Жаңалықтар

Абай облысында мектеп қазандығы жарылып, 1 адам зардап шекті

istockphoto.com

54 жастағы от жағушы 2-3-дәрежелі күйік алды.

22 қарашада Үржар ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің бөлек орналасқан қазандығында жарылыс болды. Оқиға салдарынан от жағушы күйіп қалды.

Алдын ала дерек бойынша бұған жылу жүйесіндегі айналымның бұзылып, қазандықтағы қысымның көтерілуі себеп болған.

«Жарылыс салдарынан 18 шаршы метр алаңдағы қазандықтың шатыры жартылай опырылды. Оқиға орнында ТЖД және жергілікті атқарушы органдар жұмыс істеп жатыр. 54 жастағы от жағушы 2-3-дәрежелі күйік алды. Қазіргі уақытта ол аудандық аурухананың хирургия бөліміне жатқызылды. Жағдайы тұрақты», - деп хабарлады облыс әкімдігінен.

Мектепте сабақ тоқтатылған жоқ. Резервтік қазандықтың арқасында мектепке жылу беріліп жатыр. Демалыс күндері жаңа қазандық орнату жоспарланған.