Ауыл шаруашылығы ғылымы неге алға баспай тұр?
Сапалы ғылыми негіз – қай саланың болсын дамуының басты алғышарты, берік тіні. Еңбектеніп екшеусіз, зер сала зерттеусіз, жіті жоспарлаусыз атқарылған жұмыс құмға сіңген сумен тең. Аграрлық ғылым неге алға баспай келеді? Кедергілер қандай?
Тұқым шаруашылығын жандандыру – стратегиялық міндет
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы ғылымын өркендету аса маңызды екеніне жеке тоқталып өткен болатын. Президент, сондай-ақ қазір дүние жүзі бойынша азық-түлік нарығында бәсеке күшейіп келе жатқанын, соған төтеп беру үшін ғылымды дамытуға баса мән берген жөн екенін де жетізді. Соның ішінде тұқым шаруашылығын жандандыру – стратегиялық міндеттің бірі болуы керек. Алайда бұл салада түйткіл көп. Бір ғана мысал – қазір картоп пен қант қызылшасы бойынша отандық тұқымның үлесі 10 пайызға да жетпейді. Бұл ретте, Үкіметке диқандарды елімізде өндірілген тұқыммен қамтамасыз ету көрсеткішін 2028 жылға дейін 80 пайызға жеткізу міндеті жүктеліп отыр. – Биыл дәнді дақылдар селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту туралы кешенді жоспар қабылданды. Нақты міндеттер қойылды. Үкіметке диқандарды елімізде өндірілген тұқыммен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл көрсеткішті 2028 жылы 80 пайызға жеткізу қажет, – деді Президент. Ал сапасы жоғары тұқым үлесін кем дегенде 15 пайызға жеткізу керек. Ол үшін шетелдің озық тәжірибесін зерттеген жөн екені де айтылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жақында француз кәсіпкерлерін осы саладағы инвестициялық жобаларды бірге жүзеге асыруға шақырғанын жеткізді.
Жылқы шаруашылығы институты құрылмақ
Мал шаруашылығында да асыл тұқымды мал басын көбейтуге баса мән берілуі керек. Осыған байланысты елімізде жылқы шаруашылығы институты құрылмақ. – Қазір елімізде жылқы саны үздіксіз өсіп келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Дегенмен асыл тұқымды жылқының үлесі бір пайызға да жетпейді, яғни 4,2 миллион жылқының 40 мыңы ғана асыл тұқымды. Сондықтан мал тұқымын асылдандыру жұмысына баса мән берген жөн, – деді Мемлекет басшысы форумда сөйлеген сөзінде. Қазақстанда бірнеше жылқы тұқымы өсіріледі, олардың ішінде қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты жабы жылқысының орны айрықша. Уақыт өте келе оған Қостанай, Көшім және Мұғалжар тұқымдары қосылды. Әр тұқымның өзіндік ерекшелігі бар. – Мен бұған дейін Адай жылқысы Маңғыстаудың баға жетпес қазынасы екенін айттым. Оны әлемге таныту үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Қазір Адай жылқысы ресми түрде бөлек тұқым ретінде тіркелді. Бұл арғымақтар Ұлы дала жорығында, басқа да аламан бәйгелерде топ жарып жүр. Қостанай жылқысы да мықты екені белгілі, алайда, жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр: небәрі 280 бас қалды. Сондықтан жылқының санымен қатар, сапасын арттыру – маңызды міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Биыл қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылданған болатын. Енді бұл бағытта тағы бір маңызды қадам жасалмақ. Институт құру туралы бастаманы сала мамандары көптен бері айтып жүрген болатын. Құзырлы органдарға қысқа мерзім ішінде осы мәселені пысықтап, қаржы көздерін нақтылау туралы тапсырма берілді.
Су саласын зерттеуге де серпін қажет
Су тапшылығы дүние жүзін алаңдатып отыр. Қазір тіпті ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды десек болады. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. Бұған дейін суармалы жер көлемін кезең-кезеңімен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек екені, бұл нәтиже ауыл шаруашылығы өнімдері көлемін 4,5 есе өсіруге ықпал ететіні айтылған еді. – Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек, – деген еді Президент. Осылайша, елде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Бұл салада да іргелі ғылыми зерттеулер қажет екені анық байқалады. Дегенмен, ғылымды дамытуды кенжелетіп тұрған ортақ проблемелар шешілмейінше, кешенді мәселенің түйіні тарқай қоймайды.
Кері тартқан кедергілер қандай?
Елімізде аграрлық ғылым саласында айтарлықтай мәселе көп. Ең алдымен, қаржыландыру деңгейі төмен. Бұл зерттеулердің сапасына және олардың шаруашылықтарға енгізілуіне кері әсер етеді. Ғылыми жобалардың көбісі мемлекет гранттарына ғана иек артады. Екінші – маман тапшылығы. Жастардың ғылымға қызығушылығы төмен. Себебі еңбекақысы аз. Осылайша, аграрлық секторда жұмыс істейтін ғалымдардың орташа жасы өсіп келеді, ал білікті жас мамандардың жеткіліксіздігі уақыт өткен сайын анық сезіліп отыр. Мәселен, биыл түлектерге жалпы 62 мыңнан астам грант бөлінсе, соның 2 600-ден астамы ауыл шаруашылығы мен биоресурстар мамандығына қарастырылған. Ал магистратураға бөлінген грант саны – 460, докторантураға – 67. – Жаңадан келіп жатқан мамандар, өкінішке қарай бәсекеге қабілетті емес. Оларды бәсекеге қабілетті ету үшін өте көп жұмыс істелуге тиіс. Өте көп. Университет деңгейі емес, мектеп деңгейінен бастау керек. Одан қала берді жүйені дұрыстау керек. Тереңнен бастап жұмыс жүргізілсе, бәрі оңалар еді. Ал біз қазір тек «мынау дұрыс емес» деп, проблемамен, оның салдарымен күресеміз, ал негізінен мәселенің себебімен күрескен өнімдірек болар еді. Егер мәселеге шын назар салып, үңілер болсақ, көп нәрсені қазбалап айтып, басын ашу керек болады, – дейді сала сарапшысы Д.Жәлелов. Ғылым мен өндіріс арасындағы алшақтық та – маңызды проблема. Жүргізілген ғылыми зерттеудің нәтижелері өндірісте қолданылып жатқан жоқ. Себебі қаржы жағынан шаруашылықтардың мүмкіндігі шектеулі, сондай-ақ технологиялық жаңалықтарды енгізу дағдысы қалыптаса қоймаған. Ғылыми жұмыстар мен қорғалған еңбектердің сапасы да көп сұрақ тудыруы мүмкін екені жасырын емес. Материалдық-техникалық базаны жаңарту қажет. Көптеген зерттеу институты мен университеттің зертханалары ескірген. Бұл халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті зерттеулер жүргізуге кедергі келтіреді.
Қорыта айтқанда, ауыл шаруашылығы ғылымының материалдық-техникалық базасы жаңармаған, өткен ғасырдағы деңгейде қалып отыр. Маман да, қаражат та тапшы. Сол себепті тартымсыз болып келді. Енді әлемдегі тұрақсыздық пен сын-қатер алдымызға жаңа міндеттер қойып отыр. Осылайша, сала ғылымының қазіргі көшіне ілесу басты қажеттілікке айналмақ.