Астанада жатақханалардың бірінде өрт шықты
Ғимараттан 40 адам, оның ішінде 10 бала эвакуацияланды
Астанада Алматы ауданы, Бұқтырма көшесінде орналасқан ғимараттың жатақхана ретінде пайдаланылатын бөлігінде өрт шықты.
Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады. Өрт ғимараттың үшінші қабатында басталып, от төбе жабындысы мен шатырды да шарпыған.
Өрт сөндірушілер келгенге дейін ғимараттың үшінші қабатындағы жабын опырылып түскен. Ғимараттан 40 адам, оның ішінде 10 бала эвакуацияланды. Оқиға орнында өрт сөндіру бойынша жедел штаб пен эвакуацияланғандар үшін жылыту пункті ұйымдастырылды. ТЖМ медицина және апаттар орталығының қызметкерлері зардап шеккендерге медициналық және психологиялық көмек көрсетті.
Қазіргі уақытта зардап шеккендердің саны туралы ақпарат нақтыланып жатыр. Өрт сөндірілді, алдын ала мәлімет бойынша оның аумағы 300 шаршы метрді құраған. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр.