Жаңалықтар

 Күмісбек Ахметов: Жолдау табысқа жетелейді

ашық дереккөзі

 Күмісбек Ахметов: Жолдау табысқа жетелейді

Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданының Жамбыл ауылдық округінің әкімі Күмісбек Ахметовті аудан жұртшылығы жақсы біледі. Ол басқарған округ әлеуметтік-экономикалық жағынан  ауданның алдыңғы қартында келе жатар. Бұған ол тірліктің көзін тауып, жаңаша ұйымдастыра білуі арқасында қол жеткізіп отыр. Жуырда әкім жылдағы дәстүр бойынша халық алдында есеп берді. Әдеттегідей өткен жылда атқарылған істерді баяндай келіп, игерілмей қалған шаруалардың себептерін де ашып айтты. Халықтың ұсыныстарын тыңдап келелі кеңес құрды. Халық биыл да іскерлігін бағалап, сенім артты. − Күмісбек, Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданында Жамбыл ауылдық округында әкім болғаныңызға бірталай жылдың аясы болды, ауданда алдыңғы қатарлы әкімсіз. Соның құпиясы неде? − Біздің тұстастарымыз «кеңес дәуірінің» соңғы толқыны. Ол кезде елде бір-ақ партия болды. Әркім қоғамдық меншік үшін еңбек етті. Қазір қоғам өзгерген. Жекеменшік үстем алып, бәріне көзқарас та басқаша.  Бірақ жеке шаруашылықта да, мемлекеттік қызметте де жалдамалы жұмыста да  жауапкершілік болуы керек. Әкім болдым деп, жалғанды жалпағынан басып, ойыңа келгенді істеу емес. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды». Күрделі мәселелерді округтің тұрғындарымен ақылдасып, келісіп атқарған жөн болар. Сонда ғана олардан қолдау тауып, ісің алға басады. Менің ұстанымым осы. «Қарына тартпағаның қары сынсын» деген тағы бар. Егер соған малданып, істі бұра тартсаң тура жолдан тайдым дей бер. Ел ішіндегі алауыздық осыдан басталады. Ынтымақ болмаған жерде ырыс қайдан болсын. − Ауданда тұрғындар саны ең көптің бірі өзің басқарып отырған округ.  Ауыл шаруашылығы дегенмен оның да сан-саласы бар. «Ұйымдастыра білген ұтады» демекші өзін-өзі басқару жөніндегі заңға байланысты қандай өзгерістер жасалуда. − Ең бастысы әділдік. Кез келген басшы сол мықты ұстаным болуы керек. Ал басшы тарапынан әділдік болмаған жерде сенімін жоғалтады. Сенімін жоғалтса істің алға басуы қиын. Бабаларымыз бұл жөнінде тамаша ұлағатты сөздер айтқан ғой. Бірінші кезекте, әр ауылдық округты дамытуға  болатынын ешқашан естен шығармау керек. Тек міндетіңе шығармашылықпен қарап, істің көзін тауып, дұрыс ұйымдастыра білу керек. Ең бастысы,  кез келген ауылдық округ ол мемлекеттің негізгі іргетасына қаланатын кірпіш. Сол кірпіш дұрыс қаланса, ісің жылдан жылға жандана түседі. Қазір қолданысқа енген өзін-өзі басқару жөніндегі заңға байланысты, еңбекті жаңаша ұйымдастыру мүмкіндіктері де артып отыр. Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауы еліміздің ауылшаруашылығын өркендетуге де жол ашты. − Иә, бұл Жолдау  әркім өз шаруасын өзі дөңгелетіп жатқан кезде мол мүмкіндіктер мен серпін беретіні анық. − Ауылдық округтың даму мүмкіндігі  қоршаған ортамен біте қайнасқан.  Мына, көршілес Созақ ауданы, бұрынғыдай тек малға ғана тәуелді емес. Өйткені бүгінгі күні уран өндірісін жолға қойғалы бері жағдайлары өте жақсы.  «Кеңес дәуірінде» осы секілді аймақтардан көршілес, өзге аймақтарға көмек берілетін. Ал бүгінде бар аймақ қатар даму жағдайын қарастыруда  мемлекеттік «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы», «Нұрлы жол», «Бизнес жол картасы», «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары бойынша  атқарылған істер шаруашылықтардың қай салада да алға басқанын көрсетуде. − Қоғамда соңғы жылдары көп айтылып жүрген жайлар ол кәсіпкерлік мәселесі. Қазір кәсіпкер қандай іспен айналысамын десе ол өз еркіндігінде. Кеңес өкіметіндегідей нұсқау жоқ. Дегенмен өзің басқарып отырған округтегі кәсіпкерлікті ұйымдастыру жұмыстары қалай жүргізілуде?   − Елбасы кәсіпкерлікті дамыту туралы жиі айтып жүр. Оның тәуелсіздіктен бергі қай жолдауын алып қарасаңыз да бұл мәселеге арнайы тоқталған. Тіптен денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі жандардың да кәсіпкер болуына жағдай жасауын баса айтқаны есімізде. Қазір ондай жандар ауылдық жерлерде де бар. Біз де сондай жандарға жұмыс орындарын ұйымдастырып, өзінің қажеттілігін ғана өтеп қоймай, салық төлеу арқылы мемлекетке де пайдасын тигізуін қарастырудамыз. Ал қоғамның дені сау мүшелері өздерін өзі асырап қана қоймай олар қоғамға барынша көмек көрсетуі тиіс. Тек сол жағдайда ғана, біз діттеген қоғамды орната аламыз. Мысалы, еңбек ресурстары мол аймақтан еңбек ресурстары тапшы аймаққа Сталиннің әдісімен «күштеп емес» еркін жағдайда ішкі миграция жолымен бір кезекте емес түпкілікті түрде жылма жыл жүзеге асырып отыру қолға алынды. Мұндай бағдарламалар мемлекет аумағында іске асып та жатыр. Оңтүстік өңірден шығыс пен солтүстік облыстарға халық арасындағы артық қол күшін, студенттерді жіберу арқылы жүзеге асуы оңтүстік облыс үшін жақсы нышан. Сонымен қатар, осы шара жеткілікті деп отырып қалмай әр ауылдық округ, аудан тиісті шараларды қолға алу арқылы жылма жыл кәсіпкерлікті дамытуды күн тәртібінен түсірмей келеміз. Кез келген өңірде басшылық етудің мақсаты халықтың тұрмысын бірден бірге жақсарту. Жалпы алғанда бұл салада да жетістігіміздің бар екендігі рас. − Ия, халқы байдың – елі бай. Ол үшін Алаш көсемдерінің бірі Ахмед Байтұрсынов айтқандай, кәсіп етпек керек. Біздің бүгінгі мақсатымыз да сол екені айдан анық. Дегенмен, бес саусақ бірдей емес, әкімдер де әрқалай. Біреуі қарақан басын күйттеп жатса, екіншісі ауылды көркейту үшін қиыннан қиыстырып жаңаша жол табуда. Әсіресе ауыз су әлі өзекті мәселеге айналып отыр ғой. − Ауылдық округ әкімшілігі олар кәсіпкерлердің көмекшісі емес, тек қана кәсіпкерлікпен айналысушыларға жағдай туғызушылар болуы керек. Ал егер кәсіпкерлер өз міндетін дұрыс атқармай, кей қиындықтар туындататын болса ол жағдайда әкімшілік қарсы шара қолдануы керек.  Яғни, әкімшілік барлық уақытта халық пен кәсіпкерлер арасында алтын көпірді салушылар болғанда ғана іс оң нәтиже бермек. Кез келген жаққа «бүйрек бұру» екінші тараптың іске қызығушылығын ақсатады. Осы жерден теңсіздік орнап, келіспеушілік пайда болады. Мысалы, біздің ауылдық округімізде ертеректе суармалы жерлер бар болатын. Әрине, суармалы жерлердің өнім беруі өзге жерлермен салыстырғанда бірнеше есе көп. Ол дегеніңіз сол жерлер арқылы өнім алу жоғарылайды. Өнім жоғары болғаннан кейін табыста мол, салық пен міндетті төлемдер де көбейеді. Бірақ бір жылдары Бәйдібек ауданында Қапшағай су қоймасын жасау кезінде сол суармалы жерлерге су жетпей қалған болатын, сондықтан осы олқылықты толтыру үшін Жамбыл селосы қасынан тоған жасауды ұсыныс жасап едік, облыс басшылығы қолдап, бюджет есебінен салдық. Ұсыныстың бәрі айтқан бойда орындала қоймайды. Ол үшін әкімшілік аппараты қажымай-талмай, табанды түрде жұмыс істеулері керек. Сонда ғана нәтижеге қол жеткізесіз. Сол тоған суын  қолдану процесі кезінде балықты да өсіру, халықтың демалысын жақсы ұйымдастыру үшін жаз айларында демалыс жағалауларын салу да ойда бар. Міне, ауылға көгілдір отын да жетті. Алдағы уақытта табиғи қуат көздерін пайдалану бойынша да ойларымыз жоқ емес. Көп ойларымыз жүзеге асу үшін әлі де тер төгу керек болатынын біз жақсы түсінеміз. Таяу жылдарда іс-жүзеге асырып, ел игілігіне пайдалана алсақ деген жоспарымыз іске асарына сеніміміз мол. Мысалы, кәсіпкерлікке қатысты мынадай бір жайды келтіруге болады. Бізде жер телімін алып, жылыжай ұйымдастырған бір кәсіпкер бар. Әрине, біз тек жер телімін беріп, не болсаң сол бол демей қолдан келген көмегімізді жасадық. Біздің бағбандарда күніне бір тонна қияр алатындай жағдай жасалынған.  Өкінішке қарай біздің ауданда өнімді көтеріп алатын үлкен қоймасы бар мекеме әзірге жоқ. Сондықтан көкөністерді Алматы, Шымкент секілді ірі қалаларға жіберіп жатырмыз. Несін жасырайық, ауылдарда диханшылық жұмыс күшін табу да көп қиындықтар тудырады. Оның үстіне кәсіпкерлер жалданғандарға жалақыны күнделікті  атқарған жұмыстарына қарай беру арқылы жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту мәселесін де шешіп алған. Аудандағы баз бір әріптестерім мен кейбір кәсіпкерлер: «Біздің жастар жалқау, жұмыс істемей оңай ақша тапқысы келеді», − деп те налиды. Жоқ, олар жалқау емес. Керісінше, ондай округ әкімшілігі аппаратындағылар оларды кәсіпкерлікке қызықтыра алмайды.  Оның үстіне бір ай жұмысын істетіп алып, жалақы төлемей адамдарды әуре-сарсаңға салып жүрген кәсіпкерлер арамызда бар екені де рас. Бір алданып қалған жан оған қайтып барсын ба. Біз сондай кәсіпкерді еңбек тәртібін бұзбауға шақырып, мәселені сот орындарына жеткізбей шешуге тырысамыз. Кәсіпкерлік оңай шаруа емес.  Онымен қандай адам айналыса алады? Қолға алған ісіне тыңғылықты атқаратын жан болса құба-құп. Ауыз су демекші округке қарасты Жамбыл, Шыбыт, Тасқұдық, Жүзімдік ауылдары орталықтандырылған ауыз су жүйелерін пайдалануда. Ал Қызылжар елді мекені «Омега» су қондырғысы арқылы тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп келеді. − Жамбыл  ауылдық округі аудан  іргесіне жақын орналасқан.  Бірақ аудан бюджеті барлық округтерді қажетті қаражатпен толық қамтамасыз ете алмайтыны да анық. Өзін-өзі басқару бойынша округтер қажетті қаражат мәселесін қалай шешуде. − Елбасы инвестицияны ірі өндіріс орындарына ғана емес, ауылға да тартуды айтып жүр ғой. Біз инвестор таптық. Округтің Жамбыл мен Жүзімдік ауылдарының ортасынан өтетін сай тұсынан  үздіксіз соғатын желден электр қуатын неге алмасқа деп инвестор іздегенбіз. Оңтүстік Корея Республикасынан бір топ мамандар келіп, жобамызды көріп, инвестор болуға келіскен еді. Бірақ аудандағы кейбір өзекті мәселелерге байланысты бұл жобаны кейінге ысыруға тура келді. 2017 жылы округтегі үш ауылға құрылыс жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен 409833,0 мың теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде Жамбыл елдімекеніне 56955,0 мың теңге, Шыбыт елдімекеніне 56955,0 мың теңге, Тасқұдық елдімекеніне 104498,0 мың теңге қаралған. Сонымен қатар, Жүзімдік елдімекенін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында, 2016 жылдың қараша-желтоқсан айларында сәулеттік-жоспарлау тапсырмалары әзірленіп, облыстық салалық басқармаға өткізілді. Міне, көктем де шықты. Ал атқаратын шаруа шаш етектен. −Еңбектеріңіз жемісті болсын. Сұхбаттасқан К.АДЫРБЕКҰЛЫ