Жаңалықтар

Түрікменстанда қазақстандық блогер қамауға алынды

сурет ашық дереккөзден алынды

Сыртқы істер министрлігі түсініктеме берді.

Түрікменстан шекарашылары «Евро Союз» лақап атымен танымал қазақстандық блогер Ерхат Құсайыновты тұтқындады, деп хабарлады turkystan.kz El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Алматыдан Абу-Дабиге автостоппен аттанған блогер он шақты күннен бері хат-хабарсыз еді. Соңғы рет ол 17 қарашада  Самарқан мен Бұхарада болғанын айтқан. Содан бері байланысқа шықпаған блогерді оның достары іздей бастады.

Ерхаттың Диас есімді блогер досы оның Түрікменстанға жетіп, сол жақтағы мемлекеттік органдармен қиындықтарға тап болғанын жазды.

Достар, Ерхат табылды! Қазіргі уақытта ол байланысқа шыға алмайды. Тек оның тірі және Түркіменстанда екенін білеміз. Шамасы, сол жақтағы мемлекеттік органдарға қатысты мәселелер бар, визаға немесе құжаттарға байланысты болуы мүмкін, бұл әлі анық емес, – деп жазды блогердің досы. 

Ақпаратты сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров растады.

Оны түрікмен шекарашылары өзбек-түрікмен мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін ұстады, біздің елшілік бұл мәселеден хабардар, консул ұсталған азаматпен кездесуді сұрады, – деді Смадияров.