Бұрынғы әйелін шапалақпен ұрған ер адам сотталды
Ер адам өз кінәсін мойындады, шын жүректен өкінетінін айтты
Алматы облысында ауыл тұрғыны бұрынғы әйелін шапалақпен ұрғаны үшін қоғамдық жұмысқа жегілді. Бірақ бір күннен кейін қамауға алынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл оқиға Алакөл ауданында болған. Ауыл тұрғыны достарымен бірге ішімдік ішкеннен кейін бұрынғы әйелімен татуласуға шешім қабылдап, үйіне барады. Алайда екеуі тағы жанжалдасып қалған. Сол кезде ер адам оны шапалақпен ұрып жіберген. Әйел сотқа арыз түсірді.
Алакөл аудандық соты денсаулыққа жеңіл жарақат келтірген ер адамды 40 сағатқа қоғамдық жұмысқа салуға үкім шығарды. Ер адам өз кінәсін мойындады, шын жүректен өкінетінін айтты. Алайда бір күннен кейін бұрынғы әйелін тағы кездестіріп, оның намысына тиетін балағат сөз айтқан. Сол үшін тағы әкімшілік жауапқа тартылды.
Аудандық сот бұрынғы жазаны 8 тәулікке қамауға алумен алмастыруға шешім шығарды.