Жаңалықтар

11 дүркін әлем чемпионы атанған Жібек Құлымбетоваға сүйіктісі сөз салды

instagram

Құлымбетованың болашақ жары өзінің бапкері, 6 дүркін әлем чемпионы Самат Айтпанбет екені белгілі болды.

Джиу-джитсу мен грэпплингтен 11 мәрте әлем чемпионы Жібек Құлымбетоваға сүйіктісі үйленуге ұсыныс жасады.

Құлымбетованың болашақ жары өзінің бапкері, 6 дүркін әлем чемпионы Самат Айтпанбет екені белгілі болды. 27 жастағы Самат Айтпанбет қуанышты жаңалықты әлеуметтік желідегі парақшасында мәлім етті. Ол Жібек Құлымбетоваға 18 жасқа толған күнінде Алматы қаласында сөз салған.

«Туған күнің құтты болсын, алтыным. Енді біз ресми түрде жұппыз», – деп жазды Самат Айтпанбет.

Айта кетейік, Жібек Құлымбетова қазанда Грекияда өткен джиу-джитсудан әлем чемпионатында 48 кг салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алған еді. Қазіргі уақытта ол – AJP турнирінің төрт дүркін жеңімпазы, джиу-джитсудан төрт дүркін әлем чемпионы, грэпплингтен үш дүркін әлем чемпионы, сондай-ақ бразилиялық джиу-джитсу халықаралық федерациясының No-GI санатындағы жеңімпазы.

Ал Самат Айтпанбет биыл қазанда қатарынан екінші рет «GI» (кимоно) бөлімінде UWW грэпплинг бойынша әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Ол 62 кг дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Спортшының қоржынында 6 алтын медаль бар (үшеуі джиу-джитсудан, үшеуі грэпплингтен).