Лицензиясыз қызмет жүргізген 58 мектепке айыппұл салынды
Егер мектеп мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап 6 ай ішінде лицензия алмаса, онда ол сот тәртібімен жабылуға тиіс.
Лицензиясыз қызмет жүргізген мектептерге айыппұл салынады. Бұл білім беру ұйымдары Астана және Алматы қалаларында, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында орналасқан.
«ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес барлық мектеп білім беру қызметін бастамас бұрын рұқсат алуы тиіс. Лицензияның болмауы мектептердің талаптарға сәйкестігі бойынша тексеруден өтпегенін немесе рұқсат алу үшін құжаттарды тапсырмағанын білдіреді. Білім беру ұйымдары білім беру қызметімен айналысуға лицензия алған сәттен бастап қана құқылы. Егер мектеп мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап алты ай ішінде лицензия алмаса, онда ол сот тәртібімен жабылуға тиіс», - деп атап өтті комитет төрағасы Е.Дәуенов.
Лицензия алуға қойылатын негізгі талаптарға тиісті материалдық-техникалық базаның, білікті педагогикалық құрамның болуы, санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы нормалардың сақталуы, сондай-ақ білім алушыларға медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру кіреді.