T-LIFE

«Қазпошта» ел өңірлеріне дәрі-дәрмек жеткізуі үшін заңға түзету енгізілмек – депутат

сурет: parlam.kz

Мәжіліс «Пошта туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын бірінші оқылымда қарады. 

Осы заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары А.П. Рау, Н.С. Сабильянов, Е.Т. Жаңбыршин, Е.В. Смышляева, Е.Б. Саиров бастамашылық етті.

Өздеріңізге мәлім, Мәжіліс депутаттарының қолдауымен Ұлттық оператор – Қазпошта, өткен жылы шығынға ұшыраған компаниядан, табысты компанияға айналды. Содан кейін, Ұлттық оператор басшылығы қоғамның талабы мен сұранысына ыңғайланған өздерінің болашақ даму стратегиясын Парламентке келіп баяндады. Мәжіліс депутаттары тарапынан нақты ұсыныстар айтылды. Қазпошта өз қызметтерінің аясын кеңейтіп, көпфункционалды және сапалы сервиске көшуге бағыт алды. Әрине, бұл үрдістер оператор жүйесін трансформациялаудан басқа, оның қызметіне қатысты заңнамалық өзгерістерді қажет етеді. Осыған орай Мәжіліс депутаттары Ұлттық пошта операторының қызметіне және дамуына құқықтық жағдай жасауға бағытталған Заң жобасын дайындады, оны бүгін Сіздермен талқылап отырмыз. Енді қандай новеллалар бұл заң жобасында қарастырылған. – деді депутат Еділ Жаңбыршин.

Жұмыс тобына 61 түзету келіп түсті, олар жұмыс тобының 5 отырысында, сондай-ақ мүдделі министрліктер, ведомстволар, қоғамдық бірлестіктер мен сараптама ұйымдары өкілдерінің қатысуымен комитеттің кеңейтілген отырысында қаралған.

Біріншіден, бүгінгі «Қазпошта» – тек пошта қызметін ғана атқарып отырған жоқ, ол еліміздің әлеуметтік және экономикалық инфрақұрылымының ажырамас бөлігі болып табылады. Ұлттық пошта операторы Қазақстанның барлық бұрыштарында, яғни еліміздің шалғайда орналасқан, тіпті асфальт жолдары жетпеген елді-мекендердегі тұрғындарға қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуде. Шындығын айту керек, өзге коммерциялық компаниялар мен жеке банктер пайданың жоқтығына немесе төмендігіне байланысты қызметін атқармайтын жерлерде, «Қазпошта» жұмыс жасап, маңызды әлеуметтік функцияны орындап отыр. Бұл ауыл тұрғындарына, әсіресе қарттарға деген үлкен қолдау. Олар үшін пошта ақпарат пен қызметтерді алудың үйренген және сенімді әдісі болып қала береді, – деді депутат.

Сондықтан депутаттар шалғай ауылдарда почта филиалдарын ашу және жабу регламенті бойынша ұсыныстар енгізді.

Екіншіден, заң жобасымен «Қазпошта» АҚ-ның еліміздің өңірлеріне дәрі-дәрмектерді жеткізу бойынша логистикалық әріптес болуына мүмкіндік беретін түзетулер енгізілуде. Бұл оператордың инфрақұрылымын сақтап қалуға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге және болашақта дәрі-дәрмектерді «есікке дейін» жеткізуді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, ғаламтор арқылы әр түрлі қызмет көрсететін халықаралық платформалардың мүмкіндіктері біздерге қолжетімді болып жатыр. Заң жобасында ұсынылған түзетулер Қазпоштаға кеден брокері ретінде жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Бұл тұтынушылар үшін кедендік құжаттарды ресімдеуді жеңілдетеді және халықаралық электрондық саудаға жол ашады. Осы өзгерістер әсіресе ауылдағы азаматтарға үлкен мүмкіндік береді. Төртіншіден, біз, қазіргі таңда электрондық коммерция дамуының куәгерлері болып отырмыз. Бұл ретте «Қазпошта» логистикалық инфрақұрылымды қамтамасыз етіп, өзінің әлеуметтік маркетплейсінен ауылдық елді мекендерге тауарларды жеткізу мүмкіндіктерін ұсынып отыр. Ешбір коммерциялық компаниялар мұны жасап отырған жоқ, – деді ол.

Алайда, ұлттық операторға өздеріне пайдалы жерлерде қызметін ұйымдастырып отырған жеке компаниялармен бәсекелесу өте қиын.

Монополияға қарсы органдар жекеменшік және мемлекеттік кәсіпорындарға қатысты теңсіз реттеу саясаты арқылы бәсекелестікті дамытуға тырысады. Бірақ, мемлекеттік кәсіпорындар үшін бұның пайдасынан, көбінесе зияны артық болып отыр. Сонымен қатар, ұлттық пошта операторын қолдау тек әлеуметтік-экономикалық мәселе ғана емес, ең алдымен ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін есте ұстаған жөн. Осы орайда бұл сұрақтарды шешу үшін тиісті нормалар заң жобасында ұсынылады, – деді Еділ Жаңбыршин.