Жаңалықтар

«Шизофрения диагнозы қойылған қыз санитардан жүкті болған»: Түркістандағы психикалық мекемеде екі қыз зорланған

Фото: pixabay.com

Тіпті, шизофрения диагнозы қойылған 17 жастағы қыз санитардан жүкті болып қалыпты

Түркістан облысында психикалық мекемеге жатқызылған ауытқуы бар бойжеткен емделудің орнына жүкті болып шықты, деп хабарлайды turkystan.kz Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл жағдайды екі бойжеткеннің анасы мәлімдеген. Кәмелет жасына толмаған олардың бірі тіпті ауруханадан емделіп шығудың орнына жүкті болып қалған. Ал науқастарға азғындық жасады деген орталық қызметкерлері әлі жауапқа тартылмаған.

Психикалық ауытқушылығы бар бойжеткеннің анасы 17 жастағы қызына 3 жыл бұрын шизофрения диагнозы қойылып, содан бері психикалық денсаулық орталығында ем алғанын айтады. Алайда облыстық мекемеге емдеуге жіберген қызы қорланып келген. Зорлықтың қашан басталғаны белгісіз. Белгілісі, науқастың бойына бала біткенін анасы 2 ай өткенде бір-ақ білген.

Узиге апардым. Сол кезде 10 апта 4 күн деп берді. Бір емес, екі узиге түсірдік. Сол кезде іштегі баланың 2,5 айлық екенін білдік. Қызымның тергеуде айтқаны, бәрін теледидар бөлмесінде, камерасы жоқ жерде темір кереуетке аяқ-қолын байлап, ұйықтататын аминазин деген уколды салып тұрып екі санитар істеген екен. Олар мұны камерасы жоқ жерде, баспалдақта да төбені жинатамыз деп шатырға шығарып істеген, - дейді анасы.

Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығында жатып, қызметкерлерге қорландым деген тағы бір бойжеткен бар. 21 жастағы науқас болған жайтты бірден жақындарына мәлімдеген. Жәбірленушіден анализ де алынған.

Алайда арызды бірден қабылдамаған құзырлы орган өкілдері 3 айдан бері қол қусырып отыр, - дейді зорлық көрді деген қыздың анасы.