Екі жүзге жуық бала қатысқан «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалі өтті
Бүгін Астанада Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 200-ге жуық баланың қатысуымен «Тең мүмкіндіктер» республикалық инклюзивті спорт фестивалі өтті. Бұған дейін осындай фестивальдер елдің 18 өңірінде ұйымдастырылған болатын. Енді іріктеу ойындарының жеңімпаздары финалдық кезеңге қатысу үшін елордаға жиналды.
«Тең мүмкіндіктер» фестивалі «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының бастамасымен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Оқу-ағарту министрлігі, Қазақстанның бочча федерациясы, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы, Спортты дамыту дирекциясы және Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылды.
«AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова азаматтар, соның ішінде өскелең ұрпақ үшін кедергісіз орта құру партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуы керек екенін айтқан болатын. Партиямыздың бастамасымен өтіп жатқан «Тең мүмкіндіктер» инклюзиялық спорт фестивалі ерекше қажеттіліктері бар балалардың әлеуетін ашуға, қоғамға бейімделуге, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға, сондай-ақ олардың қатарластарының арасында түсіністік қалыптастыруға ықпал етеді. Осындай іс-шаралар арқылы біз инклюзивті қоғам құруға, балалардың таланттарын дамытуға және олардың болашаққа деген сенімін нығайтуға нақты қадамдар жасап жатырмыз», – деді ол.
Партия хатшысы фестиваль спорттық жарыстар арқылы балалар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Іріктеу кезеңдері еліміздің 18 өңірінде өтіп, 1800-ге жуық баланы қамтыды, олардың үштен бірі – ерекше қажеттіліктері бар балалар.
Өз кезегінде, Оқу-ағарту вице-министрі Арай Оразова балалар спортын дамытудың маңыздылығына тоқталып, ведомство басшысы Ғани Бейсембаевтың атынан фестиваль қатысушыларына арналған құттықтауды оқыды.
Фестиваль аясында қатысушылар жеңіл атлетика, бочча және эстафета бойынша сынға түсті. Іс-шараға еліміздің 16 өңірінен 189 бала тіркелді, олардың 63-і ерекше қажеттіліктері бар саналады.
«Бұл фестиваль маған жаңа достар табуға, өзімді мықты сезінуге және жаңа спорт түрлерін меңгеруге көмектесті. Осындай іс-шаралардың арқасында біз бір-бірімізді қолдап, баршамыздың тең екенімізді түсінеміз», – деп бөлісті қатысушы Аружан Сейтқасым.
Айта кету керек, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау – «AMANAT» партиясының басты басымдықтарының бірі. Партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында медициналық мекемелердің электрондық құжаттары негізінде мүгедектікті белгілеу үдерісі заңнамалық түрде бекітілді; мүгедектігі бар адамдар үшін тауарлар мен қызметтерге тапсырыс беруге арналған «Aleumet» қосымшасы іске қосылды; ерекше қажеттіліктері бар 15 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды; әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының шамамен 4 мың нысаны бейімделді; дамуында ауытқулар бар және олардың пайда болу қаупі бар кішкентай балаларға арналған 8 ерте араласу орталығы ашылды; мектептерде 63 инклюзияны қолдау кабинеті жұмысын бастады. Сонымен қатар биыл 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақылар көбейтілді.