Жаңалықтар

Ақсайдағы пәтерде өрт болып, балалар төртінші қабаттан секірген (ВИДЕО)

istockphoto.com

Өрт сөндірушілер 1 адамды құтқарып, 12 адамды эвакуациялады.

Ақсай қаласында көпқабатты тұрғын үйде өрт шығып, салдарынан 3 адам зардап шекті.

БҚО ТЖ департаменті мәлім еткендей, өрт төртінші қабатта болған.

«Өрт сөндірушілер 1 адамды құтқарып, 12 адамды эвакуациялады. Зардап шеккендер жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды. Өрт 60 шаршы метр аумақта жойылды. Оның себебі анықталу үстінде», - деп хабарлады ведомстводан.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, 22 қараша күні сағат 09.20-да Ақсай қаласы 10-шағынауданда 19-үйде өрт болғаны жөнінде шақырту түскен. Жедел медициналық жәрдем бригадасы зардап шеккен 3 адамды Бөрлі аудандық ауруханасына жеткізді. Қазіргі уақытта 2020 және 2016 жылғы екі ұл бала, сондай-ақ 1981 жылғы әйел жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары ауыр. Қажетті емін алуда.

Әлеуметтік желіде таралған бейнежазбада өрт кезінде екі баланың төртінші қабаттағы терезеден секіргені анық көрінеді. Оларды төменде тұрған адамдар жайма жайып, тосып алмақ болғанымен, біреуін түсіріп алған.