Жаңалықтар

Павлодар облысында 6 жастағы чемпионға Президенттің сыйлығы табыс етілді

Павлодар облысы әкімдігі

Өңір басшысы 6 жастағы Хадия Құнаевамен кездесіп, мемлекет басшысының атынан құттықтау хат пен сыйлық табыстап, жеңісімен құттықтады.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов джиу-джитсудан әлем чемпионы атанған 6 жасар Хадия Құнаевамен кездесіп, мемлекет басшысының құттықтау хаты мен сыйлығын табыстады.

Чемпионмен кездескенін өңір басшысы Instagram-дағы жеке парақшасында жариялады.

«Бүгін зор қуанышпен джиу-джитсудан әлем чемпионы атанған 6 жастағы Хадия Құнаевамен кездесіп, мемлекет басшысының атынан құттықтау хаты мен сыйлық табыстап, жеңісімен құттықтадым.

Жерлесіміз Абу-Даби қаласында джиу-джитсудан өткен әлем біріншілігінде 11:0 есебімен таза жеңіске жетіп, әлемге Қазақстанның өскелең ұрпағының рухы мен талантын көрсете білді. Жастайынан осындай жоғары жетістіктерге жету – табанды еңбектің нәтижесі. Жас спортшыны өзінің әкесі, жаттықтырушы, спортшы, Sam Team клубының негізін қалаушы Самат Құнаев жаттықтырады», - деп жазды Асайын Байханов.

Әкімнің жазуынша, әкесінің спортпен шұғылдануына омыртқа ауруы себеп болған және табанды жаттығулардың арқасында денсаулығын қалпына келтірген. Әкенің үлгісі балаларын шабыттандырып, бүгінде олардың барлығы спорт шеберлері атанған.

Айта кетейік, джиу-джитсудан Әбу-Дабиде өткен халықаралық турнирде екібастұздық алты жасар спортшы Хадия Құнаева KIDS 2 санатында топ жарып, әлем чемпионы атанған еді. бұл Турнирге балаларды апарып қатыстыру үшін Самат Құнаев өзінің жеке автокөлігін сатып жіберген.