Астанада Мұратбек Тоқтағазиннің мерейтойына арналған конференция өтті
Мұратбек Балқыбекұлы Тоқтағазин - белгілі журналист, ғалым, профессор, Бас редакторлар клубының бірінші вице-президенті.
Мұратбек Балқыбекұлы Тоқтағазин - белгілі журналист, ғалым, профессор, Бас редакторлар клубының бірінші вице-президенті.
Тарбағатай тауларының баурайында туған қаламгер тағдыр айдап, еңбек жолын Ақмола өңіріндегі «Арқа жары» (бұрынғы «Коммунизм нұры») газеті редакциясында бастады. 25 жасында халық депутаттары Целиноград қалалық Советінің депутаты болып сайланып, қайраткер ретінде танылды. Дегеніне жетпей тынбайтын азамат Ақмоланың тарихи атауын қайтару жұмыстарында білек сыбана қызмет етті. Шерхан Мұртазаның шақыруымен ұлттың үнжариясы сол кездегі «Социалистік Қазақстан» басылымында Ақмоланың меншікті тілшісі ретінде еңбек етті. 2010 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Әзілхан Нұршайықов шығармашылығындағы деректік негіз және көркемдік сипат» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, артынша осы оқу ордасында ұстаздық етіп қалды. Педагогтік қызметтен бөлек, Бас редакторлар клубының вице-президенті мәртебелі міндетін де абыроймен атқарып келеді.
«Қобыратып түнімен көп қағазын, Отырады Мұратбек Тоқтағазин»...
Алқалы жиынға алдымен үзеңгілес досының алпыс жасын құттықтамаққа ҚР Президентінің кеңесшісі, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Жұмаханұлы Омаров жетті. Қырық жылдық адал досының журналистикадағы жалынды жолын үш кезеңге бөліп, баяндама оқыды. Жылдар бойы бауырдан артық көрген жолдасының студенттік жылдарын, тынымсыз тілшілік тіршілігін, қоғамға қылған қайраткерлігін, отбасындағы абыройлылығын, Құдай алдындағы құлшылығын, тұтас алпыс жылдық ғұмырын шабыттана сөзге қосты: “бүгін алпысқа келіп, алтын бау тағып отырған Мұратбек Тоқтағазиннің өмірі мен шығармашылығының өзіндік эволюциясы бар. Оны үш тарапқа бөлуге болар. «Студент. Журналист. Зерттеуші.» Ал сіз «Қайраткерлігі қалып қойды ғой», – деп дау айтарсыз. Келісеміз. Бірақ оның қайраткерлігі мектепте жүргенде-ақ басталып кеткен сыңайлы. Сондықтан жаңағы біз айтқан үш арнаның үшеуі де қарымды қайраткерлігінің қалқасында тұрады. Біз оны білеміз. Білетін себебіміз, бірге оқыдық. Бір бөлмеде тұрдық. Бір аудиторияда білім алдық. О бастан қолды-аяққа тұрмайтын адам айтқысыз жыбырлақ бала болды өзі. Бір өзінде жиырма бес аттың күші бар шығар. Жоғарғы курстың қыздары: «Осы Тоқтағазин деген жатақхананың бес-алты баспалдағын бір-ақ аттап жүретін ана бір бала ма?», – деп сұрайды...
Ертелі-кеш һәм күні-түні мақала жазады. «Қобыратып түнімен көп қағазын, Отырады Мұратбек Тоқтағазин» деген шымшыма шумақ бүкіл студенттің аузында жүреді. Ол «Том мен Джерри» мультфильмінің кейіпкерлері секілді көз ілеспес жылдамдықпен әлдеқайда зулап бара жатады. Көк базардың жанындағы тоғыз қабатты үйге шетімізден сүйреп апарады. Танымайтын адамы жоқ. Тынымсыздың тынымсызы. Сол тоқтамайтын Тоқтағазиннің арқасында өзіміз де ақпарат әлеміндегі аға буынмен тығыз байланыс орнаттық...
Ғылыми атақ-дәрежеге ертерек қол жеткізген мен бұрынғы жүйе бойынша сегіз ізденушіге кандидаттық диссертация қорғаттым. Сегізінші ізденушім – осы желден жүйрік Мұратбек Тоқтағазин. Жалпы, курстасыңа ғылыми жетекші болу дегенді бастарыңызға бермесін. Не сөзің өтпейді, не төзім жетпейді. Оның үстіне ізденушімнің алапат энергиясына төтеп беру оңай емес. Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін іле кететін алымды да, шалымды, жұлымыр сегізінші аспирантым қалған жеті аспирантымның екі аяғын бір етікке тығады... Шынымды айтсам, кейде соларға қосып, мені де жұмсап жібере жаздайды. Ғылыми кеңес бермек боп аузымды ашқанша, өзіме қап-қап ақыл айтып, құлаш-құлаш тапсырма жүктеп кетеді...
Имандылық жолына ертерек ден қойды. Діни ұстанымы берік. Құранды құйқылжытып оқиды. Ортамыздағы молдамыз да, имамымыз да, қариымыз да, қазіретіміз де сол. Қатар жүрген соң, еркінсіп кейде Мұратбек, кейде Мурка дей береміз. Бірде дастархан басында отырғанымызда үйреншікті әдетпен «Мурка, құран оқып жіберші», – деп қалып едік, академик досымыз Дихан Қамзабекұлы: «Молданы «Мурка» деуге бола ма, осы?», – деді жай ғана... Содан соң Мурка мәселесіне көп жолаңқырамаймыз...
Міне, Мұратбек Тоқтағазин де алпыстың босағасынан аттады! Дауылдай екпінді алпыс. Лашындай текпінді алпыс. Алды-артқа қарамайтын алпыс. Бар-жоқты бағалайтын алпыс. Өмірінде көргені бар алпыс. Өңірінде ордені бар алпыс. Аягөзден өрген алпыс. Алматыда өнген алпыс. Алатауда көктеген алпыс. Тапқанын төкпеген алпыс. Арқада айқасқан алпыс. Армансыз шайқасқан алпыс. Астананы ардақтаған алпыс. Әр сөзді салмақтаған алпыс. «Ұланнан» түлеген алпыс. Жыл сайын үдеген алпыс. «Жас алаштан» нәр алған алпыс. «Егемен» боп таралған алпыс. Әзағаңды зерттеген алпыс. «Әділет БАҚ» медианы» ерттеген алпыс. Газеті Шымкентте, өзі Астанада жүретін алпыс. Бас редакторлармен өмір сүретін алпыс. Жалынды жастығы бар алпыс. Бибігүлдей бастығы бар алпыс. Көз қысып, қабақ керетін алпыс... Журфакта сабақ беретін алпыс... Қысқасы, алқын-жұлқын алпыс... Ала құйын алпыс! Алапат алпыс!
Браунның өзі «ол жігітке үй керек пе, жер керек пе? Не керек?» деп Мұратбекке үрке қарады.
Ғылыми конференцияда ғылыми емес баяндама жасағандардың қатарында конференция иесінің бірге оқыған досы Талғат Батырхан да бар: “Мұратбектің барлық қырларын да білеміз. Көпшілікке айтуға болмайтын сырларын да білеміз. Әріптесім туралы “Егемен Қазақстанға” көлдей мақала жариялап та қойдым. Қазақтың қай өлкесі де қасиетті, қай топырағы да қасиетті ғой. Соның бірі қазаққа Мұратбекті тудырған Тарбағатай. Мақалама “Тасжарған” деген ат бердім. Өйткені, Тарбағатай тауының бөктерінде “Тасжарған” деген гүл өседі. Өте бір қайсар, табанды, табиғаттың қатал мінезіне қарамайды. Бұл да сол сияқты. Мұратбектің басты қасиеті - табандылығы, қайсарлығы. Мектепте жақсы оқиды. Бірақ, аттестат беретін кезде орыс тілі мұғалімі жалғыз “төрт” қойыпты. Ол кісі совхоз директорының бәйбішесі екен. Бұл жігіт пысық, әрі айтады, бері айтады. Сонымен алтын медаль ала алмай қалады. Алтын медальді сыныптас қызы алыпты. Ақыры Мұратбек сол қызға үйленді де, алтын медаль да, алтын медалистка да осының үйіне барды.
Кілең қазақтың ортасында өскеннен кейін орысшамыз өте нашар болды. Тірі орысты военкоматта бірінші рет көрген ғой. КазГУ-да “военка” деген сабақ бар. Оның оқытушысы ректорға бағына қоймайды. Сабағына қатыспасаң, оқудан шығарып жібереді. Жыл бойы қиналды сол сабақтан. Содан бұның бойында еңбекқорлығы бар. Отыз билеттің барлығын сұрап алды. Емтиханға барған кезде “кез келген жерден сұрақ қойыңыздар” деп айтты. Қатал мұғалім қайдан білсін. Сегізінші билетке барғанда Мұратбектің бұлай дайындалатынын күтпеген, бағасын қойып, орысшалап әдемі боғауыз сөзбен шығарып салды.
Бұл жаман орысшасымен КазГУ-дың комсомол комитетінің мүшесі болды. Соның арқасында Германияға социалистік елдердің халықаралық лагеріне барды. Германиядан келгеннен кейін суреттерін көрсетіп жатыр. Фашизмді айыптайтын музей болу керек. Жер таппағандай, свастиканың қасына суретке түсіпті. Аманғали Дайрабаев деген ағамыз бар еді. Сол айтады: “Гитлердің суреті жоқ па екен? Соның қасына түспедің бе?” деп.
Балағының биті бар бала, шыдатпайды. Редакция жағалап, талай жерге барды. Совхоз директорының әйелінен алған екінші кегін айтайын. Бұл СҚ-ның атынан Семей облысына барады. Аяғын жерге тигізбей қарсы алады ол жерде. Мұратбектен “қайда барасың?” деп сұраған ғой. Бұл “Аягөз ауданына барамын” дейді. Ол жақтан Аягөздің бірінші хатшысы қарсы алады. Одан ары қарай “Тарбағатай совхозына барамын” дейді. Сол күні ауылда директордың үйінде мал сойылып, дайындалып жатыр дейді. СҚ-ның тілшісі келеді деп күтіп жүр дейді. Атын айтпаған ғой. Совхоз директоры мұқият дайындалған ғой, шекарадан қарсы алып... Бүкіл ауылды аралатып күтіпті. Әкесі мен шешесі жүр дейді, “Мұратбек жынды ма? Өзіміздің үй тұрғанда, директордың үйіне түскені несі?” деп.
Сол Социалистік Қазақстанға тілші болып кірейін деп тұрған жерінен, Ақселеу Сейдімбек пен Жомарт Әбдіхалықов екеуі алдады ма, арбады ма білмеймін. Мұрнын тескен тайлақтай қылып Ақмолаға ертіп кетті ғой. Содан жаман болған жоқ. Еркін Қыдырдың айтқаны бар: “баяғыда бұны Павлодарға жіберу керек еді. Сонда Павлодар астана болар еді”. Астанаға шынында да көп еңбегі сіңді. «Егеменнің» тілшісі болған кезде “тағдыршешті” кезең болатын. Ақмоланың аты үшін күш салып қайраткерлік қылды. Шерағаң өзін жақсы көрді. “Ақмола үшін айқас” атты мақаласына орай түскен көптеген материалдарды топтама түрінде беріп отырды. Сол кездегі Ақмоланың басында отырған Браунның өзі “ол жігітке үй керек пе, жер керек пе? Не керек?” деп Мұратбектен үрке қарады.
Мұратбек досымыздың ұстаз болғанына қатты қуандым. Өйткені, факультеттерде үлкен бір кемдік бар. Практикалық мамандар сабақ бермейді. Саусақпен санарлық десек те болады. Газетте жұмыс істеп көрмеген адамның журналистикадан сабақ бергені бала таппаған әйелдік толғақ туралы әңгімесімен тең болады. Мұратбек - білікті адам. Студенттерге не керек екенін біледі. Сондықтан, осы Еуразия университетінің ішінде бай баласындай балпаң басып, Мұратбек Тоқтағазиннің аман есен жүре беруіне тілектеспіз” деп өз сөзін түйіндеді.
Мұратбек Балқыбекұлы бүгінгі күнге ғана емес болашаққа да қызмет етіп жатыр...
Асқаралы алпыстан асса да, қоғамдық істерге белсене араласатын Мұратбек Балқыбекұлының азаматтық істеріне қанық тұлға Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Нұрғалиқызы Жексенбай арнайы қатысып, отырыс иесінің Отан алдындағы борышкерлік қасиетін сөз қылды: “азаматтық қоғамды қалыптастырамыз дейміз. Бірақ, азаматтық қоғамды қалыптастыруда осындай қоғамдық ұйымдардың рөлі - үлкен. Ешбір жалақы, болмаса бұйрықпен жасалмайтын жұмыстар болады. Осындай қоғамдық жұмысқа белсене араласатын адамдардың мемлекетке, халыққа деген, біздің кәсіби ортамызға деген үлкен сүйіспеншілігі жатыр деп ойлаймын. 365 күннің 365-інде осы клубтың жұмысына кез келген уақытта дайын тұратыны әрбір облыс, аудандағы әріптестеріміздің байланысқа шығуына олардың әртүрлі деңгейде, әртүрлі жаста болып жататын мерейтойларының барлығын әріптестік назарда ұстап, бас редакторлардың бәрін түгендеп жүретін осы - Мұратбек Балқыбекұлы. Облыстағы, аудандағы біздің әріптестеріміз ықыласын білдіріп жатыр. Ұрпақтардың сабақтастығын жалғастырып келе жатқан, бас редакторларымыздың бүгінгі күнгі жасап жатқан жұмыстарын зерделеу, зерттеу тұрғысынан көп назарға алына бермейді. Әдебиет саласында көп зерттеулер жасалғанымен біздің журналистикадағы әріптестеріміздің еңбектері ғылыми тұрғыда бағалана бермейді. Осы тұрғыда бас редакторлар клубы мен біздің өскелең жас журналистерміздің, студенттердің арасындағы алтын көпір болып, олардың әртүрлі редакцияларда тек қана тәжірибеден ғана өтпей, олардың еңбегін шынайы көріп, бағалап әрі қарай карьерасының басталуына жол ашып отыр. Мұратбек Балқыбекұлы бүгінгі күнге ғана емес болашаққа да қызмет етіп жатыр. Клубтың әлеуетін көтеру арқылы еліміздегі бас редакторлардың, журналистердің еңбегінің бағалануына үлес қосып жатыр”. Терең толғамды ойын түйіндей келе, Бибігүл Нұрғалиқызы ҚР Парламент Сенаты Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың ізгі тілекке толы құттықтау хатын жеткізіп, өз атынан “Әлихан Бөкейхан” авторлық шапанын сыйға тартты.
Мықты ұйымдастырушы ретінде халықаралық дәрежеде танылу керек болса, Тоқтағазин танылу керек...
Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, ҚР ҰҒА академигі, TURKSOY Халықаралық ұйымының Бас хатшысының Қазақстан бойынша өкілі ретінде Кәрімбек Арыстанбекұлы Құрманалиев TURKSOY Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Әкімұлы Раевтың құттықтауын ала келіп, Халықаралық “Ахмет Байтұрсынұлы” медалін табыстады. Кәрімбек Арыстанбекұлы конференцияда “Профессор Мұратбек Тоқтағазин: қаламгер, қайраткер, ғалым” деп атаған баяндамасын оқыды: “Тоқтамайтын Тоқтағазинді танығалы 40 жылдан асыпты. Оның себебі де бар. Қазіргі Абылай хан атындағы Әлем тілдері университеті ол кездегі Алматы Педогогикалық Шет тілдер институтының студенттері болып жүрген кезде біз Мұратбектің апайы Камалхан Тоқтағазинамен бір топта оқыдық. Камалханның інісі Алматыға журфакқа түсіп келді, сол кезде бірден ұнады. Танысқан жоқпыз әлі. Бірден іші бауырымызға кіріп кетті. Тіл табысып кеттік. Қасында керемет сұңғақ бойлы, қыздар көрсе қызығатын бір жігітпен келді. Ол жігіттің аты бүгінгі мемлекет қайраткері - Бауыржан Жұмаханұлы. Мұратбек туралы қанша тырысқанмен Баукеңнен асырып айта алмаймын. Бес жыл бір бөлмеде жатып, қырық жыл сырлас дос болған азаматтар ғой. Менің білетінім, Мұратбек - ақпараттың айдынында еркін жүзген журналист. Бүкіл Қазақстанның басылымдарында ол туралы көптеген материал жарияланды. Мұндай болған емес. Қай өңірге барса да, сый-құрметке бөленеді. Мен жақында Ақтөбеге Құдайберген Жұбановтың 125 жылдығына барып, бас баяндамашы болып қайттым. Ақтөбеде Тоқтағазиннің портреті ілініп тұр ғой. Ол туралы мақала шыққан газеттер де таратылып жатыр ғой. Ол - бедел. Одан бөлек “Бас редакторлар клубында” да қызметіне берік. Мықты ұйымдастырушы ретінде халықаралық дәрежеде танылу керек болса, Тоқтағазин танылу керек деп ойлаймын. 60-жылдығыңызда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы медальді бердік қой. Енді 70-жылдығыңызға Әлихан Бөкейхан медаліне жұмыстана беріңіз!”
Отандық медиа кеңістікте шығармашылық ерекшелігімен дараланған тұлғалардың бірі...
Министрліктер үйінен ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаевадан, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен, “Amanat” партиясы атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектен, қазақ даласының түкпір-түкпіріндегі әкімдіктерден оның ішінде Абай облысы әкімі Нұрлан Ұранхаевтан, Ақмола облысы әкімі Марат Ахметжановтан, Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдыдан және Мұратбек Балқыбекұлының туған топырағы Аягөз ауданы әкімі Қанат Әділбайдан, тағы сол сияқты мемлекеттік, қоғамдық ұйымдардан мерейтой иесіне құттықтау хаттары толастамады.
Туған жерден ыстық сәлем әкелген Аягөз ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Молдабаев аудан Мәслихатының “Аягөз ауданының құрметті азаматы” атағын және әкімдіктің “Аягөз мақтанышы” төсбелгісін табыстады. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің төл марапаты “Күлтегін” медалі Мұратбек Тоқтағазиннің кеудесіне тағылды.
Ғалым Мұратбек Тоқтағазиннің ғылымға қосқан үлесі туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: “Азамат өміріндегі белді бір белес 60 жасқа толуыңызбен құттықтаймыз. Сіз Отандық медиа кеңістікте шығармашылық ерекшелігімен дараланған тұлғалардың бірі де, бірегейісіз! Қазақ Мемлекеттік университетінен түлеп ұшып Ақмола облысының “Арқа жары”, “Егемен Қазақстан” газеттерінде шыңдалып, қазақ журналистикасының көрнекті өкілдерінің бірі деңгейіне көтерілдіңіз! Еліміздегі беделді қоғамдық ұйым “Бас редакторлар клубының” вице-президенті қызметінде де журналистердің мүддесі үшін жасаған еңбегіңіз - орасан. Сіздің Scopus, ВАК, ККСОН әлемдегі ең ірі деректер базаларындағы ғылыми материалдарыңызға жиі сілтемелер жасалынады. Ғылым жолындағы жұмысыңыздың жемісті болуына, шығармашылық деңгейіңіздің көтеріле беруіне тілектеспіз” деп құттықтау хатында жазыпты.
Практик-журналист, ғалым-журналист, ұлтшыл-журналист, қоғамда қайраткерлігімен тұғырында нық тұрған журналист...
Қазақстанның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының ректорлары да жер-шалғайлыққа қарамастан құттықтауларын жолдады. Журналист болып, ел ісіне араласуға септігін тигізген, сырға толы студенттік жылдар сыйлаған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті өкіл ретінде филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Хамзаұлы Хамзинді елордаға аттандырып, “Қара шаңырақ ҚазҰУ өзіңіздей шәкіртті әрдайым мақтан тұтады. Қазіргі игі бастамаларыңыз, алдағы жоспарларыңыз жемісті болсын. Жақындарыңыз бен әріптестеріңіздің алғысын алып, ел алдында мәртебеңіз арта берсін” деп басталатын құттықтау хатымен қоса, үстіміздегі жылы 90-жылдық мерейтойын атап өткелі отырған “Журналистика” факультетінің “Ұлт зиялыларының ұясы” жинақ-кітабын сыйға тартты.
Жиырма бестен астам академик шыққан Ертіс жағасындағы С.Торайғыров атындағы Павлодар университетінің өкілі ретінде кафедра меңгерушісі Айман Зейнулина Мұратбек Балқыбекұлымен студенттік шақта өткен естеліктерін айтты. “Студенттік жылдарымызда бізде Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев сияқты мықты академиктер бар. Солардың дәрістерін тыңдайсыңдар ма деп, бізге ЖенПИ-ден КазГУ-ге жол ашып берген жігіттердің бірі Мұратбек еді. Тынымсыз Тоқтағазинге рақмет айтамын. Әрбір жоғары оқу орнында бақытты, мықты топтар болады. Сол топқа ақылы мен саяси санасы толысқан студенттер келеді. Сол 80-жылдары Қазақ Ұлттық университетіне Мұратбек бастаған жақсы журналистер келіп түсіп, сол топ бүгінгі күнге дейін қазақ еліне қызмет етіп жүр. Павлодар университетінде алғаш журналистика кафедрасы ашылған кезде мен меңгеруші болдым. Сонда тағы да осы азаматтар ғылым бағытына дұрыс жол сілтеп, студенттер даярлауда көмектерін тигізді. Тоқтағазин сол кезде тоқтай алмай, басқа жақта жүріп бізге жете алмай қалды. Бірақ, телефонмен күні-түні “Айман, сен не беріп жатсың, не оқытып жатсың, қандай адамдар сабақ беріп жатыр?” деп әңгіртаяқ ойнатқан бір мықты әріптесім деп білемін. Бүгін сол Ертіс-Баян өңіріндегі сол кезде біздің кафедраны тәмамдаған шәкірттеріміз ел мүддесі үшін үлкен қызметтер атқарып жүр. Менің бастығым Мұратбекке практик-журналист, ғалым-журналист, ұлтшыл-журналист, қоғам қайраткерлігімен тұғырында нық тұрған журналист деп комплимент айтып сәлемдемесін жеткізуімді тапсырды” дей келе, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының “Сөз құдіреті” үштомдық жинағы мен өз атынан сый-сыяпат жасады.
Ер түріктің бесігі саналатын киелі Түркістандағы А.Ясауи атындағы Қазақ-түрік университетінің ректорынан, Алатау баурайындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректорынан құттықтау хаттары келді. Мұратбек Балқыбекұлының төл шәкірті Гүлмира Амангелдиева ұстазына академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті ректорының сәлемдемесін алып келді.
Факультетіміз үшін оның өрісін кеңейтуге, мәртебесін өсіруге Мұратбек Балқыбекұлының еңбегі - ерекше...
Алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Қайрат Өмірбайұлы Сақ ғалым-Мұратбек Балқыбекұлы туралы тұшымды пікір білдірді: “Еуразия ұлттық университетінде, оның ішінде Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінде жұмыс істеп жатқаны - Мұратбек Балқыбекұлының бір бақыты. Ал енді, факультетіміз үшін оның өрісін кеңейтуге, мәртебесін өсіруге Мұратбек Балқыбекұлының да еңбегі ерекше. Оны осы конференцияға қатысқан барлықтарыныңыз айтып жатырсыздар, жазып жатырсыздар. Мұратбек Балқыбекұлы бүгінгі отырыстан кейін шабыт алып, еңбегі еселеніп, факультеттің көптеген көрсеткіштерінің ілгері озуына қанаттанып, үлкен қызмет етеді деп білеміз. Осы жолда жеңіс тілейміз. Факультетіміздің республика көлемінде журналистика бойынша алдыңғы шепте білім беріп жатқанына ұжымның қызметі соның ішінде Мұратбек Балқыбекұлының орны - орасан. Ынтымағымыз жарасып, осы бағытта жұмысты алға жылжыта берсек, факультетіміздің де, университетіміздің де абыройы аса береді. Сол жолда бірге еңбек ете беруді жазсын. Қолыңыздан қаламыңыз түспей, “тоқтамайтын Тоқтағазин” болып жүзге дейін жорта беріңіз!”,- дей келіп, қаламмен қаруланған мамандарды дайындайтын ұйымшыл ұжым дөңгелек тойға арнап әріптестерінің иығына зерлі шапан жауып, астына ат мінгізді.
Егемендіктің елең-алаңындағы Мұратбек Балқыбекұлының іс-қимылы - кейінгі толқынға өнеге.
Мұратбек Балқыбекұлының жегені жантақ, арқалағаны алтын қауымның мүддесі үшін қылған қызметі хақында “Қазақ газеттері” ЖШС Бас директорының орынбасары Қамбар Жұмағалиұлы: “Мұратбек ағамыздың 60 жасқа дейінгі жеткен жетістігін жақсы білеміз. Соның ішінде қайраткерлігінің, ұйымдастырушылық қабілетінің ең бір жарқырап көрінген сәттері, осы алпысқа дейінгі абыроймен жеткен жарқын сәттері біздің ел газеті “Егемен Қазақстанмен” тығыз байланысты. Оны “Егемендегі” алдыңғы буын ағалардан жиі естиміз. Атап айтқанда, ел газеті Алматыдан Арқаға қоныс аударған кезде қарсы алып, орналастыру жұмыстарына ат салысып, тілшілердің пәтерлі болуына үлес қосқанын ел іші құрметпен айтады” деген пікірін білдіріп, іссапарда жүрген Қазақ газеттері” ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлының сәлемдемесін оқыды: «Сіз, қаламгерлік қабілетіңіз бен қажырлы қайратыңыздың арқасында Отандық баспасөзге ерекше еңбек сіңірдіңіз. Журналистік жылнамаңыздың бел-белестерінде беделді басылымдарда қызмет етіп, өзекті де өткір тақырыптарға қалам сілтедіңіз. Небәрі 25 жасыңызда Целиноград қалалық кеңесінде депутат болып облыстың тарихи атауын қайтару ісіне белсене ат салысқаныңызды білеміз. Егемендіктің елең-алаңындағы дәл осы іс-қимылыңыз кейінгі толқынға өнеге. Қазір журналистік қызметіңізбен қатар ғылыми ізденістеріңізді абыроймен атқарып келесіз. Көсемсөздің көп қырлы мәселесін зерделей отырып, бірнеше оқу құралын шығардыңыз. Сондай-ақ ғылыми зерттеу мақалаларыңыз халықаралық басылым беттерінде жарық көрді. Еліміздің іргелі басылымдары басшыларының басын қосқан беделді ұйым бас редакторлар клубының вице-президенті ретіндегі атқарып жүрген қажырлы еңбегіңіз - өз алдына бір төбе.»
Мұратбек ағамды танымайтын түрік жоқ, өзім демейтін өзбек жоқ, құшақтамаған қырғыз қалмады...
Республикалық “Abai TV” телеарнасының директоры Еркін Таңатқанұлы Мұхамеджанов Мұратбек Тоқтағазиннің есімін өз жадында “ертең үшін қызмет қылып жүрген аға” ретінде сақтағанын жеткізді: “Елден естігенді, газеттен оқығанды емес, өзімнің көргенімді айтайын. «Азаматты танығың келсе, сапарға бірге шық» деген қазақтың жақсы тәмсілі бар. Мұратбек ағамен өткен тамызда ғана алдымен Ташкент, ары қарай Самарқандқа халықаралық медиаконгресске бардық. Сол кезде ағамды ғажап қырынан таныдым. Халықаралық шара болғаннан кейін, түркіге ортақ шаһар болғаннан кейін, бауырлас өлкелерден әріптестеріміз келіп жатты. Сол кезде Мұратбек ағамды танымайтын түрік жоқ, өзім демейтін өзбек жоқ, құшақтамаған қырғыз қалмады. Қазіргі өзі жұмыс істеп жүрген Еуразия Ұлттық университетінің мүддесін, оқытып жүрген шәкірттерін сол елмен тәжірибе алмасу, сол жаққа жіберу, ғалымдарын бері қарай алдыру мәселелерін шетте қалдырмай, бір аптаның ішінде негізгі жұмысымыздан бөлек соның барлығымен айналысты. Неше түрлі меморандумдарға келісіп жүрді. Мен де осы университеттің түлегімін. Шәкірт ретінде осы оқу орнында Мұратбек ағамдай ұстаздың жұмыс істеп жатқанына қуандым”. Оған қоса, “Qazaqstan” республикалық телерадиокорпорациясынан алып келген ыстық ықыласқа толы құттықтауын жеткізді. “Хабар Агенттігі” АҚ Басқарма төрағасы Кемелбек Бақтығұлұлы, “Nur Media” холдингінің бас директоры Бақтияр Мәкенұлы, “Айқын-Литер” ЖШС директоры Талғат Ешенұлы, “Elorda aqparat” ЖШС директоры Олжас Дәуренұлы Сыдықбек, “Alatay aqparat” медиахолдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлы Төлек, республикалық “Түркістан” газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы сияқты және тағы басқа бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары өз құттықтауларын жолдады.
Еңбектерінің қай-қайсына қарап отырсаң, Мұратбектің өзінің баяны, қолтаңбасы, көзқарасы байқалады...
Алқалы жиында филология ғылымдарының докторы, профессор Рақымжан Тұрысбек қабырғалы қаламгер Әзілхан Нұршайықовқа арналған Мұратбек Балқыбекұлының зерттеушілік һәм ізденімпаздық қырын талдап айтты: “Мұратбек асқан биік белес өте көп. Соның бірі - ғылым. Ол ғылым - әйгілі Әзілхан Нұршайықов жайлы. Әзағаңды көрді. Қатар жүрді. Кездесулер жасады, сұхбаттар жасады. Мұратбек жазушы еңбегі, шығармашылық зертхана соның жай-жапсары дегенге енді. Жұрттың қолына әйгілі «Әз-аға» деген кітап тиді. Естеліктер, эсселер бар, бір қарыс кітап. Соның алғашқы бетінде Мүкең алғы сөзін жазған, құрастырған, Әзағаңның мың сан қырын ашқан. Араға біраз жыл салып, “Замансөз заңғары” деген кітап шығарды. Тағы да Әзағаң жайлы, сол кісі жүріп өткен жол, биіктер мен рухани сапарлар жайлы. Ал енді, осы еңбектердің қай-қайсына қарап отырсаң, Мұратбектің өзінің баяны, қолтаңбасы, көзқарасы байқалады. Ол - деректік бағытқа ендеп енетіндігі, сол деректерді көркемдік жағдаяттармен көркемдік кеңістіктердің аясында ашатындығы. Біздің Мүкеңнің Әзілхан Нұршайықовты зерттеу еңбектерінен, құрастырған жинақтарынан осы мазмұн байқалады. Ендеше, Мүке баяныңыз жалғасты болсын!”
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәуле Есембекқызы Тапанова Нұршайықовтың шығармашылығы және әзілхантанушы Мұратбек Тоқтағазиннің ғылыми тұжырымдары хақындағы баяндамасында “Мұратбекті айтқанда оның зерттеушілігін атап өтпеу мүмкін емес. Қазақстаннның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың қазақ әдебиеті мен журналистикасындағы орны туралы Мұратбектің мына сөзін тілге тиек ету керек: “Әзілхан Нұршайықов - алыптар тобының М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин сияқты біртуар тұлғалармен көздері тірісінде тікелей араласып, дәм-тұздас болып өнеге-үлгісін көрген солардың тамаша дәстүрлерін ХХІ ғасырға жеткізе алған саусақпен санарлық қаламгерлердің бірі”. Осындай керемет баға берген М.Тоқтағазиннің әзілхантанушы ретінде әрі қарай қаншама қырларын айта беруге болады. Өз ойымды аяқтай келе, ғалым Тоқтағазиннің мына қырына тоқталып өтсем деймін. Өте шапшаң, зерек ғалым ретінде Әзілхан Нұршайықов шығармалары деректік сипатымен және көркемдік шешімімен ерекшеленіп, оның мәлімет жинау тәсілдерінің бірсыпырасына талдау жасап, оның ішіндегі жазушының қазақ тілінде жарық көрген көлемі үш жүз баспа табақтан асқан, орыс және шетел тілдеріне аударылған жүз елу баспа табақ кітап болып шықпаған, жүз баспа табақтан аса көркем шығармалар да ғалымның назарынан тыс қалмағанын міндетті түрде айтып кету орынды”.
Мұратбек ағамыздың даңғыл жолы бізге үлгі болды...
Қазақ журналистикасының қарымды өкілі Мұратбек Тоқтағазиннің ізінен ерген інісі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазин отырысқа қатысып, әріптесі емес, бауыры ретінде алдыңғы арба ағасына ақжарма тілегін білдірді.
“Біз шыққан ауыл - Шығыстағы Аягөздің Тарбағатай деген кішкентай мекенжайы. Туған жерден шыққан қаламгерлер болды. Ерғазы Рахимов деген ағамыз Аягөз төңірегінде, аудандық газетте жұмыс істеді. Ал, алғаш болып КазГУ-ге журналистика факультетіне оқуға кетіп, әрі қарай республикалық деңгейде қалам тартқан ағамыз осы - Мұратбек Тоқтағазин еді. Ол кісіден кейін біздің ауылдан бір топ азамат ағамыздың ізін басып, әдебиетке, журналистикаға келе бастады. Оның қатарында Талғат Ешенұлы бар, Қанат Жүнісов бар, мен тұрмын, Медет Салықов деген сазгер бауырымыз бар, бізден кейін де бірнеше журналист шықты. Айта берсең, тізімі - ұзақ. Мұратбек ағамыздың даңғыл жолы бізге үлгі болды. Біз мектеп қабырғасында жүргенде совхозымыздың директоры “Мұра” деген ауыл туралы үлкен кітап шығарды. Сол кітапта Мұратбек ағамыздың өмірбаяны кереметтей етіп жазылған. Баламыз ғой. Кітапты оқып отырып, бала қиялымызға қанат бітіп, “біз де журналист боламыз, біз де үлкен өмірге, қаламгерлікке араласа аламыз” деген үлкен мұратпен, ниетпен әдебиетке, журналистикаға келген жайымыз бар”.
Қорыта айтқанда, қазақ журналистикасының ардагері, қазақ баспасөзінің дамуында өзіндік із қалдырған тұлғаның өмірі мен кәсіби жолы – тынымсыз еңбек, табандылық пен кәсіби шеберліктің үлгісі. Бүгінгі күнде 60 жасқа толған журналист мыңдаған жас шәкіртке ізгі жол көрсетіп, өз тәжірибесімен бөлісіп келеді. Мұратбек Тоқтағазиннің халықтың мұң-мұқтажын, әділетсіздікті ашып көрсету, мемлекеттік маңызды тақырыптарды көтеру, ғылымдағы жаңашылдық жолындағы еңбегі, оның журналистикаға қосқан үлесі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қоғам үшін маңызды болып қала бермек.
Шаттық Сәдуақас