"Дубай шоколадын" алу үшін германиялықтар 10 сағат бойы кезекке тұрып жатыр
Германияның Берлин қаласында танымал "Дубай шоколады" үшін ұзын-сонар кезек пайда болып жатыр. Кондитер Әли Фахроның айтуынша, таңертең әзірленген бұл тәттілерді дүкен сөресіне қойса, бірнеше сағат ішінде сатылып кетеді. Алғашқы күні небәрі 20 данасын дайындаған ол кейін 50, содан соң жүздеген шоколад дайындай бастаған.
"Дубай шоколадтарының" танымалдығы 2021 жылы Дубайдан шыққан британдық-египеттік кәсіпкер Сара Хамуданың туындыларынан басталған. Оның "Fix Dessert Chocolatier" бренді шоколадты ерекше салмалар және безендірулерімен атақты етті. Мысалы, оның әйгілі "Can't Get Knafeh of It" атауындағы шоколады пісте, тахини және кнафе салмаларымен ерекшеленеді. Бұл брендтің тәттілері TikTok-та кең таралған видеолар арқылы танымал болды, кейін Германия мен Швейцария сияқты елдерде де сұраныс артты.
Берлинде ғана емес, Швейцарияның Кильчберг қаласында да шоколадқа сұраныс жоғары болды. Танымал шоколад өндірушілер шектеулі шығарылымдар ұсынып, кезек көбейте түсті. Мұндай шоколадтардың бағасы онлайн нарықта 100 доллардан 400 франкқа дейін жетуде.