Арбаға таңылсақ та команда болып жүгіреміз – марафоншы Нұрлан Сыздықов
Командада сал ауруына шалдыққан, диагнозы ауыр жандар, балалар бар.
«Өзім – Қостанайдың тумасымын. Он жылдан бері Астанада тұрамын. Қазір жасым 31-де. Осыдан тоғыз жыл бұрын, 22 жасымда жол апатына түсіп, арбаға таңылдым. Жүгірсем деген талпыныс болды. Сөйтіп алғаш рет 21 шақырымға жалғасқан марафонға қатыстым. Соңғы үш жылда 5-7 адамнан тұратын команда жасақтап, жарыстарға шығарып жүрмін. Командада сал ауруына шалдыққан, диагнозы ауыр жандар, балалар бар. Командамен 10 шақырымдық марафондарға қатысамыз. Сол жобамен «ЖанШуақ» марапатына іліктім. Мені елеп-ескерген, назарынан тыс қалдырмаған жоба ұйымдастырушыларына ризамын. Мамандығым – заңгер. Параалимпиада орталығында әкімші, Астана әлеуметтік технология қоғамында фандрайзер болып жұмыс істеймін. Жұмысқа көлігіммен, өзім келіп кетемін. Арбамды көлігіме салып аламын, көлікке өзім отырамын», – дейді Нұрлан.