Спорт

17 жастағы каратэші Елнұр Дауылбай әлем чемпионы атанды

kazsports.kz

Спорттағы 10 жылдың өзінде Елнұр 32 алтын медаль, 22 күміс, 28 қола және 26 кубок жеңіп алып үлгерді.

Жапония астанасы Токиода өткен киокушинкай каратэден әлем чемпионатында отандасымыз Ернұр Дауылбай алтын медаль жеңіп алып, жеңімпаз атанды, деп хабарлады Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Ол 17 жасында осындай маңызды жетістікке жетіп, тынымсыз еңбектің арқасында кезекті шыңды бағындырды.

Елнұр 2007 жылы 10 қарашада Астана қаласында дүниеге келген. 2014 жылы Астана қаласындағы №66 мектепке барған, ал бір жылдан кейін «Astana English School» мектебіне ауысып, үздік оқушылардың бірі, әрі құрдастарына үлгі болды.

Елнұрдың каратэдегі жолы 7 жастан басталады. Ол алғашқы қадамын «Астана каратэ орталығында» жаттықтырушы Арман Мұхамедрахымның жетекшілігімен жасады. Кейінгі жылдары оның даярлық процесін Қазақстан киокушинкай KWF федерациясының жаттықтырушысы Дархан Рахимжанов қадағалап, спортшыны жаңа деңгейге көтерді.

Спорттағы 10 жылдың өзінде Елнұр 32 алтын медаль, 22 күміс, 28 қола және 26 кубок жеңіп алып үлгерді. Ал ең маңызды жетістігі – 16 жастан асқанда каратэден Спорт шебері атағын алуы.

Елнұрдың жетістіктері:

2022 жыл – Азия чемпионы.

2024 жыл – Қазақстан Республикасының чемпионы.

2024 жыл – Еуропа чемпионы (65 кг салмақ дәрежесінде), Түркияда өткен 7-ші Еуропа чемпионатында.

2024 жыл – Әлем чемпионы, Токио.

Жыл сайын Елнұр Германия, Нидерланд, Ресей, Түркия және Жапония сияқты елдерде өтетін жарыстарға қатысып, жоғары деңгейдегі дайындығын көрсетіп келеді. Әлем чемпионы атану арманы мықты тәртіп, күнделікті жаттығулар және отбасының қолдауының арқасында жүзеге асты.