Жаңалықтар

Ақтөбедегі жаңа гимназияда қыздарға арналған дәретхананың есігі жоқ

фото: әлеуметтік желіден

Мектеп әкімшілігі жағдайға қатысты түсінік берді

Желіде Ақтөбедегі гимназиядағы есігі жоқ қыздар дәретханасының суреті пайда болды. Бұған қатысты мектеп әкімшілігі түсінік берді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жазба алдымен Instagram-дағы Aqtobe_sergek парақшасына жарияланған. Фотосуретте арасы бөлінген, бірақ есіктері жоқ екі дәретхана тұр.

Мектеп-гимназияға жаңа ғимарат қосылды. Бұл балалардың заманауи ғимаратта оқитыны өте қуантады, бірақ мектеп әкімшілігінің байқамай отырған мәселесі – дәретхана. Атап айтқанда, қыздарға арналған есігі жоқ дәретхана. Неліктен қыздарға мұндай қарым-қатынас жасалды? Олардың қажеттілігіне неліктен құрметсіздік көрсетілген? Мұндайды қалай жобалап, қолданысқа беруге болады? - делінген жазбада.

Жазбаға пікір жазғандар қатарында мектеп әкімшілігінің өкілдері де бар. Олар жағдайға қатысты түсінік берді.

№2 мектеп-гимназиясының әкімшілігі мектептің қосымша ғимараты жақында ғана пайдалануға берілгенін хабарлады. Алдағы уақытта аталған мәселе шешілетін болады, - делінген онда.

Сонымен қатар қадағалаушы ведомство да пікір білдірген. Олар өтініш Ақтөбе облысының ахуалдық орталығында тіркеліп, құзыретті ұйымның қарауына жіберілгенін мәлім етті.

Ал HALYQSTAN Telegram-арнасының мәліметінше, құрылыс жұмыстарына 815 миллион теңге жұмсалған. Қосымша ғимараттың құрылысы былтыр басталып, ғимарат биыл пайдалануға берілген.