Жаңалықтар

Yandex Qazaqstan компаниясының басшысы тағайындалды

Елде компанияның 15-тен астам сервисі жұмыс істейді.

Тимур Шалекенов Yandex Qazaqstan компаниясының басшысы болды, деп хабарлады turkystan.kz порталы stan.kz  сайтына сілтеме жасап. 

Оның міндеттеріне компанияны басқару және Қазақстандағы сервистердің экожүйесін дамыту кіреді. Сонымен бірге ол технологиялар мен компанияның халықаралық тәжірибесінің көмегімен Қазақстанда пайдаланушылар мен бизнеске жаңа мүмкіндіктер жасау үшін жұмыс істейтін болады.

Тимур Шалекенов Яндекс-ке келгенге дейін BTS Digital холдингі шеңберінде қаржы-техникалық бөлімшелерді басқарды: Әлеуметтік әмиян (G2C), Жедел төлемдер жүйесі, Касса24-тегі электрондық қаржы сервистері және Finnovate-тегі токенизация өнімдері. 

Тимур Шалекенов өзінің жаңа қызметке тағайындалуын былай түсіндірді:

"Менің продакт менеджменттегі бэкграундым, сондай-ақ жаңа сервистерді, өнімдерді және бизнес бағыттарын іске қосудағы тәжірибем маған Яндекс технологияларының әлеуетін тиімді пайдалануға және қазақстандықтар үшін көбірек мүмкіндіктер жасауға көмектеседі деп үміттенемін".

Yandex Qazaqstan жасанды интеллект технологияларының негізінде өнімдер мен сервистер жасайды. Елде компанияның 15-тен астам сервисі жұмыс істейді, оның ішінде іздеу және портал сервистері, сапарларға онлайн тапсырыс беру, жеткізу және тамақ сервистері, бұлттық және геосервистер, ойын-сауық сервистері және білім беру жобалары.