Шымкент шенеуніктері жөндеу жұмыстарына бөлінген 1,1 млрд теңгені ұрлаған
Олардың мүлкі тәркіленді.
Қаржылық мониторинг агенттігі Шымкенттің лауазымды тұлғаларына және «Қуатжылуорталық-3» МКК-ға қатысты сметалық құнды арттыру, сондай-ақ нақты орындалмаған жұмыстар үшін ақы төлеу арқылы қаладағы жылу желілері мен электр беру желілеріне жөндеу жүргізуге бөлінген 1,1 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
Сонымен қатар, күдіктілер ұрланған қаражатты жылыстату үшін "қолма-қол ақша жасаушылар" тобын тартқан. Олар 7% мөлшерінде ақшалай сыйақы үшін бөгде тұлғаларға ресімделген 24 күмәнді кәсіпорын арқылы тауарларды жеткізу және қызмет көрсету жөніндегі мәмілелер туралы жалған құжаттар (шот-фактуралар, жүкқұжаттар, орындалған жұмыс актілері, шарттар) берген.
Параллельді қаржылық тергеу шеңберінде қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған жылжымайтын мүліктер, атап айтқанда, Шымкент және Астана қалаларындағы 2 пәтер, 1 тұрақ орны, Шымкент қаласындағы 3 жеке үй және банк шоттарындағы тыйым салынған 50 миллион теңге анықталып, тәркілеу мақсатында сот санкциясымен тыйым салынды.
Сот үкімімен барлық жеті айыпталушылар 2 жылдан 7,5 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды.