Тайқазан

Пациентіне өз қанын құйған хирург

Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Біреуге бақыт сыйлаған – ол да бір бақыт.

Қанға бөккен дене, сынған мойын омыртқа, езілген іш құрылыс – көз қуантатын көрініс емес. Осындай іске 58 жыл ғұмырын арнап, Созақ ауданының әйгілі хирургы атанған Бүркіт Арынбековпен сұхбаттасқан едік.

«Етім өліп кеткен, қолым үйреніп кеткен дейтіндер бір күні сүрінеді»

– Дәрігер болатын адам мейірімді болуы керек. 20-30 жыл істесең де, әр отаға бөлек қарауың қажет. Етім өліп кеткен, қолым үйреніп кеткен деп  салғырт қарайтындар бір күні сүрінеді. Сүрінгенде де оңбай сүрінеді. Сүрінбеу үшін сол істі алып шыға алатыныңа сенімді болуың қажет. Өзіңе сенімді болмасаң, басқаларды құр үміттендіріп керегі жоқ. Небір ауыр жағдайлар болады. Қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Болжағанымызды пациенттің ағайын-туысына түсіндіріп айтамыз. Үміт болса, үміт бар дейміз. Жағдайы қиын болса, ұзаққа бармайды дейміз. Амал жоқ, айтасың. Бұл жағдай әр дәрігердің басында болады. Медицинаның мүмкіндіктері қалай болғанда да шектеулі ғой.  Құдайдың жаратқан нәрсесін адам дәл солай етіп қалпына келтіре алмайды. Дегенмен істеген ісіңнен ләззат алсаң, оқ тиген, пышақ сұққан адамдар өліп-тіріліп жатып, есін жиып, кейін саған рахметін айтып жатса, көп жылдан кейін кездескенде соны есіне алып, тағы да рахметін жаудырып жатса, одан артық қандай сезім болсын? Біреуге бақыт сыйлаған – ол да бір бақыт. Бақытымды мамандығымнан таптым деп айта аламын, – дейді абзал жан.

Киіз үйде туып, тауда өскен баладан бас дәрігерге дейін

Бүркіт Арынбеков Түркістан облысы, Созақ ауданы, Құмкент ауылының тумасы. 1947 жылдың көктемінде, ата-анасы колхоздың сиырын бағып отырған жырада, киіз үйде жарық дүние есігін ашқан. Сегіз перзенттің кенжесі. Алғашқы әріпті де киіз үйде таныпты. 1963 жылы Құмкенттегі мектептің 8-сыныбын бітірген соң, ағасы алып барған Леңгір медициналық колледжінің фельдшерлік бөлімшесіне түседі. Киіз үйде туып, тауда өскен балаға бастапқыда медицина терминдерін меңгеру оңай болмапты. Адам анатомиясы мен физиологиясын орыс тілінде оқыса, адам ағзаларының атауларын латынша жаттауға тура келген. Дегенмен бала күнінен зерек, алғыр, бала Бүркіт мектепте орысшаны жақсы оқығандықтан, медицинаның терминдерін де меңгеріп кеткен.

1967 жылы колледжді тәмамдап, еліне келіп, еңбекке араласады. Дәрігерлік даңғыл жолы Құмкент ауылдық ауруханасында фельдшерліктен басталған. 20 жасында басталған үздіксіз еңбек жолы 58 жылға созылған. Сол кездегі ауыл-аудандардағы кадр тапшылығынан фельдшерліктен бөлек, медицинаның бірнеше саласын меңгеруге тура келіпті. Алматы мемлекеттік медицина институтының Емдеу факультетіне түсіп, хирургия саласы бойынша интернатура оқиды. Реаниматолог-анестезиолог мамандығын алады. 1977-87 жылдары қатардағы оташы дәрігер, 1987-1994 жылдары Орталық аудандық аурухананың хирургия бөлімшесін басқарған. 1998 жылы Созақ аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері болады.

«Сенің қолыңнан келеді..»

– Анестезиолог-реаниматолог дәрігердің көмегінсіз оташы дәрігер қандай да бір күрделі операция жасай алмайды. Анестезиолог – реаниматолог терең білімді, арнайы даярлықтан өткен, санаулы секундтарда шешім қабылдап, қимылдайтын маман. Қажет кезінде облыс орталығынан білікті оташыларды көмекке шақырғанда, міндетті түрде қасына анестезиолог – реаниматолог дәрігерді ерте келетін. Бірде бас дәрігер кабинетіне шақыртып: «Бүркіт, сен институтта да, интернатурада да жақсы даярлықтан өткеніңді іспен дәлелдеп келесің. Жақсы оташы болып қалыптастың. Бірақ біздің аудандық аурухана үшін тағы бір мамандықты игеруің керек.  Өзің білесің, әрбір күрделі операция жасауға анестезиолог – реаниматолог маманды апта сайын санавиациямен облыс орталығынан алдырамыз. Келіссең, Алматыдағы дәрігерлердің білім жетілдіру институтына анестезиолог – реаниматолог мамандығын даярлайтын оқуға жолдама әперемін. Оташылық мамандық пен анестезиолог мамандығын қоса игеру сенің қолыңнан келеді. Саған сенім артып отырмын, – деді. Сөйтіп анестезиолог болдым, – дейді ақсақал.

Мектепте де, институтта да жақсы оқыған, орта көрген Бүркіт Арынбеков қаладан қанша ұсыныс түссе де, ауылын тастап кете алмаған. Сыртқа шықса ауылына деген сағыныш жеңе берген. Ауылдағы адамдарды да біреу емдеуі керек қой дейді өзі. Содан бері ауыр операцияларда күн-түн демей, әріптестері мен жастарға көмек беріп келеді. Іш құрылысы, акушер-гинекологиялық, педиатриялық, травматологиялық күрделі операциялардың түр-түрін жасаған.

«Науқастың қан тобы менікімен бірдей екен»

– Бір күні кешкісін хирургия бөлімшесімен қатар орналасқан перзентхана дәрігерлері дабыл қағып, шұғыл жәрдемге шақырды. Айтқандарынан түсінгеніміз – Жартытөбе ауылынан келіп босанған келіншектен тоқтамай қан кетіп жатыр екен. Бас дәрігерден бастап бәрі – сонда. Әйелдің жағдайы өте ауыр, қан көп кетіп қалған. Қан қысымы өте төмен, тамыр соғысын анықтау мүмкін емес. Кетіп жатқан қанды тоқтатып, жоғалған қанның орнын толтыру қажет. Қан алмастырғыш дәрілерді сорғалата құйғанымен қан қысымы көтерілетін түрі жоқ. Құятын қан қоры таусылған. Бас дәрігерден бастап медбикеге дейін, бәрінің қан тобын шұғыл анықтап, қан тобы сай келетін менен және бір әріптесімнен алып, әйелге құя бастадық. Жатқан орнынан қозғауға болмайтын болған соң, сол жатқан төсегінде операция жасап, аман алып қалдық. Жаратқанның жәрдемімен аман-есен жазылып, отбасына оралды, – дейді дәрігер.

«Өкпесінің жартысын оқ жұлып әкеткен азамат қазір шапқылап жүр»

Алпыс жылға жуық тәжірибесі бар ардагер маманның басынан өткен мұндай оқиғаларды бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Кемі бір кітаптың жүгі. Кейіпкеріміз есте қалған тағы бір ерекше оқиғасын бөлісті.

– 1992-жылдың сәуірі болуы керек, аудан орталығынан 130 шақырым жердегі Қаратау ауылының бір азаматы аңға бара жатып, абайсызда мылтығы атылып, оғы кеудесіне тиіп, өкпенің жартысын жыртып, талқандап, сол жақ жауырынын қопарып, киім-кешегінің быт-шытын шығарып, тесіп өткен. Қоңырау түскен соң, наркоз беретін аппарат, оттегі балоны сияқты керек-жарағымды салып, жәрдемшілерімді алып, заулап, жетіп бардық. Барсақ есі кіресілі-шығасылы, жағдайы ауыр. Айдаладағы ауылдық бөлімшелік ауруханада операция жасайтын үстел қайдан болсын, әйелдер босанатын кереуетке жатқызып, наркоз беріп, тынысын қолдан дем алдыру қондырғысына қосып, ота жасауға кірістік. Өкпесін аштық. Өкпенің жартысын оқ жұлып әкеткен, қан ұйып қалған. Өкпесін жамадық. Күрделі отаны аяқтаған соң, қасына бір дәрігерді қалдырып, ауданға қайттық. Екі-үш күннен кейін арнайы көлікпен аудандық ауруханаға алдырттық. Сол азамат бір ай жатып, емделген соң, аяққа тұрып, отбасына оралды. Бүгіндері шапқылап жүр, –  дейді.

«Атын Өмірзақ деп қойдық..»

Пациенттің өмірі үшін жан алысып, жан берісіп жатқанда, өзі аман алып қалған сәбилердің есімін өзі қойған кездері де болыпты.

– Біраз жыл бұрын мектепте бірге оқыған досымның әйелі құрсақ көтеріп, толғақ үстінде қан кетіп, есінен танып қалады. Әйелдер дәрігерінің айтуынша, қан кетіп, есінен танғанда іштегі нәресте жарық дүние есігін ашар жерде кептеліп қалып, шетінеп кеткен. Анасын аман алып қалу үшін шұғыл операция жасау керек болды. Наркоз қондырғысына қосып, кептеліп қалған шарананың жансыз денесін алып, қасымдағы балалар дәрігеріне ұстаттым. Әрі қарай құрсақ ішін тазалайын деп қол салсам, тағы бір нәрестенің аяғы қолыма ілінбесі бар ма?! Сөйтсем, досымның әйелінің көтергені егіз екен. Дереу оны да аяғынан алып, сыртқа шығарып, кіндігін кесіп, қасымда тұрған балалар дәрігеріне  ұстаттым. Оны да шетінеп кеткенге санап, әрі қарай отамды жасай бердім. Кенет қасымда тұрған анестезиолог-реаниматолог дәрігер Талғат:  

– Бүркіт аға, жаңағы соңынан алған нәрестенің кірпігі дірілдейтін сияқты, –  деді құлағыма сыбырлап.

–  Талғат, барыңды сал!,  – деп айқайладым. Мойнымды бұруға шамам келмеді, отадан қолым босамай жатыр.

Талғат та барын салып, оттегімен нәрестенің аузына үрлеп, кіндік тамырына бірнеше рет дәрі жіберіп, жүрегіне массаж жасады. Он шақты минут өткенде нәрестенің әлсіз жылаған дауысы шықты. Бұл кезде ота да сәтті аяқталған еді. Қуанышымызда шек жоқ! Содан бұл нәресте өзімнің досымның баласы болғандықтан, осыншама қиындықпен өмірге келген екен, ендігі өмірі ұзақ болсын деп, тура сол операция жасайтын бөлмеде атын Өмірзақ қояйық дедім серіктеріме. Бұл шешімді сол жердегі дәрігерлер түгел қоштап, нәрестенің атын Өмірзақ деп қойдық. Сол Өмірзақ аман-есен өсіп, мектепті жақсы оқып бітіріп, көкелерімдей дәрігер боламын деп, бүгіндері медициналық институтта оқып жүр, – дейді өзі.

Білікті маман, ардақты ата, сыйлы азамат

Ол қоғамдық өмірге де белсене араласқан. Айтар сөзі бар, жөн білетін адамды ауыл-аймақ халқы да алға шығарып, әлеуметтік мәселеге  араласпасына қоймапты. 1994-1998 жылдары аудандық мәслихаттың, 1999-2003 жылдары облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланған. Кеңес заманында кесектен салынған аурухананың жаңа ғимаратын соқтыруға ат салысқан. «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласының үздігі. Созақ ауданының құрметті азаматы. «Қош бол, қандауыр» атты кітаптың авторы. «Қандауыр» дегені – «Скальпель».

Қарт дәрігер қазір де тың. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Зейнетке шықса да, жоғары санатты дәрігер ретінде тәжірибесі керек болғандықтан әлі де жұмыс істеп, білмегенін үйретіп, жастардың тәлімгері болып жүр. Әлі күнге дейін ота жасайды. Күрделі операцияларда жастарға көмектесіп, жауапкершілік алады.

Өмірлік серігі Гүлбахира апамызбен де Алматыда бірге оқып жүріп, табысыпты. Жұптары жазылмай, өмір бойы бір ауруханада еңбек еткен. Екі ұл, жеті немере, бір шөбере сүйген қариялар. Бір немересі ата жолын қуып, күні бүгін медицина мамандығында білім алып жатыр екен.