Қос арыстың толық академиялық жинағы жарық көрді
Іс-шара барысында Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының дайындауымен және Түркі Академиясының қолдауымен жарияланған Ахмет Байтұрсынұлы мен Мағжан Жұмабайұлының көптомдық академиялық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Жиында Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Әдебиет және өнер институты бас директорының орынбасары Эльмира Омарова, мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов, Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Серік Негимов және мемлекет қайраткері Сауытбек Әбдірахманов сөз сөйледі. Сонымен қатар шараға дипломатиялық миссиялардың басшылары мен өкілдері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері және депутаттар қатысты. Эльмира Омарова Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжановтың атынан Түркі Академиясының президентіне алғыс хат табыстап, көптомдық жинақтарды әзірлеудегі тығыз ынтымақтастық үшін, сондай-ақ түркі әлемінің ұлы тұлғаларының мәдени мұрасын зерттеуге қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді. Өз сөзінде Шаһин Мұстафаев Ахмет Байтұрсынұлы мен Мағжан Жұмабайұлының түркі әлемі үшін тарихи әрі мәдени маңызына тоқталды.
– Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің негізін қалаушы және әліпби реформаторы ретінде түркі ғылымының дамуына баға жетпес үлес қосты. Оның ортақ түркі терминологиясы мен әдеби тілді қалыптастыру туралы идеялары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ал Мағжан Жұмабайұлы өзінің шығармашылығымен ұлттық сананы оятып, түркі әлемінің бірлігін дәріптеген ұлы тұлға болды. Оның «Алыстағы бауырыма» сияқты өлеңдері бауырлас халықтар ынтымағының жарқын үлгісі болып табылады, – деді Түркі Академиясының басшысы.
Сонымен қатар Шаһин Мұстафаев Алаш қайраткерлері көрегендікпен сенген Түркістан идеясының тәуелсіз түркі мемлекеттерінің интеграциясы дәуірінде де өз маңызын сақтап отырғанын атап өтті. Ол биыл қыркүйек айында қабылданған Ортақ түркі әліпбиін Ахмет Байтұрсынұлы мен түркі әлемінің басқа да ұлы ағартушыларының асыл мұраттарының орындалуы ретінде бағалап, Түркі Академиясының мұндай маңызды бастамаға үлес қосқанын үлкен мәртебе санайтынын жеткізді. Шара барысында Түркі Академиясының түркі әлемінің ұлы тұлғаларының мұрасын зерттеуге және насихаттауға бағытталған іргелі жобалары да таныстырылды. Академияның «ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы түркі ағартушылығы: зиялылардың өмірі мен идеялары» жобасы аясында ұлттың өркендеуіне қызмет еткен ойшылдардың өмірбаяндары мен идеялары жинақталуда. Келер жылы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай оның таңдаулы еңбектерін түрік оқырмандарына ұсыну жоспарда бар.