсетіп, үйретіп отыру тиімсіз. Еңбек жолын енді бастаған альпинистер тәжірибелі мамандардың жанында жүріп үйренеді. Сондықтан мен кемі екі жылдық тәжірибесі бар мамандарды ғана аламын», – дейді кәсіпкер.

«500 мыңнан 1,5-2 млн теңгеге дейін»

Істің көзін тапқан мықтылар «Жетістік жауапкершілікті сезінген жерде болады» дейді.  Машақаты көп іске асқан жауапкершілікпен қараған Сүлейменнің жұмысы ә дегеннен жақсы жүріпті.  ЭКСПО, Конгресс орталығы, Назарбаев университеті, «Нұрлы жол» вокзалы, Ханшатыр сияқты ірі нысандардан тапсырыс түсіп, командасымен бірге көп жұмыс істеген.

«Біздің компанияның негізгі бағыты – қасбеттегі, биіктегі жұмыстар. Терезе, әйнектерді жазда жуамыз, қыста шатыр тазалаймыз, ғимараттардың сыртын қаптаймыз. Одан бөлек бояу, сырлау, монтаждау, биік қабырғалардағы құм мен қақты тазалау, демонтаж, адам бара алмайтын жерлердегі электр желісін жөндеу жұмыстары бар. «Нұрлы жол» вокзалындағы электр желісінің көбін біз жөндедік. Мешіт мұнаралары, бетон қоймалардың сыртын кранмен тазалай алмайды. Сондайда біз көмекке келеміз», – дейді өзі.

Жұмысты жаңадан бастаған альпинистердің жалақысы 500 мың теңгеден басталса, күрделі жұмыстарды атқаратын тәжірибелі мамандар 1,5-2 млн теңгеге дейін алады екен. Көк аспанмен таласқан әсем ғимараттар бой көтерген сайын бұл нарық та бір қалыпты дамып келеді.

«Жіптер бір-біріне оратылып, альпинист түсе алмай қалады»

Бұл салаға көбіне экстримге қызығатын жандар келеді екен. Қаланың тұтас көрінісін көретін олардың түрлі эмоцияны бастан кешіретіні сөзсіз. Дегенмен абайламаса опат болуы да оңай. Сондықтан қауіпсіздік бірінші орында.

«Бұл жұмыстың қызығы – биік ғимараттардың төбесінде тұрып, әсем қаланы тамашалайсың. Адам өзі биікке шыққан кезде, биіктен төмен қарай құлдилағанда ерекше бір күй кешеді ғой. Оны айтып жеткізу қиын, өзің сезініп көруің керек. Осы уақытқа дейін 100 метрлік ғимараттарды бағындырдық. Бұл – шамамен 30 қабат. Бірақ сол нысанға жіппен жету қиын болады кейде. Бірде мешіт мұнараларының бұрыш-бұрышын қаптадық. Сонда домалақ мұнарадағы балкондардың астыңғы жағына жете алмай қиналдық. Кейде төменнен жоғары қарай қимылдау қажет болады. Көбіне ішкі жұмыстарды төменнен бастап, жоғары қарай жүргіземіз. Сол кезде қиналамыз. Аяқ асты жел соғады, жаңбыр мен бармақ басындай бұршақ жауады. Ауа-райы болжамын үнемі қарап отырамыз. Кейде сол болжамның өзінде жел соғатыны ескертілмейді. Жел соққанда салбырап жатқан жіптер бір-біріне оратылады да, альпинист түсе алмай қалады. Арқан қызып кетеді, қасбет тайғақ, жіп су болады. Секундына 10 метрге дейін соғатын желдің өзі адам үшін қауіпті. Аласа объектілерде сезілмейді, ал биік ғимараттарда қасбетке бір апарып соқса, жетіп жатыр. ЭКСПО-дағы Шарды жуып жатқанда, 110 келілік әйнектер ұшты. Осындай қауіпті жағдайларда абай болуың қажет. Жел соққанда төмен түсіп, жел басылған соң қайта шығып, жіптің бәрін қайта байлау бір-екі сағат уақытты алып кетеді. Сондай кездері альпинистер түсуге ерінеді. Қауіпсіздік үшін ешқашан ерінбеу керек. Жіптерді үнемі тексеріп, жыртылғаны болса ауыстырып, құрал-сайманыңды сайлап отыру қажет. Мұнда «Мен білемін, мен істей аламын, қателікті түзеп аламын» дегенің жүрмейді. Жұмыста екі арқан болады. Бірі – негізгі, екіншісі –  қосалқы. Негізгі арқан үзіліп кетсе, қосалқы арқан қорғап қалады. Қауіпсіздік ережелерін сақтамасаң қас-қағым сәтте құлап кетуің мүмкін. Кей жұмыстарды түнде істейміз. Мысалы «Нұрлы жол» вокзалында күндіз жұмыс істеуге болмайды. Түнде істедік. Ондайда күндіз қандай қауіп бар екенін анықтап, альпинистерге түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Тоққа мүлде жоламау керек. Ондай жерлерде тоқтың вольты өте жоғары болады. Тоқты өшірмей тұрып, жоғары шығуға болмайды, уақытынан бұрын түсуге болмайды. Әр объектінің осындай ерекшеліктері бар», – дейді Сүлеймен Сейітұлы.