Жамбыл облысында 48 адам жалған дипломмен жұмыс істеп келген
Осы уақыт аралығында жалған дипломы бар қызметкерлерге мемлекет тарапынан 349 млн теңге қаржы төленген.
Жамбыл облысында 48 адам жалған дипломмен жұміс істеп келген. Спорт мектептерінің бірінде директордың орынбасарынан бастап, жаттықтырушыға дейін жалған дипломмен жұмыс істеп келген. Аймақтық Антикор қызметі осындай 32 адамды анықтады. Олар спорт саласына қатысты мекемелер мен мектептерде соңғы 3-4 жыл аралығында жұмыс істеген. Бұдан басқа әлеуметтік саладағы 16 қызметкердің жоғары оқу орнын бітірмегені белгілі болды.
Осы уақыт аралығында жалған дипломы бар қызметкерлерге мемлекет тарапынан 349 млн теңге қаржы төленген. Бұл сомаға олардың жалақы, сыйақы шығындары кіріп отыр.
Тексерушілер мамандардың диплом көшірмесін алдырып, оның нөмірлерін жоғары оқу орындарына жолдаған. Көшірмеде көрсетілген сериялық сандар мұрағатта болмағандықтан, құжаттың заңсыз екені анықталды. 32 қызметкердің 22-сі қызметінен босатылды. Осыған қатысты барлық материалды ведомство ішкі істер органдарына жолдаған.