Жаңалықтар

ҚР және РФ Президенттері ҚазҰУ-дың Омбыдағы филиалын ресми түрде ашты

Сурет: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Дәрістер қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізіледі, сондай-ақ шетелдік ғалымдарды білім беру процесіне тарту көзделіп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалын ресми түрде ашты, деп хабарлады turkystan.kz.

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі жариялады.

Аталған іс-шара Ресей Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында жүзеге асты.

Іс-шараға ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев пен ОмМУ ректоры Сергей Замятин қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында: «Еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен шетелдік университеттердің филиалдары экономикамыздың басым салалары үшін ғалымдар мен білікті мамандарды жедел даярлауға тиіс», - деп атап өткен болатын.

Ресейдегі тұңғыш ашылған қазақстандық жоғары оқу орнының филиалы талапкерлерді 2025 жылдың қыркүйегінен бастап қабылдайды. Қазақстан мен Ресей Үкіметі студенттерді оқыту үшін 200 білім беру грантын бөлуді қарастырған.

ҚазҰУ филиалы «Халықаралық құқық», «Қазақ филологиясы» және «Кеден ісі» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша бакалавр біліктілігі бойынша мамандар мен магистранттарды даярлайды. Болашақта қос дипломды білім беру бағдарламасы жүзеге асырылмақ.

Дәрістер қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізіледі, сондай-ақ шетелдік ғалымдарды білім беру процесіне тарту көзделіп отыр.

Ресей Федерациясында жетекші қазақстандық ЖОО филиалының ашылуы Еуразиялық интеграция шеңберінде екі елдің ғылыми және білім беру әлеуетін дамытуға және одан әрі ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалдары Түркияның Ыстамбұл және Қырғызстанның Бішкек қалаларында жұмыс істеп тұр.