Саясат

«Орталық Азия – Қытай» форматындағы Сыртқы істер министрлерінің бесінші кездесуі өтті

СІМ

Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу басқарды

Бүгін Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Қытайдың сыртқы саяси ведомстволарының басшыларын біріктірген «Орталық Азия – Қытай» форматындағы Сыртқы істер министрлерінің бесінші кездесуі өтті, деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігі.

Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу басқарды.

Іс-шара серіктестікті нығайту, өңірлік және халықаралық маңызы бар негізгі мәселелерді талқылау үшін маңызды алаң болды. Кездесуде тараптар саяси диалогты тереңдетуге, экономикалық байланыстарды дамытуға және мәдени-гуманитарлық алмасуларды нығайтуға өз міндеттемелерін растады. Министрлер «Өңірдің тұрақтылығы, қауіпсіздігі және орнықты дамуы» тұжырымдамасы шеңберінде бірлескен жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Талқылаудың негізгі тақырыптары экономикалық ынтымақтастық, аймақтағы қауіпсіздік мәселелер, көлік-логистикалық ынтымақтастық, климат және экология, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту болды.