Мейірімі мол мейіргер
Батыржан Қабылұлы – осы Жүрек орталығының Диагностикалық бөлімшесінің аға мейіргері. Киелі Торғай елі Жангелді ауданында дүниеге келген Батыржан 8-сыныпты бітіргенде Астанаға қыдырып келеді. Бас қаланың сұлулығына тамсанып, келесі жылы осында оқуға түсуді ойлап қайтады. Айтқанындай, орта мектепті Арқалық қаласында тәмамдайды да, дәрігер боламын деген асқақ арманын үкілеп, Астана медициналық колледжіне оқуға қабылданады. Алғашында медицина саласын таңдағанына таңданыс білдіргендер де аз болмаған. Өйткені Жүнісовтер отбасында барлығы білім саласының мамандары. Әкесі кезінде мектеп басқарса, анасы математика пәнінің маманы, оқу ісінің меңгерушісі болған. Қазір ол кісілер зейнет демалысында. Батыржан бес ағайынды. Үлкен ағасы, екі әпкесі бар. Ата-анасының, алдыңғы буын аға-әпкелерінің ақ батасын алып, бас қалада төрт жыл білім алған оның мамандығына деген сүйіспеншілігін байқаған қарындасы да медицина саласын таңдайды. Ол Ақтөбе медицина университетіне оқуға түсіп, акушер-гинеколог мамандығы бойынша жұмыс істеп жатыр.
– Әлемде мыңнан астам мамандық болғанымен, адам өмір жолында соның бірін ғана таңдайды. Мен мейіргерлік салаға кездейсоқ келген жоқпын. Бала кезімнен медицина саласында жұмыс істеуді армандадым. Шүкір, бүгінде осы салада еңбек етіп жатқаныма 15 жылдан асыпты. Алғаш еңбек жолым қаладағы Наркологиялық диспансерден басталды. Онда төрт жыл істеп, біраз тәжірибе жинақтаған соң бір деңгейде қалып қоймай, жаңа бағыттарды көру мақсатында Қазақстанның білікті, мықты клиникаларын зерттей бастадым. Таңдауым Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығына түсті. Мұнда мен №1 кардиохирургия бөлімшесіне мейіргер болып жұмысқа қабылдандым. Бұл 2012 жыл болатын. Менің негізгі міндетім – ота жасалған науқастарды күту, оларды аяққа тұрғызу. Бес жыл жұмыс істеген соң мені 2017 жылы диагностика бөлімшесіне аға мейіргер лауазымына ауыстырды, – дейді Батыржан.
Кардиохирургия бөлімшесіндегі мейіргерлердің негізгі қызметі науқас ауруханаға түскен сәттен басталады. Оны палатаға орналастыру, орталықтың ережелерімен таныстыру, алғашқы тексерістер жасау, сұхбат жүргізу, қажетті анализдер алу. Мәселен, ертең қандай науқастардың отаға баратыны анықталған сәттен мейіргер оларға психологиялық дайындық жұмыстарын жүргізеді.
– Әр ота әртүрлі өтеді. Орталықта жылына 2 000-нан астам адамға ота жасалады. Оның ішінде 500-700-і балалар. Отаның басым бөлігі балаларға жасалатыны өкінішті. Бізге науқастардың отбасымен аман-есен қауышып, ары қарай ауырмай кеткені үлкен қуаныш сыйлайды. Алайда медицинаның да күші келмейтін сәттер болады. Жұмысымдағы ең қиын сәт – осы кез. Марқұмның туыс-туғандарымен кездесіп, жеке заттарын табыстағанда олардың қайғыларын көру өте ауыр. Жалпы, медицина саласы білімнен бұрын адам баласынан үлкен жауапкершілікті, кең жүректі, мейірімді, адамгершілікті қажет етеді, – дейді кейіпкеріміз.
Өмір бойы оқу тенденциясы медицина саласы үшін аса маңызды. Күн сайын жаңарып, технологиялар дамып жатқан салада сұранысқа ие маман болу үшін адам өзін үздіксіз дамытып отыруы керек. Дертіне ем сұрап келген науқастың бетін қайтаруға дәрігердің еш хақы жоқ. Өйткені дәрігер адам баласын нәсіліне, жасына, жынысына, ұлтына қарамастан емдеуге ант берген.
– Әрине, қателік жіберетін кезіміз де болады. Қателіктен сабақ аламыз. Келесі жолы ең алдымен оны дер кезінде анықтау, алдын алу, болашақта болдырмаудың амалын жасаймыз. Біздің орталықта инцидент деген форма толтырылады. Сонда қателік бір реттік пе немесе жүйелі түрде болып тұратын нәрсе ме деген секілді талқылаулар жүргізіледі. Қажет болса оқу-әдістемелік құралдарды, оқу материалдарын ақтарып, курстарға қатысып, мейіргерлер өзінің білім деңгейін әрқашан үздіксіз арттырып отырады, – дейді Батыржан.
Медицина саласында тез шешім қабылдайтын экстремалдық жағдайлар жиі болады. Мәселен, науқас талып, ес-түссіз жатса, оның жүрек қағысы, дем алысы, тамыр соғысы байқалмаса, алғашқы медициналық көмек көрсетілуі керек. Мұны әрбір медицина қызметкері «5-ке» білуі тиіс. Ал Жүрек орталығына жұмысқа орналасқан әрбір қызметкер алғашқы медициналық көмек бойынша арнайы курстардан өтіп, білімін жетілдіріп, біліктілігін шыңдайды. Тіпті, кей жағдайда қаншама жыл тәжірибесі бар дәрігерлердің өзі асығыстық танытып немесе сасқалақтап қалады. Осындай сәттерде тәжірибелі мейіргерлер дәрігерге демеу болып, қолұшын созып, білгенімен бөліседі. Ал психологиялық, эмоциялық қиындықтар болған жағдайда орталықта психолог маман ұжымды жинап, әртүрлі форматта тренингтер өткізіп, эмоциялық күйзелістердің алдын алу бойынша жұмыс жүргізеді.
– Жұмыс барысында ең есте қалған ерекше оқиғаларға 2019 жылы басталған COVID-19 пандемиясын жатқызар едім. Сол кезеңде біздің орталықта бірнеше бөлімше ашылып, өте ауыр халде түскен науқастарға арнайы медициналық күтім көрсетіп, ем жасап, қызметімізді адал атқардық. Алғашында 15 күндеп кезекшілік атқардық. Бұл оңайға түскен жоқ. Бір жағынан науқастардың ауруы қыспаққа алса, екінші жағынан өз жағдайымыз да тықсырды. Өйткені біз арқылы отбасымыздың ауру жұқтыру қаупі өте жоғары еді. Сондай ауыр кезеңдерде істеген жұмысымды ескерген болар, 2020 жылы Денсаулық сақтау министрі «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады, – деп еске алды мейіргер.
Батыржанның айтуынша, ең қиын ота – жүрек трансплантациясы. Жүректі қажет ететін науқастар саны мыңдап саналады. Кардиохирургия саласында мейіргер болу үшін мамандықты жүректің қалауымен таңдауың керек. Бұл салаға кездейсоқ адам келмейді. Мейіргердің бойында жанашырлық, жауапкершілік, адамгершілік қасиеттер болуы хақ. Мейірімі мол мейіргер ғана науқастың тәнімен қатар жанын да емдей алады. Бүгінде диагностикалық бөлімшеге еліміздің түпкір-түпкірінен адамдар келіп қаралады. Себебі аймақтарда аурудың диагнозын дәл қою қиын. Аппарат ескі, барлық маман бірдей білікті емес дегендей. Сондықтан өңірдегілер науқасты бірден Астанадағы Жүрек орталығына жібереді. Мұнда мамандардың біліктілігі жоғары, науқасты зерттейтін құрал-жабдықтар шетелден сатып алынған, бәрі жаңа. Жақында Орталық Азия бойынша осы орталықта жаңа технология іске асырылып жатыр. Бұрын марқұмнан алынған орган донорға Transmedics деген шетелдік аппаратпен жеткізілетін. Бұл аппараттың мүмкіндігі шектеулі еді, яғни органды аз уақытта донорға жеткізіп үлгеруі керек, әйтпесе донордың күткен еңбегі еш кетеді. Ал орталық енгізген жаңа технология бойынша енді адамның органдары алыс аймақтарға, өңірлерге бір тәуліктен асатын мерзім ішінде жетеді. Бұл – трансплантация саласындағы үлкен жетістік. Өйткені ғалымдардың айтуынша, алдағы 10 жылда жүрек-қан тамырлары аурулары әлі де кең таралады. Сонымен қатар жүрекше фибрилляциясы бар науқастар үшін де жаңа технология енгізу өте маңызды. Биыл UMC мамандары ТМД және Орталық Азия елдері арасында бірінші болып жүрек аритмиясы бар пациенттерді емдеудің Farapulse деп аталатын ең жаңа электро-импульсті абляция технологиясын енгізді. Технология қауіпсіз, жылдам әрі жас мамандардың оқуына оңай.
– Жұмысымыздың шексіз рахатын науқасты күрделі отадан кейін жансақтау бөлімінен бөлімшеге ауыстырып, мейіргерлердің жоғарғы деңгейдегі күтімінің, біліктілігінің арқасында аяғына тұрғызып, алғашқы қадамдарын бірге жасап, соңында науқастың үйіне шыққандағы алғысы, «Бақытты бол, айналайын» деген сөздері ләззат сезіміне бөлейді. Науқастың өмірін құтқару – ең басты борышым. Адамдарға көмек көрсету ол жұмыста болсын, жұмыстан тыс жерлерде болсын – менің міндетім. Біз әрқашан оқыған білімімізді керек жерінде қолданып, адам өміріне арашашы болуымыз керек. Мамандығымыздың басты миссиясы да осы, – дейді ағынан жарылған мейіргер.
Қазір Батыржанның қол астында 17 мейіргер жұмыс істейді. Олардың әрқайсымен дұрыс қарым-қатынас орнату, тіл табысу, жұмысты бірдей жауапкершілікпен атқару да үлкен еңбек. Жүрек орталығында топтық жұмыстың орны өте ерекше. Мұндай жұмыстар бұл жерде өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған, әр түскен науқасқа мультидисциплинарлық көзқараспен қарап, көптеген маман жұмылдырылады. Жалғыз мейіргердің ғана арқасы емес, сондай-ақ дәрігерлер, кардиологтар, анестезиолог-реаниматологтар, психологтер, психотерапевттер және де жан сақтау бөлімінен кейін науқаспен физиотерапия бөліміндегі қызметкерлер, массажистер жұмыс істейді. Міне, осындай топтық жұмыстың нәтижесінде дертінен құлан-таза айыққан адамдар еліміздің әр түпкірінде елеулі еңбек етіп жүр. Мұның бәрі, әуелі Алла, кейін дәрігер мен Батыржан секілді мейіргерлердің еңбегінің жемісі.
– Мен жастарға медицина саласын қорықпай таңдауға кеңес беремін. Бұл – ең абзал мамандықтың бірі. Әлемдегі әртүрлі мамандықтардың жартысын бүгінде роботтар, жасанды интеллект, техникалар мен машиналар алмастырған. Алайда ешқандай робот, ешқандай машина адамның мейірімін, жанашырлығын, ілтипатын алмастыра алмайды. Өздеріңіз білесіздер, бұрын мейіргер лауазымында қыз балалар көп жұмыс істесе, бүгінде әртүрлі бөлімшелерде жігіттерді жиі кездестіресіз. Әсіресе, жан сақтау бөліміндегі операциялық бөлімшелерде ұл балалардың атқаратын рөлі зор. Қазір мейіргерлер үшін де көп мүмкіндік қарастырылған. Олардың қатарында шетелде оқу, тәжірибе алмасу бар. Кез келген мейіргер өзі қалаған мемлекетті, қаланы таңдап, біліктілігін арттырып, курстарға қатыса алады, – деп ойымен бөлісті кейіпкеріміз.
Жүрек орталығының Диагностикалық бөлімшесінің аға мейіргері болып жұмыс істейтін Батыржан күн сайын Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген әртүрлі пациентпен кездеседі. Олардың әрқайсының үйіне аман-есен жетіп, жақындарымен қауышқанын қалайды. Үш баланың әкесі Батыржан үшін Астана қаласында жұмыс істеудің өзі – бір бақыт. Орталық Азия мен ТМД-дағы алғашқы Академиялық медициналық орталықта еңбек ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мұнда тек мықты, білікті, кәсіби және еңбекқор жандардың басы қосылған.
– Адам өмірде екі нәрседен қателеспеуі керек дейді ғой. Бірі – жар таңдау болса, екіншісі – мамандық таңдау. Мен екеуінен де шатаспаған, жолы болған адаммын деп ойлаймын. Бас қалада жүрегім қалаған мамандықтың иесі атанып, жүрегімнің жартысын тауып, өз сүйгеніме қосылдым. Сүйікті жұмысым, мені әрдайым қолдайтын, қандай жағдайға да түсіністікпен қарайтын аяулы жарым бар. Үш баланың ата-анасымыз. Болашағымызды бас қаламен байланыстыра отырып, әлі де талай биік белестерді бағындыратынымыз анық. Ал биік белеске еңбек пен тәртіптің арқасында қол жеткізе аласыз. Бақыттың кілті – еңбекте. Сондықтан өзімнің, отбасымның аяғынан, қалаберді мемлекетіміздің аяғынан нық тұруына өз үлесімді қосатынымды мақтаныш етемін, – деді жүрегі мейірімге толы мейіргер Батыржан.
Атына заты сай, қиындықтан қорықпайтын, кез келген істі дөңгелетіп үйіріп алып кететін оның ылғи да күлімдеп жүретінін байқадық. Науқастарды жымиған күлкісімен-ақ баурап алатын Батыржанның өмірдегі басты мақсаттары орындала берсін деп тіледік.
А.БИМЕНДИЕВА