Ер мен әйелдің бәсекесі: Ғалымдар қызғаныштың жаңа түрін ашты
Зерттеушілер анықтағандай, әйелдер көбіне ерлердің әлеуметтік артықшылықтарын және биологиялық еркіндігін қызғанады. Олар ерлердің жоғары жалақы, мансаптық өсу мүмкіндіктері және сыртқы келбетке немесе эмоционалдық еңбекке байланысты қоғамның қысымынан бос екенін атап өтті. Сонымен қатар, әйелдер ерлердің «қарапайым, стресстен аз» өмір салтын және үй шаруасы мен бала күтіміне байланысты міндеттердің аздығын қызғанатынын жеткізді.
Ерлер болса, әйелдердің тартымдылығы, сұлулығы мен сүйкімділікті қолдана алу қабілетін қызғанады. Сонымен қатар, әйелдердің эмоцияларын ашық білдіруіне және қоғамның қысымынан қорықпауына таңданыс білдіреді. Ерлер аналық рөлді, әсіресе жаңа өмірді дүниеге әкелу қабілетін ерекше қызғанатындарын атап өтті.
Зерттеушілер жаңа ұғымды – "аблятивті қызғанышты" анықтады. Бұл қызғаныш түрі адамның басқа біреудің басынан өтпейтін, бірақ өзі үшін ауыр және қажетсіз жағдайлардан арылуды қалауын білдіреді.
Зерттеу Чехия халқы арасында жүргізілді. Оған 15 жастан асқан 1 769 адам қатысты. Сауалнамаға жауап бергендердің 42%-ы әйелдер мен 56%-ы ерлер қарама-қарсы жынысқа мүлде қызғаныш білдірмейтінін атап өтті. Бұл гендерлік айырмашылықтар қоғамда бар болғанымен, көпшілігі оларды бейтарап немесе қалыпты түрде қабылдайтынын көрсетеді.
Зерттеу авторлары, оның ішінде Острав университетінің профессоры Михаэла Краковска, бұл құбылысты басқа мәдени және әлеуметтік контекстте де зерттеуді жоспарлап отыр. Зерттеушілер қызғаныштың себептерін, оның әлеуметтік динамикаға әсерін және практикалық шешімдерді табуды мақсат етеді.
Бұл жұмыс ерлер мен әйелдер арасындағы қарым-қатынасты тереңірек түсінуге және олардың арасындағы әлеуетті қақтығыстарды болдырмауға бағытталған.