Жаңалықтар

«AMANAT»: Депутаттар Алматы облысының тұрғындарын алаңдатқан мәселелерді ортаға салды

 

Алматы облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының кезекті жиналысы өтті. Отырыста партияның сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысы мен алда тұрған міндеттер талқыланды. Алматы облысы бойынша «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған бағдарламасы әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай ықпал етті. Қазірдің өзінде экономиканың барлық негізгі салаларында айтарлықтай жетістіктер бар. Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов атап өткендей, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және әлеуметтік салада оң динамика байқалуда. 2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыс экономикасында өнеркәсіп өндірісі 106,4%-ға, сауда саласы 109,5%-ға, құрылыс саласы 123%-ға өскен. Сонымен қатар аймаққа тартылған инвестиция көлемі 23,8%-ға артты. Бұл көрсеткіштер Алматы облысының республика бойынша экономикалық даму көрсеткіштері арасында алдыңғы қатарда екенін көрсетеді. Дегенмен, фракция жиналысында орындалмаған немесе уақытылы аяқталмаған жобалар туралы да сөз болды. Бірқатар білім беру және инфрақұрылым нысандарының құрылысы мен жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталмай қалғаны аталып өтті. Мәселен, фракция мүшесі Гүлнәр Құраметова биыл өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салыну керек болған 24 мектептің құрылысы жайлы мәселені көтерді. «Біз мектеп құрылысын жоспарлағанда тек қабырғаларын тұрғызуды ғана ойламауымыз керек. Әрбір бала сапалы білім алуға құқылы. Ал үш ауысымда оқу – бұл ата-аналарға, мұғалімдерге және оқушыларға үлкен салмақ. Талғар, Жамбыл, Іле, Еңбекшіқазақ және Қарасай аудандарындағы 14 мектептің құрылысы 2024 жылы аяқталады деп күтілген еді. Енді бұл мерзім 2025 жылға шегеріліп отыр. Бұл халықтың сенімін түсіреді. Жобалар уақытылы әрі сапалы аяқталуы тиіс. Не себепті келер жылға ауысты?», – деп сауалын қойды. Құрылыс басқармасының басшысы Мұхамедғаріп Құрманғалиев республикалық бюджетке енгізілген түзетулерге байланысты 15 нысанның құрылысы келесі жылға шегерілгенін айтты. «Бұл шешім қаржыландыру көлемінің азаюына сәйкес қабылданды. Қазіргі уақытта 26 мектептің құрылысы жалғасуда, оның ішінде 8 мектепте инженерлік желілер толық жүргізілген. Қыркүйек-қараша айларында 5 мектеп пайдалануға берілді. Ал желтоқсан айында тағы 6 мектептің ашылуы жоспарланған», – деді басқарма басшысы. Ал фракция мүшесі Сұлтан Нұрдәулетов ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталықтарының ашылу барысына қатысты сауал қойды. Оның айтуынша, Ұйғыр ауданында жоспарланған мұндай орталық әлі күнге ашылмаған. «Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған орталықтарды ашу партияның сайлауалды бағдарламасында нақты көрсетілген. Алайда, Ұйғыр ауданында ашылуы тиіс орталықтың мәселесі әлі де шешілмей келеді. Бұл халықтың ерекше топтарына жасалуы тиіс әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігін көрсетеді», – деді ол. Бұл сауалға Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысының орынбасары Ержан Байқоныс жауап берді. «Биыл маусым айында Ұйғыр ауданында мүгедектігі бар 40 балаға арналған орталығы ашылды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Денсаулық зор байлық» мүгедектер қоғамдық бірлестігі жартылай стационар жағдайында мүгедектігі бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Қазіргі уақытта 32 бала осы орталықтан тек күндіз қызмет алуда», – деп мәлімдеді басқарма басшысының орынбасары Ержан Байқоңыс. Сондай-ақ, фракция мүшесі Махаббат Бигельдиев «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жоспарланған 6 мәдениет үйінің құрылысы жүзеге асырылмағанын сынға алды. «Қарасай, Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарындағы мәдениет үйлері биыл салынып, пайдалануға берілуі керек еді. Алайда, бұл нысандардың құрылысы мүлдем басталмаған. Ауыл тұрғындары үшін бұл мәдениет үйлері тек бос уақытты өткізу орны ғана емес, шығармашылықпен айналысу және мәдени шаралар ұйымдастырудың негізгі орталығы. Осы нысандарды іске асыру халық үшін өте маңызды, және олардың құрылысын бастау – біздің басты міндетіміз», – деді ол. Бұл сауалға Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров жауап берді. Оның мәлімдеуінше, Еңбекшіқазақ ауданының Бәйтерек, Қызылшарық және Қайыпов ауылдарында мәдениет үйлерін салуға қажетті құжаттар әзірленген, бірақ олардың мерзімі аяқталып, қайта қарау қажет. Қарасай ауданының Жібек жолы ауылында құрылыс жұмыстарына бюджеттік өтінім берілген. Ал Талғар ауданының Жаңалық ауылында жер бөлініп, құжаттарды әзірлеуге қаржы сұралғанымен, әлі қаражат бөлінбеген. Жиналыс соңында Алматы облыстық мәслихатының төрағасы, партияның облыстық филиал төрағасы Қуат Байғоджаев партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. «Партияның сайлауалды міндеттемелері өңір халқының өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Оларды уақытылы әрі сапалы орындау – біздің басты міндетіміз. Әрине, орындалмаған тармақтардың көпшілігі бюджет тапшылығына байланысты. Дегенмен, қаражат бөлінген нысандардың өзінде тиісті бақылаудың жоқтығы үлкен мәселе болып отыр. Мұндай жағдай қайталанбауы керек. Біз халықтың сенімін ақтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауымыз қажет», – деді Қуат Байғоджаев. Сондай-ақ, ол фракция мүшелеріне проблемалық мәселелерді жедел шешу үшін тиісті басқармалармен тығыз байланыста жұмыс істеуді және олардың қызметін қатаң бақылауды тапсырды. Жиналыста көтерілген мәселелер бойынша қосымша сұраныстар жолданатыны және олардың орындалу барысы фракция мүшелерінің ерекше бақылауында болатыны айтылды.