Жаңалықтар

Президент Жарлығымен екі қолбасшы тағайындалды

Мемлекет басшысы Қарулы күштерге екі қолбасшы тағайындады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен:

Мереке Мәтімұлы Көшекбаев Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы лауазымына тағайындалды;

Ержан Уақасұлы Ыбыраев «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды.

Қазақстан армиясында генерал-майор Мереке Мәтімұлы Көшекбаев әскери училище курсантынан бастап, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысына дейінгі жолдан өтті. Ол әр жылдары жауынгерлік дайындық бойынша жауапты қызметтер атқарды. Бірнеше әскери бөлімдердің командирі, Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Құрлық әскерлері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы болды.

1997 жылы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін, 2007 жылы Ұлттық қорғаныс университетін, 2019 жылы РФ ҚК Бас штабының Әскери академиясын бітірген.

II дәрежелі «Данқ» және «Айбын» ордендерімен, ведомстволық наградалармен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Қазақстан әскерінде полковник Ержан Ыбыраев әскери училище курсантынан "Оңтүстік" әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасарына дейінгі лауазымдық жолдан өтті. Әр жылдары ол жауынгерлік дайындық бойынша жауапты қызметтер атқарды. Бірнеше әскери бөлімдердің командирі, қолбасшының орынбасары – Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының басқармасында жауынгерлік даярлық басқармасының бастығы, штаб бастығы – "Батыс" ӨңҚ әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары болды.

1999 жылы ҚР ҚК Әскери академиясын, 2009 жылы – Ұлттық қорғаныс университетінің әскери және әкімшілік басқару факультетін, 2020 жылы – "Ұлттық қауіпсіздік және мемлекеттің қорғанысы" мамандығы бойынша РФ ҚК Бас штабының Әскери академиясын бітірген.

II дәрежелі "Айбын" орденімен, ведомстволық наградалармен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Отбасылы, 2 бала тәрбиелеп өсіріп отыр.