T-Newspaper

"Атақ-даңққа бола жұмыс істеген жоқпыз"– Бақтыгүл Самалова

сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бақтыгүл Самалова сонау 1999 жылы «Руханият» партиясының атынан, былтыр Парламент Мәжілісінің сайлауына Астана қаласынан депутаттыққа үміткер болды. Ол – қоғамның нағыз жанашыры, теміржол саласының барлық мәселесін жатқа біледі, кімнің алдына барса да шындықты тура айтады. Өзі қызмет еткен жылдары салаға темірдей тәртіп орнатқан Самалованы бүгінде барлық теміржолшы таниды десек, қателеспейміз. Кейіпкеріміз жайында 2 фильм түсірілген, бір кітап жарық көрген. Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы он жылдықта еңбегімен елге танылған он әйелдің бірі болды. Бақтыгүл апайдың депо директоры болуы ТМД елдеріне дейін таралып, сенсация тудырды. Өйткені ол заманда әйелдерден ешкім депо директоры болмаған еді. Өз саласында мұзжарғыш атанған Самалованың тағдыры да күрделі. 

Ол кісі Қызылорда облысы Қазалы ауданында туған. Бақтыгүл апай ба­ла­лықпен ерте қоштасқан. Енді бойжетіп ке­ле жатқан кезінде әкесі дүние салады, ар­­тынша бір аптадан соң анасы да о дүниелік бо­лады. Небәрі 12 жасында ата-анадан бір­дей айырылып, соңынан ерген бес бауырына бір сәтте қамқоршы атанған қаршадай қыз тағ­дырдың қатал қыспағына түседі. Наға­шыларының қолында тәрбиеленіп, сегізінші сыныпты бітірген соң училищеде педагог ма­мандығы бойынша білім алып, кейін Қы­зылорда қаласында жұмыс істеп, бауыр­ла­рына өзі бас-көз болуға жарайды. Тоқырау жыл­дары қалада өмір сүру қиындай баста­ған­да біздің қайсар кейіпкеріміз тәуекелдің қайығына мініп, белін бекем буып, Алматыға көшіп келеді. Бақытына орай, жұмыс та тез та­была кетеді. Мұнда теміржолшылар дайын­дайтын техникумға қазақ тілі мұғалімі жетіспейді екен. «Қазақша жақсы сөйлейтін ма­мандарды іздеп жатыр» дегенді естіп, сон­да барады. Жұмысына тиянақты, тәртіпті, білім­ді, қақ-соқпен ісі жоқ Самалова 28 жа­сында балабақша меңгерушісі болады. Бір уа­­­­қытта бірнеше жұмысты қатар істейтін ең­бекқор кейіпкеріміз кейін жар атанып, өмір­ге ұл-қыз әкеледі. Алайда тағдырдың жа­зуымен бала-шағасын өзі асырап, ж­е­тілдірді. Өз отбасынан бөлек соңынан ерген бауырлары бар. Оларға да бас-көз болып, аяқ­танып кетулеріне барын салды. Алға­шын­да теміржолдағы мұғалімдік қызметті қо­сымша алып жүремін деген Бақтыгүл апай­ға бір күні кадр бөліміндегілер бір тізім­ге қосайық деп қолқалайды. Сөйтсе, бұл Қы­­­­тайға жол ашуға арналған конкурс екен.  – Ереже бойынша 25 жасқа дейінгі қыз­дар қабылдануы керек конкурсқа 31-дегі мені де енгізіп жіберді. Конкурсқа 360 қыз қа­­­­тысты. Бірінші кезеңнен соң 120 үміткер қалдық, екінші кезеңнен 60 адам өттік. Сол 60-тан 12 қалдық. Ең соңғы сайыста осы 12 қыз­дан суырылып мен шықтым ғой. Оза шабуымның да сыры бар. Жап-жаспын, жалындап тұрмын, сен тұр, мен атайын дейтін кезім. Шашым ұзын, өзім боянбаймын, іш­пеймін, шекпеймін, боқауыз сөз айт­пай­мын. Шашымды боямаймын, бетіме жөн-жосықсыз опа-далап жақпаймын. Өзім қа­зақ, орыс, ағылшын тілінде сөйлей аламын. Бір­неше тілді де ол кезде екінің бірі біл­мей­тін, – деп еске алды жас кезін Бақтыгүл апай.  ХХ ғасырдың 60-70 жылдары КСРО мен Қы­тай мемлекеті арасындағы қарым-қа­тынастың әбден ушыққанын тарихтан біле­міз. Сөйтіп, шекара жабылып, екі ел өзара ара­­­ласпайды. Бұл қырғи-қабақ соғыстың ше­­ті тек Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана сетіней бастайды. Осылайша, ұзақ уақыт тұралап қалған теміржолдың бойына қан жүгіреді.  Бірнеше ондаған жыл бойы жабық тұр­ған бекеттердің кейбірін орман, кейбірін шөп басқан. Осының бәрі қайта қал­пына келіп, теміржолдың бойында қызу тір­лік жандана бастайды. 30 жыл үзілістен кейін шетелге жол ашу бақыты қазақтың қай­сар қызы Бақтыгүл Самаловаға бұйырады. Осылайша, жастайынан тағдыр теперішін кө­ріп өскен қыз бір сәтте жұлдызға айна­ла­ды. Қазақтың алғашқы қарлығашы атанып, сол кездегі еліміздің бас газеті «Егемен Қазақ­стан­да» Шерхан Мұртаза атамыз газеттің бірін­ші бетіне береді. Бұл жаңалық елімізде 4 күн бойы сенсация болады. Қытайда да Анг­лия, Жапония, Германиядан келген жур­налистер сұхбат алуға келеді, өйткені тілге же­тік, оның үстіне мұғалім, тарихты жақсы бі­леді. Осылайша, Қытай сапары Бақтыгүл апайдың бағын ашып, жұлдызын жағып, беделін арттырды.  – Алғаш Қытайға жол ашу арқылы сонда тұра­­тын бүкіл қазақтарды Отанымызға оралуға шақырған тарихи оқиғаның куәгері болғаныма қуанамын әрі мақтан тұтатын. 360 қыздың ішінен суырылып шығып, «Ал­маты-Үрімші» сапарына бұрымдылардан мен ғана бастап бардым. Бір жылдың шамасында Қы­тайға жүретін шойын жолды аштық. Бұл сөз­бен айтып жеткізе алмайтын керемет се­зім. Мен өзімнің теміржол саласын жақсы кө­ріп қалғанымды осы кезде ұққандаймын. Өзін­дік атмосферасы мен қайнаған қызу тір­лігі мені тартты да тұрды. Тәжірибем мен тал­пынысыма сеніп, өзімді пойыздың бас­шы­лық қызметіне ұсындым. Ұсынысымды қа­был алып, мені су жаңа пойыздарға бас-көз болуға шақырды. Алайда мен вагондары ескі-құсқы, Мәскеуге баратын маусымдық пойызды сұрадым. Себебі бәрін ескіден бас­тап үйренгім келді. Осылайша, мен тағы да Мәскеуге бірінші жүрген қазақ қызы бо­лып шыға келдім. Себебі ол заманда Мәс­кеу пойы­зына қыздар тұрмақ, жігіттердің өзі әрең шыдайтын. Өйткені жол ұзақ, үш жа­рым күн жүресің, сонда барып-қайтуың бір апта. Менен 20-30 жыл бұрын Қазақстаннан До­ронина деген орыс әйел жүрген екен. Кейін оны әр нәрсені сылтауратып жүргізбей қойған көрінеді. Мұндай жауапты жұмыста өзіңе де, жұмысыңа да қатаң болмасаң, бол­май­ды. Бас-аяғы үш айдың ішінде бұл жерге те­мірдей тәртіп орнаттым. Пойыз ұзақтау тоқтайтын стансаларға келгенде кілемдерді қақ­тырып, вагондарды желдетіп, еденін, қа­быр­ғасын, терезесін айнадай жалтыратып жу­ғызып, жолаушылардың жағдайын жа­са­дым. Мені сонда сыртымнан «Алдынан кел­генді тістейді, артынан келгенде тебеді» деп ай­тады екен (күліп). Өйткені мен бізді тек­серушілердің өзін құжаттарын көріп барып қа­былдайтынмын. Ревизордан да, мили­ция­дан да қорықпайтынмын. Вагондарым таза, фор­мамыз жинақы, ақ қолғап, ақ жейде, бас­та фуражка, мойында галстук. Мен қай ба­ғытта жүрсем де бірінші жолсеріктердің киі­мінің мұнтаздай болғанына қатты назар ау­­даратынмын. Жолда саудагерлер мен «без­би­летниктер» бізді көрсе қашатын. «Бұл ком­­мунистік бригада, бізді алмайды» дейтін. Мәс­кеуге 3,5 жылдай қатынадым. Осы уақыт­та ешкімді аямайтын орыстар маған «Коро­лева трассы» деп ат қойып, құрметтеді. Ме­нің осы еңбегімді ескерген басшылық «Ал­ма­­ты-Мәскеуден» соң, «Қазақстан» фир­ма­лық пойызына, «Алматы-Астана» бағытына, Қа­рағандыға қатынайтын пойызға да жауап­ты етіп тағайындады. Қызметпен бірге сая­сатқа да араласқан кезім осы тұс еді. Кейін маған Алматы аймақтық жолаушылар та­сымалы және вагон шаруашылығы де­по­сы­ның жұмысын реттеу сеніп тапсырылды, – дейді Самалова.  Сол бір жоқшылық кезеңде мұндай қыз­метті абыроймен атқару үлкен жауап­кер­ші­лік болғанымен, Бақтыгүл апай қиындықтың бәрі­не шыдап, теміржолдың қара нанымен ба­ла­ларын өсірді, өзі де өсті. Ең бірінші ке­зек­ке тәртіпті қойды. Себебі теміржолда тәр­тіп болуы міндетті. 

Жас та болса, әр істе бас бола білген Бақ­ты­гүл апай талай басшының алдында ойын тіке айтып, әріптестерін қорғай жүріп өзінің абыройы асқақтайды. Өзі білімді, заңгерлер отбасында тәрбиеленген қыз әділетсіз сөй­ле­ген талай басшының аузына құм құйған. Құ­дай аузына сөз салған қазақтың қаршадай қы­зынан қызметі үлкен әріптестері де име­не­тін.  – Жұмысымды барынша жақсы атқаруға ты­рыстым. Өзім – оңтүстіктің қызымын, әжем­нің тәрбиесін көріп өстім. Ата-ана­мыз­дан айырылғанда нағашыларым қолдау көр­сетті. Нағашым 40 жыл бойы соттың тө­ра­ғасы болды, сондықтан менің оларға жа­ман ат әкелуге ешқандай хақым жоқ еді, – дейді кейіпкеріміз.  Кезінде министр Мырзахметовтің қолынан «Теміржол саласының үз­ді­гі» атағын алған Самалова Мәскеуден келген соң кадр бөлімін басқару жүктеледі. Аста­на­ның бас ғимаратында жұмыс істеу бақыт бол­ғанымен, оны абыроймен атқару әманда қиын екенін түсінеді. Алайда Самалова тағы да өзінің шартын қояды. Сол талабым орын­дал­са ғана кадр бөлімін басқарамын дейді. Бұл шарты да кейіпкеріміздің атағын аспан­ға шығарады. «Теміржол қызмет көрсету са­ла­сы болғанымен, біз осы міндетімізді дұ­­­­рыс атқара алмай отырмыз. Өйткені жол­серік­тер – ылғи ер адамдар. Олар үйінде ұста­ма­ған сыпырғышпен вагон тазалап, үйде қой­маған шайды жолаушыға береді. Вагон­ның шаңын сүртіп, шәйнегін таза ұстайтын ер­лер өте аз. Осыны бір ер, бір әйел көрсет­кі­шіне жеткізейік. Енді ер адамдарды жұмыс­қа қабылдамаймын, тек қыздарды аламын. Олар­ды арнайы оқытайық» дейді. Басшылық ке­ліседі. Сөйтіп, 4 айда 120 қазақ қызы жол­серіктің оқуын оқиды. Қыздарды жинау да оңай болмайды. Газеттерге хабарландыру бері­леді. Самалова көшеде құрт, шылым са­тып күнін көріп отырған қыздарды оқуға тар­тады. Алғашқы топқа сабақты өзі жүр­гі­зе­ді. Қыздарды тәртіпке, тазалыққа үйретеді. Кадр саласын қыз-келіншектермен толтыр­ған­нан кейін кейіпкеріміз Алматыдан бас қа­лаға ауысып, Астананың депосында жол­серік­тер резервін басқарады. Барлық жерде ор­натқан тәртібі мен тазалығының ұнағаны болар, кейін апайды Қарағандыға қызметке жіберді.  – Ол жылдары Қарағандының халқы да көп. Қаладан Балқашқа, Жезқазғанға, Мәс­кеу­ге, тіпті Санкт-Петерборға дейін қаты­най­тын пойыз бар, бірақ Алматы бағытында пойыз жоқ. Қызметке кірісе сала министерге хат жазып, орыстардың орнына оқыған қа­зақ жігіттерін шығарып, жаңа пойыз жо­лын ашқым келді. Бұған бір сом ақша сұрамаймыз, тек ескі вагондарды ремонттап, Қарағанды-Ал­маты бағытында жүретін пойыз бер­сеңіз­дер дедім. Министр қолдап, тапсырма берді. «Көмектесіңдер» деп мен ешкімге алақан жай­ған жоқпын. Қазақтың жігіттерін шақы­рып алдым да: «Пойыз бастығы болғыларың келмей ме? Өз елімізде жүріп өздеріңді көр­се­тіңдер» дедім. 4-5 құрамның әрқайсында 30-40 адамнан болғанда, қаншама жұмыс ор­ны ашылды. Кейін оларға механик болу­ла­рың керек дедім. Жігіттер демалғанда ва­гон­ды өздері ремонттап жүрді. Дәл осы тұста ҚарМУ ремонт жасап жатыр екен. Солардан қалған құрылыс материалдарын сұрап алып, вагондарды зауыттан шыққандай жаңалап алдық. Сөйтіп, қарағандылықтарға пойыз сыйлағаным бар, – дейді күліп.  Одан кейінгі уақытта Шымкент, Жібек жо­лы, Отырар, Астана-Алматы пойыздарын ашып, кейін елімізге «Тальго» пойыздарының келуіне де зор үлес қосты. Алматыдан Теге­ран­ға пойыз ашқаны және бар. Расында, те­мір­жол саласында Самалованың істеген жұ­мысын айтып тауыса алмайсың. Ғұмырын бір салаға арнап, бейнетінің зейнетін көріп отыр­ған Бақтыгүл апайдың төрт құбыласы түгел. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, не­мере сүйіп отырған бақытты әже. Зейнет­керлікке шығып, қызметтен қол үзгенімен, ұлы жолын жалғастырып жатыр.  Кейіпкеріміз қазір Астанада тұрады. Ол осы қаланы сүйеді. Өзінің маңдай тері­мен жеткен жетістіктерін айтып, еңбек адамының төккен терін бағалап үйрену қоғамның дамуы үшін керек дейді.  – Біз жаңа Астана салған санаулы елдің бірі­міз. Астана – ХХІ ғасырдың қаласы. Бұл қа­лаға бауыр басқаным сонша, әлемнің кез кел­ген шаһарына айырбастағым келмейді. Бұл қаланы кімдер салды? Еңбекшілер салды. Мұн­дағы әр кірпіш қарапайым жұмыс­шы­лар­дың қолымен қаланған. Қазақтың қара­пайым қыз-жігіттері осы қаламен бірге өсіп, бірге өркендеп келеді. Бұрынғы қызметтес­те­рім мен достарыма, туыстарыма Астананы мақ­таймын. Алыстан келсе, аралатып, тари­хы­мен таныстырамын. Астанаға алғаш ке­л­ген кезімде қандай еді, қазір қандай? Мүлдем бө­лек. Қала – мемлекеттің айнасы. Әлі де бол­са осы қала үшін, еліміз үшін еңбек еткім келе­ді. Астананың өскенін, өркендегенін көр­генде, кеудемді мақтаныш кернейді. Өйт­кені бұл қалаға қарап еліміздің өзге шаһар­лары бой түзейді. Сондықтан осы қаланың қа­рапайым еңбекшілерін құрметтеп үйре­нуі­міз керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбек адамы туралы айтқан сөз­деріне жете мән бергеніміз жөн, – дейді Бақ­­­тыгүл Самалова. – Біздің елімізге жұмысшы мамандар қа­жет. Елдің бәрі заңгер, экономист болса, қара­пайым жұмысты кім істейді? Еңбек ету адам­ның өзін ғана өсірмейді, елін де өркен­де­теді. Сондықтан еңбекке баулу балабақ­ша­дан басталып, мектепте жалғасып жатуы ке­рек. Сосын қандай жұмыс болса да, жүре­гің­мен жақсы көріп істесең, оның рахатын кө­ріп, бақытты өмір сүресің, – деп ойын қо­рытындылады құрметті теміржолшы.  Иә, теміржол саласы – Қазақстан эконо­ми­касының күретамыры. «Әрбір кетіп бара жат­қан пойыздың өзі – мемлекет ішіндегі мем­лекет. Өйткені жолаушылардың өміріне қа­тысты шешімді пойыз бастығы қабылдай­ды. Сондықтан олар ақылды, көзі ашық, оқы­ған, өз жұмысын жақсы көретін маман­дар болуы керек» дейді кейіпкеріміз. 

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ