T-LIFE

Кофе жидегінің сығындысы есте сақтау қабілетін жақсартуы мүмкін

сурет: istockphoto.com

Орта жастағы ересектерге жүргізілген соңғы плацебо-бақыланатын зерттеу кофенің дәнімен бірге өңделген жидегінің сығындысы жұмыс жадысын және реакцияны тежеу қабілетін жақсартатынын анықтады. Nutrients журналында жарияланған мақалаға сәйкес, құрамында 200 мг кофеинсіз кофе жидегі сығындысы бар бір капсуланы қабылдау когнитивтік тапсырмалардың екі түрін орындауда жоғары нәтижелер көрсеткен.

Кофе жидегі дегеніміз не?

Кофе жидегі – бұл кофенің сыртқы қабығын, жұмсағын және ішіндегі дәндерін (тұқымдарын) қамтитын кофе өсімдігінің жемісі. Әдетте тек дәндері қолданылады, ал қалған бөлігі тасталады немесе компост ретінде пайдаланылады. Алайда соңғы жылдары кофе жидегі антиоксиданттарға, әсіресе хлороген қышқылдарына бай болуына байланысты танымал бола бастады.

Мұндай жидек құрамындағы кофеин табиғи және оның қабығы мен жұмсағының жеңіл тәтті дәмі бар. Кейде олардан каскара шайы жасалады.

Зерттеу қалай жүргізілді?

Зерттеуді Дженнифер Л. Робинсон бастаған ғалымдар тобы жүргізді. Олар Coffea arabica-дан алынған кофеинсіз кофе жидегінің патенттелген сығындысын пайдаланып, оның когнитивтік қабілеттерге әсерін зерттеді. Сығынды құрамында кофе полифенолдары жоғары деңгейде болған.

Ғалымдар 200 мг кофе жидегі сығындысын бір рет қабылдаудың жұмыс жадысы мен реакцияны тежеу тапсырмаларын жақсартатынын болжады.

Жұмыс жадысы – уақытша ақпаратты сақтап, оны өңдеу қабілеті (мысалы, телефон нөмірін жаттап алып теру немесе математикалық есеп шешу). Реакцияны тежеу – қажетсіз импульсивті немесе автоматты әрекеттерді басу қабілеті (мысалы, артық сөз айтудан өзін-өзі ұстау немесе назарын аудартатын нәрседен бас тарту).

Зерттеуге 40 пен 65 жас аралығындағы 323 сау ересек адам қатысты, оның 202-сі әйелдер. Қатысушылар екі топқа бөлінді. Бірінші топ 28 күн бойы таңертең 200 мг кофе жидегі сығындысы бар капсула қабылдады. Екінші топ плацебо капсуласын (микроцеллюлоза) қабылдады.

Қатысушылар да, зерттеушілер де кімнің нақты қандай капсула қабылданғанын білмеді.

Нәтижелері қандай болды?

Әр жеті күн сайын қатысушыларға белгіленген капсуланы қабылдағаннан кейін бір сағат өткен соң когнитивтік бағалау жүргізілді. Тапсырмалар жұмыс жадысы, назар аудару, дәлдік және реакцияны тежеу сияқты қабілеттерді тексерді. Нәтижелер жұмыс жадысының өнімділігі мен реакцияны тежеу дәлдігі жақсарғанын көрсетті. Ұзақ мерзімді түрде бұл жақсартулар одан әрі анық байқалды. Зерттеушілер бұл нәтижелердің когнитивтік функцияны жақсартуға көмектесетін жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтады.