Жаңалықтар

Ақтөбе облысында балабақша бухгалтерлері 54 млн теңге жымқырған

istockphoto.com

Бюджет қаражатын заңсыз иемденгені үшін бухгалтер 7 жылға сотталды.

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының прокуратурасы мектепке дейінгі ұйымдарда 54 млн теңгеден астам бюджет қаражатын заңсыз иемдену деректерін анықтады.

 «Балауса», «Гүлдер», «Шапағат» және «Арай» балабақшаларының бухгалтерлері басшыларының атынан құжаттарға қол қойып, өздерінің есеп-шоттарына заңсыз ақша аударған.

 Аудан прокуратурасы бухгалтерлерге қатысты ҚК-тің 189-бабының 2 және 4-бөлігіне сәйкес (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізген.

 Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде, «Шапағат» және «Арай» балабақшаларының бухгалтерлері жалпы сомасы 5 млн теңгеден астам шығынды өтеп, қылмыстық іс тоқтатылған.

«Балауса» және «Гүлдер» балабақшаларының бухгалтері 49 млн теңге қаражатты заңсыз иемденгені үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды.