Қоғам

СҚО-да тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты

Сурет: polisia.kz

Тұтас бір ауыл ішімдік ішпейді.

СҚО-да ішімдік ішпейтін елді мекендердің қатарына тағы бір ауыл қосылды, деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданындағы Дайындық ауылының тұрғындары екі жыл бұрын арақ-шараптан толығымен бас тартқан.

Содан бері мұнда бірде-бір ауыр немесе аса ауыр қылмыс тіркелмеген, ұрлық пен отбасылық жанжалдар да жоқ.

«Арақ-шараптың қажеті жоқ, керісінше жұмыс істеу керек», – дейді жергілікті тұрғындар.

Мұндағы халықты жұмыспен қамтып отырған негізінен жергілікті «Дайындық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Оның директоры Біржан Шаймерденов ішімдіктен бас тартуды ұсынған бастамашылардың бірі болды.

«Біз мұнда жұмыс істей бастағанда ауылда 28 үй ғана болды, қазір олардың саны 80-нен асып отыр. Халық саны – 315 адам. Біз адамдарды осында көшуге шақырамыз, жұмыс орнын ұсынамыз, өндірісті арттырамыз, – дейді ол.

Сондай-ақ кәсіпорынның қолдауымен әлеуметтік инфрақұрылым да кеңейтіліп жатыр, адамдардың өзін-өзі дамытуға, спортпен шұғылдануға мүмкіндігі бар. Жергілікті мектепте 97 оқушы білім алуда. Мектептен кейінгі оқу орнында қажетті мамандықты меңгерген соң оларға да осы ауылдың игілігіне еңбек ету мүмкіндігі қарастырылған.

«Дайындық ауылы кіретін Ленин ауылдық округіне тәжірибелі учаскелік полиция инспекторы Әди Мұқжанов қызмет көрсетеді. Ішкі істер органдарында 10 жылдан астам тәжірибесі бар. Оның ауылдағы бүгінгі міндеті — соңғы уақытта жиі тіркелетін қылмыстардың бірі интернет-алаяқтықтың алдын алу. Дайындық ауылының өмірі алкогольден бас тартудың криминогендік жағдайға тікелей әсер етуінің нақты үлгісі болып саналады және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыруға ықпал ететінін айқын көрсетеді», – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Әлнұр Ахмедьяров.