Жаңалықтар

Шетелдік бала күтушіге жала жапқан келіншек сотталды

istockphoto.com

Қазақстандық келіншек Филиппин азаматшасын бала күтуші ретінде жұмысқа алған.

Филиппин Республикасының азаматшасы Б. жеке кәсіпкер М.-ға қатысты ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау, сонымен қатар моральдық зиянды өндіру туралы талап-арызбен сотқа жүгінген.

Тараптар арасында бала күтушісі қызметін көрсетуге шарт жасалған.

2024 жылдың ақпан айында жауапкер Instagram әлеуметтік желісінде талапкердің төлқұжатын пайдаланып: «Еңбек міндеттерін орындамай, алаяқтықпен қашып кеткен жұмыскер. Өте сақ болыңыз!», - деп жазба жариялаған.

Бірақ сотта жауапкер өзі жариялаған ақпараттың шындық екенін дәлелдей алмаған.

Сот жарияланған ақпарат талапкердің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіреді деп танып, жауапкерді ол ақпаратты жоққа шығаруға міндеттеді.

Сондай-ақ оған моральдық шығын ретінде 100 мың теңге айыппұл салынды.

Үкім заңды күшіне енді.