Жаңалықтар

Ұлттық қордан желтоқсанда 900 млн доллар сату жоспарланып отыр

istockphoto.com

Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт бөлу үшін 800-900 млн АҚШ доллары көлемінде валюта сату жоспарланып отыр.

Қараша айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 5%-ға әлсіреп, 1 АҚШ доллары 512,52 теңгеге дейін барды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 278 млн-нан 262 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 5,5 млрд АҚШ долларын құрады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұлттық банктің мәліметінше республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін қараша айында Ұлттық қордан 1 260 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 23%-ын және күніне 60 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады. Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды.

Үкіметтің алдын-ала болжамы бойынша республикалық бюджетке трансферт бөлуге 2024 жылғы желтоқсанда Ұлттық Банк Ұлттық қордан 800 млн-нан 900 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сату жоспарланып отыр.

БЖЗҚ валюталық активтерінің үлесі осыған дейінгі жоспарға сәйкес шамамен 40% екенін ескере отырып, Ұлттық Банк қарашада зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алған жоқ. Желтоқсанда да валюта сатып алу жоспарланбайды.