Жаңалықтар

Ақтөбе облысында білім бөлімінің басшысы мектеп директорынан ақша жинатып, жұмсап жіберген

фото: gov.kz

Оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы мен пробациялық бақылау тағайындалды

Ақтөбе облысы Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы қызметін асыра пайдаланғаны үшін сотталды. Ол мектеп директорынан ақша жинатып, жұмсап жіберген.

Іс Қылмыстық кодекстің 361-бабы 1-бөлігі бойынша қаралды. Айыптау актісіне сүйенсек, Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы қызметін атқарған лауазымды тұлға мектеп директорына қоңырау шалып, әріптестерінен ақша жинауды тапсырады. Нәтижесінде жиналған 1 500 000 теңге ақшаны иемденіп, өз қажетіне жұмсаған. Бұл қылмыстық іс сотқа түспей тұрып, прокурор мен сотталушы арасында процестік келісім жасалды. Сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындады. Мемлекеттік айыптаушы процестік келісімге сәйкес сотталушыға 1 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. 

— Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы мен пробациялық бақылау тағайындалды. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ, — деп хабарлады Шалқар аудандық сотының баспасөз қызметі.