Шетелдіктерді Қазақстан шекарасынан заңсыз өткізбек болған 9 адам ұсталды
Полиция Түркістан облысында заңсыз көші-қонмен айналысқан адамдар тобын ұстады.
Түркістан облысында полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында шетел азаматтарына мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуге көмек көрсетумен айналысқан адамдар тобының қызметін тоқтатты, деп хабарлады turkystan.kz порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Нақтырақ айтсақ, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері шетелдіктерге шекарадан өту үшін жалған сот қаулыларын берген 9 адамды ұстады. Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру және құжаттарды қолдан жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған. Барлық мән-жай анықталып жатыр. Сонымен қатар жоғарыда аталған жалған құжаттардың көмегімен ҚР шекарасынан өтуге тырысқан 10 шетелдік азамат елден шығарылды.